Туған бауырымдай болған еді

30.05.2018
Қаралды: 378

Егер арамызда жүргенде белгілі журналист Рүстем Жолдасмұратұлы Өмірзақовтың 68 жасқа толғанын өзімен бірге атап өткен болар едік-ау… Бірақ амал қанша, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетіне отыз жылдай басшылық жасаған ол кісі өткен жылдың 14-ші тамызында кенеттен дүниеден озған еді. Ол журналистер қауымына ауыр соққы болып тиді. Рекеңді достары мен әріптестері, туған-туыстары ақ жуып, арулап мәңгілік сапарға шығарып салды.

 

Бұдан 24 жыл бұрын, яғни 1994-жылдың жазында аудан орталығынан шалғайдағы Мақталы ауылында жүрген мені «Шамшырақ» газетінің бас редакторы Рүстем Өмірзақов қызметке шақырған еді. Күтпеген ұсыныстан бір сәт есеңгіреп қалғаным рас. Журналистер даярлайтын жоғары оқу орнында оқымаған, арнайы дипломы да жоқ ауылдың қарапайым баласы бұл жауапты орында қызмет ете ала ма? Сенім үдесінен шыға ала ма? Оның үстіне ол жақта үй-күйің де болмаса…

 

Осылайша қайтсем екен деп жүргенде анам: «Неге сонша аһілеп-уһілеп жүрсің? Қызметке шақырса, бар. Шамаңа қарап біраз істеп көр. Егер көндіге алмасаң шығып кете салуың оңай ғой. Тым болмаса қыс түскенше істей тұр», –деді менің намысымды қамшылай түсіп.

 

Сонымен, шілде айының аяғында «Шамшыраққа» келдім. Маған фототілші Әбдісаттар Әлібаевпен бір бөлмеде қатар отыру бақыты тиді. Күнде автобуспен келіп-кететін жаңа тілшіге көбінесе тапсырма өзім тұратын оңтүстік аймақтан беріліп жатты. Қай шаруашылық астық оруда,қай жерде жер жыртылуда? Одан өзге қандай жаңалықтар орын алуда? Міне, мен ең алғаш осындай тапсырмаларды там-тұмдап орындай бастадым. Сөйтсем, редакцияда бұрыннан істейтіндер де кәдімгі ет пен сүйектен жаралған жандар екен ғой.

 

Ең бастысы, редактор менің еркін жұмыс істеуіме мүмкіндік берді. Жазғандарыма қызыл қаламның ұшын тигізуге асыға қоймады. Шамасы бекерге мысын басып, үркітіп алам ба деген ойы болса керек. Әйтеуір маған көбінесе еркіндік беріп, жазғандарыма қылау түсірмей жарыққа шығарып жүрген алғашқы редакторым – Рекеңе деген алғысым шексіз еді.

 

 Ал одан кейінгі қамқоршым газеттің сол кездегі жауапты хатшысы Сайдулла Саттарханов марқұм болатын. Өз басым Сәкеңдей  газет үшін туған жанды көрмеппін. Жауапты хатшы газеттің моторы десек, сол моторымыздың нақ өзі Сәкең болатын. Ол газетті қалай безендірудің, айдарларына сай баратын мақалалардың жол сілтеушісі іспеттес еді. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында сылбыр жазылған мақаланың өзі түрленіп шыға келуші еді.

 

Рүстем Өмірзақов «Шамшырақты» 30 жылға жуық басқарды. Осы жылдар ішінде ол талай аудан басшылармен бірге қыз­метістеді, талай қуаныш пен ренішті сәттердің куәсі болды. Бірақ өзінің жайдары  мінезімен, ақкөңілділігімен достары арасында үлкен құрметке бөленді.

 

Әрине, редакцияда олардан да бөлек журналистер аз болмады. Дегенмен «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, мен үшін газет редакторы Рүстем Өмірзақов пен газеттің жауапты хатшысы Сайдулла Саттархановтың орны ерекше болғаны анық.

 

«Мақаланы қысқа жазуға тырыс. Оның ішінде айтар ойың еркін сыйып тұрғаны дұрыс. Мүмкін болса, көлдей мақаладан бойыңды аулақ салуға ұмтыл. Ол жазғаның көлемді болғанымен оқырманға ой салмаса еткен еңбегіңнің еш кеткені», – деп отырушы еді марқұм Сайдулла ағамыз. Бүгінде қарап отырсам, Сәкеңнің өмірден озғанына да он үш жылға аяқ басып қалыпты. Ал Рекеңнің өмірден өткеніне жарты жылдай уақыт болыпты.

 

Иә, өмір-өзен бір орнында тоқтап қалмайды ғой. Олар бүгінде арамызда жоқ болса да аудандық газет тоқтаусыз шығып жатыр. Сол зулаған тіршіліктің қалқасында ілініп-салынып мен де жүрмін. Арада өткен 24 жылда журналис­тика саласында жарық жұлдыздай жарқырап көрінбесем де өз оқырмандарымды жалықтырмай, бо­йымдағы бар қабілетімді жұмсап келем.  Менің жаманды-жақсылы талантымды дер кезінде аша білген, еңбегімді бағалай білген Рүстем мен Сайдулла ағаларыма деген ризашылығым шексіз. Шынын айтқанда олар менің туған ағаларымдай болып кеткен еді.

 

Жатқан жерлеріңіз жайлы, орныңыз пейіштің төрінен болсын, асыл ағаларым менің!

 

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Орынтай Көмековтің байланыс телефоны: 8-775-327-81-69.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ