«Кондуктордың» мәдениеті кем боп тұр...

30.05.2018
Қаралды: 167

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын, Шымкент қаласын Ғабидолла Әбдірахымов басқарып тұрған тұста көптеген шенеуніктің жұмыс­қа біраз уақыт қоғамдық көлікпен қатынағаны елдің есінде болар. Әкімнің қоғамдық көліктің жүру тәртібі мен тазалығын осылайша қадағалап, ретке келтіру ойы, өкінішке қарай, жүзеге аспады. Қызметі ауысып кеткесін қарамағындағы қызметкерлер бұл жайды мүлдем ұмытты. Осылайша қоғамдық көліктер бұрынғы қалыптасып қалған «жүйе» бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.

 

Мұны біз не үшін айтып отырмыз? Кешегі сәрсенбіде біздің тілшімізге Шымкент қаласының Гүлвира Торпақова есімді тұрғыны хабарласты. Ол кісі таяуда №35 бағытта жүретін («Грин Бас» компаниясына тиесілі) автобусқа отырған екен. Сондағы болған оқиғаны газет бетінде жария­лауды сұрайды, тиісті адамдарға тәртіпке сай шара көрілсе дейді.

 

«10-мамыр күні Байтұрсынов көшесіндегі «Баян сұлу» аялдамасынан «35»-ке мінген едім. Негізі күйеуімнің көлігі бар. Қажет жерге негізінен сонымен жететіндіктен автобусқа көп мінбейтінмін, – дейді Гүлвира ханым. – Сол күні баратыным тиіп тұрған жер ғой деп автобусқа міне салдым. Ішінде адам көп екен. Дені – жастар. Бірақ ешқайсысы үлкен адам тұр-ау деп орын бермеді. Сосын автобустың алдыңғы жағына барып тұрдым. Кондуктор келіп, жолкіре сұрап еді, көпбалалы аналарға берілген куәлігімді көрсеттім. Сол кезде-ақ ол маған жақтырмай қараған еді. Арада бірнеше минут өткенде: «Былай тұрыңыз, менің өтуім керек! Сіз маған «мешать» етіп жатырсыз!» – деп дүңк етті. «Аяқ басар орын жоқ, қайда тұрайын?» – деп едім: «Ұятсыз! Тегін мініп алып орын сұрап тұрсың ба?!» – деп айқай салды. Соңында шешемнен боқтады, оған нала болғаннан қанымның қысымы көтерілді. «Үстіңнен арызданамын. Мен тегін мінген жоқпын, куәлігімді көрсеттім. Әлі-ақ осы сөздеріңе жауап беретін боласың!» – деп едім: «Баратын жеріңе бара бер. Қолыңнан не келеді? Мен штаттан тыс қызметкермін, ешкім маған ештеңе істей алмайды!» – деп айқай салды. Оны әлгі автобустың жүр­гізушісі де естіп отыр, бірақ қызмет­керіне бір ауыз қой деп айтпады.

 

Жалпы, мен мұны тәрбиесіздік, тексіздік дер едім. Ұлыммен жасты баланың осылай шапшуының өзі оның кім екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Ендеше қоғамдық көлікте қоғаммен тіл табыса алмайтын, адаммен қалай сөйлесу керегін білмейтіндердің жұмыс істеуі қаншалықты заңды?

 

Өзім бірнеше баланың анасымын.  Мемлекет берген куәлікті көрсетіп, автобус­қа ақша төлемегенім үшін олардың мені балағаттауға қандай қақысы бар?»

 

Гүлвира Торпақова осылай дейді. Ол сол күні аялдамадан түскен бетте №35 бағытта жүретін әлгі автобустың нөмірін жазып алыпты. «KZ 289 AO 13» нөмірлі автобустың кондукторы тиісті жазасын алса деген талабы бар.

 

Жалпы, шымкенттік тұрғынның бұлай ашынуы тегін емес. Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы расында да сын көтермейді. 

 

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы бұл мәселеге бейжай қарамас деп сенгіміз келеді.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ