100 сомың болған жақсы ма, әлде 100 досың болғаны дұрыс па?

30.05.2018
Қаралды: 94

Маған хат жазатын қыздардың көбі «Ақшаны табудай-ақ табамыз, бірақ судай ағып кетеді. Жинай алмаймыз. Қанша тапсам – сонша құртамын, ақша жинауды үйретіңізші» деп өтінеді.

 

Жалпы, біздің санамызда баяғыдан «Ақша – қолдың кірі», «Ақшаның құлы болма!», «100 сомың болғанша, 100 досың болсын» деген ақшаға қатысты негативті ақпарат сіңіп қалған. Яғни оны қажет емес дүниеге айналдырып тастау сигналы ойнайды. Бұл стереотиптен бас тарту керек. Керісінше, ақшаны жақсы көріңіз, онымен сөйлесіңіз, күнде таңертең тұрғанда әмияныңызды ашып, теңгелеріңізді санап, реттеп салыңыз. Умаждап, «бәрібір қазір біреуге берем ғой» деп сумкаңызға лақтыра салмаңыз. Сыйғанынша әмияныңыз­ға реттеп жайғастырыңыз. Өйткені ақшаның өз энергиясы бар.

 

«Менде ақша тұрмайды» деп қайғырмаңыз. Жақсылыққа жұмсап жатсаңыз – ғанибет. Керісінше, сіз өзіңізге одан да көп байлық шақырып жатырсыз. Сіз қаншалықты ақшаңызды игі істерге жұмсадыңыз, яғни, киіміңіз, тамағыңыз, сұлулығыңызға ақша шығындасаңыз, соншалықты ол сізге қызмет етті деген сөз. «Осы коммуналдық төлемдердің түбіртегі ай сайын келіп қалады, өкіртіп жазыпты» деп ақшаны жынданып төлегеннің орнына, «Қандай керемет, маған қанша адам қызмет көрсетті, үйім жылы, газым жанып тұр, ыстық су, мұздай суым келіп тұр» деп сол мекемелерде сізге қызмет көрсеткен адамға алғыс білдіріп ақша төлеп үйреніңіз.

 

Кафеде тамақ ішіп болған соң азын-аулақ болса да даяшыға қызметі үшін ақшалай раxмет айтуды ұмытпаңыз. Ол сізге он есе боп қайтады. Ақшаны қатты қысып та ұстамаңыз, шашып та тастамаңыз. Алақаныңыз жартылай ашық, жартылай жабық болғаны абзал.

 

Өзіңізден аямаңыз, сіз – маңызды капиталсыз. Денсаулығыңызды жылына бір рет тексертіңіз. Әсіресе, тісіңізді... Білімге де ақша аямаңыз. Өсіп-жетілуге, күніне кем дегенде бір нәрсе білуге, үйренуге мән беріңіз.

 

Әмияныңызды реттеп жүріңіз. Сары қағазға өзіңіздің ақша шақыратын кодыңыз бен (туған күн, ай, жыл нөлсіз жазылады) қаржы кодыңызды (туған күн сосын ай сосын жылыңыздың қорытынды сандарын қосқанда шығатын 4 таңбалы код) жазып қойыңыз.

 

Егер әмияныңыз әрдайым бос болып, ақша тұрмаса, онда оны жаңасына ауыстырыңыз. Сосын оған ескі әмияндағы затты салмаңыз. Бәрін жаңалаңыз.

 

Жаңа ай туғанда әмияныңызды босатып, ішіндегі заттарының бәрін шығарып терезенің алдына бір түн қойып алыңыздар. Және айлық алған күні оны түні бойы айнаның алдына қаратып қойыңыз. Табысыңыз еселене түседі.

 

Әмиянға оралсақ, оның ішіндегі ақшада адамның суреті болса сізге қарап тұрғаны дұрыс. Және бүктелмейтін әмиян алыңыз.

 

Жалпы, ақшаға қатысты ырымдарды дінмен шатастырудың қажеті жоқ. Аллаға сеніңіз, оның құдіретіне шек келтірмеңіз. Сондай-ақ ғылымға да сүйеніп, ақша шақыратын, оны көбейтетін амалдарды да жасап көрудің артықтығы жоқ.

 

Айнұр АСАНБЕРДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ