Енеңізді елжірей жақсы көріңіз

30.05.2018
Қаралды: 462

Өз туған отбасында емін-еркін өскен қыз өзге елге келін болғасын ол ортаға сіңісіп кетуі керек. Осы орайда енемен қарым-қатынасты реттеп алудың маңызы зор. Ендеше, келіндерге кеңес:

 

Бірінші кезекте енеңізге ұнауға тырысыңыз. Әрине, жалбақтап, жөнсіз емес, жөнімен, орнымен. Сосын енеңізбен дос болып кетуді ойлаңыз.

 

Көп жағдайда ененің келінге көзқарасы сақтау болады, ол да келінім ұнай ма, жақсы қарым-қатынаста боламыз ба деп толғанады.

 

Ал егер араға қызғаныш араласса, ол да қиын. Ене келінді өз ұлынан ажырататын күш ретінде жек көріп кетеді. Ал мұндай жағдайды бетімен жіберуге болмайды. Келін ененің тілін табуды ойлауы керек. Әйтпесе күйеу әйелі мен анасының арасында отқа түскендей күй кешіп, әбіржиді. Міне, сондықтан да келін әрекет жасауы керек. Ол енемен қалайда достасу жолын іздегені жөн.

 

Енеге ұнау үшін алдымен оны ұнату керек. Оның бойынан тек жақсы қасиеттер ғана іздеңіз.

 

Өте мұқият болыңыз. Ақылдасып-сырласып, хал-жағдайын сұрап тұру керек. Мерекелермен мін­детті түрде құттықтаңыз. Немерелерімен бірге болуы­на жағдай жасаңыз.

 

Енеге күйеуіңіз арқылы да ұнауға тырысыңыз,­ оған анасын орнымен мақтап отырыңыз. Күйеу мен ене түсініспей қалса, міндетті түрде енені жақтап, оған әйел ынтымақтастығын көрсетіңіз. Мұны күйеуіңіз сәті келген кезде анасына айтады. Сонда ол сізді бәсекелес деп емес, дос деп қабылдайтын болады.

 

Күйеуіңіз мереке күндері анасын міндетті түрде құттықтауына жағдай жасаңыз. Егер ол бұрын мұндайды істемеген болса, анасы бұған сіздің ықпалыңыз болғанын білетін болады. Ол сізді өзіне жақын тарта түседі.

 

Әрқашан да әдепті, ұстамды, сабырлы болыңыз. Қонақ келсе, күліп қарсы алыңыз. Олардың көзінше енеңізге сый-құрмет көбірек көрсетіп, ол кісінің айтқанын екі етпейтініңізді білдіріңіз. 

 

Дастархан басында, өзара әңгімелескен кезде енеңізден бұрын сөйлемеңіз. Оны көбірек сөйлетіп, ал өзіңіз оны мұқият тыңдауға тырысыңыз. Керек жерінде ол кісіні қостайтыныңызды қас-қабағыңыздан білдіріп отырыңыз.

 

Қыздары, құрбылары, көрші-қолаң үйіңізге келер болса, енеңіздің олармен оңаша сөйлесуіне мүмкіндік жасаңыз. Сізге айта алмайтын кейбір реніштері мен сырлары болса, соларға айтып жеңілдеп қалады.

 

Енеңізді жақсы көруге тырысыңыз. Күні ертең өзіңіздің де біреуге ене болатыныңызды, оның сізге қалай қарайтынын осы бастан ойланыңыз. Үлкенді сыйлап, құрмет көрсеткеннен ешкім кеміп қалмайтыны жадыңызда жүрсін! 

 

...Қысқасы, жақсы келін болу сіздің қолыңызда, бұл арқылы енені де жақсы ете аласыз.  

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ