Аса пайдалы 5 түрлі дән мен 5 түрлі жеміс

30.05.2018
Қаралды: 233

Шымкенттегі №1 емханада Жылқыайдар есімді жігіт нау­қастарға қызмет көрсетеді. Тірек-қимыл мүшелерін емдеуге маманданған онымен біз таяуда сұхбаттас болған едік. Сонда ол адам ағзасы үшін аса пайдалы бірқатар дәндер мен жемістер жайында айтты. Біз оқырмандарымыздың да біле жүргені жөн-ау деген оймен бұл туралы газетте жариялауды шештік. «Мен бұрын Оңтүстік өңірінде емшілік еткен қытайлық Жан Пин Де деген азаматқа шәкірт болып, одан біраз нәрсе үйренгенмін. Ол кісі қазір өмірде жоқ. Бүгінде одан алған дәрістер бойынша адам емдеудемін, – дейді Жылқыайдар. – Жан Пин Де кейде машты суға қайнатып, оның тұнбасын ішуші еді, ал дәнін тауық балапандарына бере салатын. «Маштың өзін неге жемейсіз?» – десем: «Осының өзі де жетеді, маңызы тұнбасына шығады ғой. Бұл қандағы қант мөлшерін реттеп отыруға жақсы», – дейтін.

 

 

Жалпы, біз жақта машты аз егеді ғой. Оны көбіне Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және олармен көршілес басқа елдерден әкеледі. Негізінен оны біздің Оңтүстік өңіріне ексе де бітік шығар еді.

 

Сұлы мен тарының да қуаты мол, олар да ағзаға пайдалы екен. Сондықтан етті тым көп жей бермей, бұл дәндерді, олардан жасалған ботқаларды да жеп тұрған жақсы, олар әсіресе ішкі құрылыс­қа пайдалы. Олардан көже ашытып ішсе, суға қайнатып, сүт немесе айран қатып ішсе тіпті жақсы. Сол сияқты, ноқат (бұршақтұқымдастар), күріш, бидай да пайдалы. Олардан да асты осындай жолмен дайындап ішуге болады.

 

Менің марқұм нағашы әжем Қализа Үсіпқызының да осындай азықтардың адам ағзасына пайдасы жөнінде білетіні көп еді. Ол кісі әсіресе жемістерден 5 түрін атап айтатын. Олар мынадай: құрма, мейіз, жаңғақ, алма мен өрік қағы және жиде. «Осыларды жеп жүрген адам қуатты болады, ауырмайды. Бұл жемістермен той-томалақты атқаруға да, ас, құдайы беруге де, құран оқытып, дұға бағыштауға да болады», – деп отыратын. Осылардың ішінде жиденің қанның құрамын реттейтін қасиеті бар екен».

 

Жылқыайдар осылай дейді. Ол бүгінде адамдар арасында неше түрлі аурулардың көбейіп кеткенін айтады.

 

«Мұның бәрі ұлттық тағамдарымыздан қол үзгеннен, сырттан келген азықтарды, жартылай фабрикаттарды жиі тұтынатындығымыздан. Оның үстіне қимыл-қозғалысымыз азайды. Әсіресе зиянды сусындарды көп пайдаланатын болдық. Ал олар қан құрамын бұзады, құрамындағы түрлі қоспалар ағзаға зия­нын тигізеді.

 

Осыны білген Өзбекстанның «Кока-кола» және тағы басқадай сусындарды шығармайтын бол­ғанына 10 жылдан асты, оған заң жүзінде тыйым салынған. Ал бізде мұндай сусын шығаратын зауыттар толықтай жұмыс істеп тұр. Осындай себептермен және қимыл-қозғалыстың аздығынан бізде денсаулығы нашарлар, әсіресе қан қысымы жоғарылар тіпті көбейіп кетті», – дейді Жылқыайдар.

 

Ендеше осы айтылғандарды есте ұстай жүрген жөн-ау. Бұдан әсіресе  балаларды сақтандырып отыру керек. Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жақсы ғой.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ