Мектеп бітіру шығыны 200 мың теңгеге түсіпті

30.05.2018
Қаралды: 332

Соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектердің банкет өткізу мәселесі тартысты бәсекеге айналғаны ешкімге жасырын емес. Қалтаға едәуір салмақ болса да ешкім аянып қалғысы келмейді. Сондағысы – перзентім қатарынан қалмасын, жүзі төмен болмасын дегендік. «Байдың барын шашқызып, жоқтың артын ашса да» бұл бәсекеге әзірше тоқтам болмай тұр. Ұл-қызы 11-сынып­қа аяқ басқаннан әрбір ата-анаға ҰБТ-дан бұрын «соңғы қоңыраудың» әлегі «бас ауру» секілдідей. Осы бастан ақша жинай берейік дейтіндерді де, несие алып, қарызға батқандарды да естідік.

 

Жақында туысымыз неме­ресінің тұсаукесер тойын өткізіп, ерте келген қонақтар дастархан басында түлектердің мектеп бітіру кеші жайлы әңгіме өрбітті. Осылардың ішінде Нағима апайдың былтыр ғана қызының бітіру кешіндегі көзі жеткен жағдайларды баяндап, ол кісінің келтірген «ставкалары» туралы оқырмандармен бө­ліскіміз келді.

 

«Қызым мектепті бітірген жылы отбасымызда қаржылық мәселе бар-тын. «Соңғы қоңырау­дан» бастап, «банкет», «банкетке көйлек», «маевка», «кортежбен серуендеу», «ұстаздарға сыйлық», тағы басқалары жазылған тізімді есептегенде 200 мыңға бір-ақ жетті. Өзім де мұнша шығыннан көзім қарауытып отырғанда мұны әкесіне қалай көрсетемін деген ойдың өзінен қорықтым. Ол ести сала ашуға булықты. «Бұлай мектеп бітірмей-ақ қой! Сыныбыңда кілең миллионерлер оқи ма?! Мынадай қаражатты табу мына заманда кімге оңай болыпты? Болды, бітті, қатыспайсың ешқандай бітіру кешіне!» – деп сөзін шорт кесті. Отағасына бір, қызыма бір жалтақтап, өзімді қоярға жер таппадым. Екеуін де түсініп отырмын. Әйтсе де перзентімнің тілегін орындағым келіп тұр. Өмірінде бір-ақ рет болатын оқиғадан қалдырғым келмей, күйеуімнің тамырын басуға бел будым.

 

Жағдайдың барлығын айтып, қатарынан қалдырмау ата-аналық парызымыз екенін де есіне салып қойдым. «Ертеңгі күні сен рұқсат бермесең, қызың ұяттан өртеніп, бірнәрсеге ұрынса қайтесің?» – дегенімде ойлан­ғандай болды. «Ақшаны қайдан табамыз» дегені жүзінде сайрап тұрғанын байқап, осы тығырықтан шығар жалғыз жол несие алу екенін жеткіздім. «Несиені кім алмай жатыр? Оны бір жылда жауып, құтыламыз, ал қызымыздың еңсесі биік, жүзі жарық болады ғой», – деген уәжіме құлақ асып, ерте­ңіне несие рәсімдеп, қажетті қаржыны қолыма санап берді.

 

Қолға теңге тиісімен бірінші кезекте «соңғы қоңырауға» тікті­ретін біркелкі киімге 20  мың теңге, бастауыштағы және 11-сыныптағы сынып жетекшілеріне тағатын комплект алтынға – 15 мың, «винетка» суретке және барлық шараны түсіретін бейнекамераға, безендірулерге – 10 мың, кортеж көлігі, банкет дастарханы мен басқа да мұға­лімдері мен мектеп директорына кішігірім сыйлықтарға 20  мың теңге апарып бердім. Қалған ақша қызымның көйлегіне (50 мың теңге), туфлиі мен сөмкесіне (30 мың теңге), сұлулық салонына (15 мың теңге) жұмсалды.

 

Осылайша оңай келген қарыз ақша оңай жаратылып кете барды. Перзентім ешкімнен төмен болмай, жайнап жүргенін көргенде қуандым. Әкесі де басқа ұл-қыздарға қарап бұл ісіне өкіне қойған жоқ», – деді Нағима апай.

 

Ол кісіден: «Ата-аналар тарапынан немесе мектеп әкімшілігінен қарсылық білдіргендер болмауы мүмкін емес қой?» – деп сұрағанымызда: «Әрине, болды. Арыз жазамын дегенге дейін барғандар соңында бәсекелестік пиғылдан жеңіліп, өзіміз секілді ұл-қызына уақытша абырой әпе­рудің дұрыс шешім екеніне көз жеткізді», – деді.

 

Бұл жағдай – қала орталығындағы мектептердің бірінде орын алған бір ғана мысал. Ал ауылдағы білім ұялары ше? Ауылдағы ағайындардың мектеп бітіріп отырған ұл-қыздары дәл осылай шаш та, төк шығынға ата-анасын батыра ма?

 

Биыл қызы жаңа өмірге қадам басқалы отырған ауылдағы көрші кісінің мектеп бітіру кешіне қанша қаржы жұмсамақ екенін білдік.

 

«Ата-аналар мен мұғалімдер, мектеп директоры және балаларымыздың басын қосып, ауқымды жиналыс өткіздік. Ақылдаса келе ешкімнің қалтасына күш салмайтындай қаражатқа, яғни кететін шығынды бүге-шігесіне дейін талқылап, 40  мың теңгеге тоқталдық. Ұлдар мен қыздар 25-мамыр күні тіктірген киімдерін ұлттық бірыңғай тест сынағынан кейін өтетін бітіру кешінде де киеді. Сыйлық, дастархан, суретке түсу, видео жалдау аса қымбатқа түспеді. Көлікпен қыдырыстауына аудандық білім бөлімі рұқсат бермейтіндіктен бұл мәсе­лені балалар сөз қылмады да. Ал бет әрлеу, шаш бұйралауды жұбайым келіндерімен жабылып жүріп жасап берер», – деген Еламан ағай ұл-қыздардың талап-тілегін мүдірмей орындай бе­руге болмайтынын да сөз етті.

 

«Ата-анасы бетіне жел болып тимей, айтқанын екі етпей өскен бала қатал өмірдің сынағында морт кетеді. Адал еңбектің, обалдың, рәсуаның не екенін ұғынбаған баланың ертеңгі күні азғындамасына кім кепіл? Қазақта керемет тәмсіл бар, «Балаңды аясаң – оны еш аяма!» деген. Осыны әрбіріміз ұмытпайықшы», – деп ой қорытты ол кісі.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ