Бастархан басқарған ұйымға бас жүлде бұйырды

30.05.2018
Қаралды: 328

Кешегі сәрсенбіде Шымкенттегі Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада қаладағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының байқауы болып өтті. Оны қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Біз осы жиын басталар алдында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбайды сөзге тартқан едік.

 

«Қаламызда 228 бастауыш ардагерлер ұйымдары бар. Олар өздеріне қарасты аумақтарда қоғамдық негізде жұмыс жүргізеді. Бүгінгі байқауға сол ұйымдардың ішінен іріктелген 8-і қатыс­қалы отыр, олар өздерінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырады.

 

Мұндай байқауды біз осымен 4-ші мәрте ұйымдастырудамыз. Байқау қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, қаржылай қолдауымен өткізіледі. Озып шыққандарды арнайы сыйлықтармен, ынталандыру сыйлықтарымен, дипломмен, сертификаттармен марапаттаймыз», – деді Исамудин Нәштайұлы.

 

Бұл іс-шараға Шымкенттің 4 ауданынан 8 бастауыш ардагерлер ұйымының өкілдері қатысып, өздерінің атқарып жүрген жұмыстары жөнінде айтып берді, байқауға арнап жасаған альбомдарын, бейнебаян, стендтерін көрсетті. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан  Мем­лекеттік фармацевтика академиясының, Шымкент мұнай өңдеу зауытының, қаладағы «Сәуле», «Асар», «Хамза» шағын аудандарының, №125-мектептің, Қызылжар, Сайрам елді мекендерінің бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілдері өздерінің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

 

Шымкенттің ардагерлері демалысқа шықтым, болды деп алаңсыз жатқан жоқ екен. Олар зейнеткерлікке шыққан жандармен тығыз байланыс орнатады, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешумен айналысады, қиын жағдайда қалған қарияларға, тұрмысы төмен отбасылар­ға жәрдем жасайды, мерекелік іс-шаралар, жарыстар, концерттер, қариялардың белсенді демалысын ұйымдастырады, емхана, аурухана, шипажайларға жолдама әпереді, шешілмей жатқан коммуналдық мәселелердің жолға қойылуына атсалысады, қысқасы, сырт көзге көріне бермейтін қыруар шаруаларда олардың сіңірген еңбегі жатыр. Ал мұны жұртшылыққа көрсетіп, үлгі-өнеге етіп отыру да – маңызды іс. Бұл орайда бастауыш ұйым өкілдерінің баяндамаларында көпшілікті сүйсіндірген талай әрекеттер жөнінде айтылды.

 

Байқаудың қорытындысын Ақмолда Әбдіманап бастаған әділқазылар алқасы таразылады. Қазылар шешімімен байқауға қатысушылардың 5-еуі ынталандыру сыйлықтарымен (10 мың теңге) және арнайы дипломдармен марапатталды. Ал бірінші орынды жеңіп алған «Қызылжар – Жаңақұрылыс» (Шымкенттің Абай ауданынан) бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бастархан Байжановқа 200 мың теңге және арнайы диплом табысталды. Екінші орынды (150 мың теңге, диплом) «Асар» шағын ауданындағы (Қаратау ауданы) Қалдыбай Рыскелдиев басшылық ететін ардагерлер ұйымы иеленді. Үшінші орын Тұрдәлі Османов басқаратын «Хамза» бастауыш ардагерлер ұйымына (Абай ауданы) бұйырды. Қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан бұдан басқа да қатысушылар мен ұйымдастырушыларға арнайы сыйлықтар тапсырылды.

 

Осы жиынның өз деңгейінде өтуіне әл-Фараби және Қаратау аудандарынан келген әжелер ансамбльдері мен басқа да өнерпаздар атсалысты. Зал ішін ән-жырға бөлеген оларға жұртшылық өте риза болып, қошемет көрсетіп отырды. Әсіресе бірінен кейін бірі суырылып шығып, сырлы да өнегелі мазмұндағы түрлі әндерді шырқаған апаларымыз байқаудың шырайын кіргізе түсті десек болады. Бұған сүйсінген жұртшылық тарапынан алда өнерлі әжелер байқауын өткізу жөнінде де ұсыныс айтылып қалды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Рысбай бұл жайдың да ойда жүргенін айтып, бұйыртса, алдағы уақыттарда көпшілікке тәлім-тәрбиелік жағынан берері мол мұндай байқаулардың да өткізілетініне уәде етті.

 

Жалпы, бұл іс-шара жоғары деңгейде өтті. Мұндай байқаулар болашақта көпшілік адам сыятын кеңірек залдарда  өткізіліп, оны тамашалауға жұртшылық көбірек тартылса, олар одан қажетті ғибрат алар еді деген ойдамыз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ