Жау танкілерімен тайсалмай шайқасқан батыр

30.05.2018
Қаралды: 314

Қарсыбай Сыпатаевтың туғанына – 100 жыл

 

Биыл қазіргі Ордабасы ауданындағы Қ.Сыпатаев ауылының тумасы, осы ауылға аты берілген  жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысында зеңбірекші бол­ған ол әйгілі Сталинград шайқасында бір өзі жаудың бірнеше танкісімен шайқасып, осы ұрыста ерлікпен қаза тапқан еді. Бүгінде арамызда батырдың көзін көрген, оның жерленген зираты анықталуына өзіндік үлесін қосқан, оқиғаның куәсі болған адамдардан Қарсыбай Сыпатаев өмірінің соңғы сәті туралы көзбе-көз естіп, ізденіп-зерттеген адам бар. Ол – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бүгінде жасы 90-нан асып отырған абыз ағамыз Еркінбек Тұрысов. Біз кешегі аптада ол кісіге арнайы жолығып, осы тақырып төңірегінде әңгімелестік.

 

Шаянға жақын жердегі Қарауылтөбе тұсында өмірге келген екен

 

«Мен Қарсыбай Сыпатаевты соғыс басталған 1941-жылы жазда, бір-ақ рет көрдім, – дейді Еркінбек аға. – Ол кезде 5-сыныпты енді бітірген баламын. Каникулда шабындықтан шөп шауып, жинауға үлкендерге көмектесіп жүргенбіз. Бір жас жігіт: «Соғыс! Соғыс басталыпты, Германия басып кіріпті!» – деп үрейлене ай­қайлап жетті. Жұртшылық, әсі­ресе әйелдер жағы жау келіп қалғандай қатты күңіреніп кетті. Әркім өзінің баласын, туысын уайымдады. Ол кезде біздің ауылдан үш азамат әскерде еді. Біреуі менің ағам Сауқымбек, сосын Ақылбай Түсіп­баев деген жігіт, олар сол кезде Ресейдегі Орал әскери округінде, ал үшінші жігіт Польшамен шекараға жақын Белосток қаласында қызмет етіп жүрген.

 

Кейін жасы жеткендерді әскерге алу басталды. Менің әпкем Сейсенкүл Төрткүл жаққа тұрмысқа шыққан, күйеуі Дүйсенбай Ахметов екеуі де мұғалім еді, көп ұзамай жездем де соғысқа кететін болғасын анам мені Төрткүлге, әпкемнің жанында біраз болуға жіберді.

 

Сол күндері жездем аудандық әскери комиссариатта тексеруден өтіп жүрген екен, алдымен арбамен Шаянға жеттім. Жездемнің Қарсыбайға туыстығы бар, түс кезінде ол мені сол кісінің Шаяндағы мешітке жақын тұстағы үйіне ертіп барды. «Менің жеткіншек інім ғой, әпкесінің жайын білуге ауылға бармақ екен», – деп таныстырды. Қарсыбайдың үйіндегі жеңгеміз Бибіәсия шай берді.

 

Қарсыбай – орта бойлы, қараторы, сымбатты жігіт, сол кезде жасы 23-те, аудандық партия комитетінде нұсқаушы екен. Өзі колхозда жұмыс істеп жүріп есепшілер курсын бітіріпті, шаруашылықта есепші бол­ған, соғыстың алдында Компартияға өткен. Ол кезде Төрт­күл жақ Шаян ауданына қарайды, сондықтан әскерге алынар­дан бұрын Шаян аудандық партия комитетіне нұсқау­шы қызметіне қабылданған екен.

 

Содан мен ертеңіне ат арбамен Көктөбе ауылына, сосын Төрткүлдегі әпкемнің үйіне жеттім. Сол жақта жүріп қазіргі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың әкесі Қансе­йітпен таныстым. Сол сапарда әпкемнің үйінде 20 күн болып қайттым.

 

Менің Қарсыбай Сыпатаевты көруім сол, ол туралы бас­қа әңгіменің бәрін жездем Дүйсенбайдан, кезінде сол «Көктөбе» колхозының төрағасы болған, өзі Қарсыбайға ата­лас туыс болып келетін Қо­ныс­бек Ауқатов деген кісіден естігенмін. Қарсыбайдың Шаянға қарай бара жат­қандағы үлкен жолдың оң жақ бетінде тұрған Қарауылтөбе маңында, оның төңірегін Құрсай деп те атайды, соның тұсында өмірге келгені туралы осы Қонысбек Ауқатов айтып берген болатын. «1918-жылы көк­темде, ауылымыз Қаратаудың беткейіне қарай көшіп бара жатқанда өмірге келді. Көш тоқтап, бір күн сол жерде бол­ғанбыз. «Заман өзгеруіне қарсы туылды, Қаратауға бара жатқанда дүниеге келді», – деп атын Қарсыбай қой­ған», – деген еді ол кісі.

 

Қарсыбай майданға 1942-жылдың наурыз айында кетіпті. Орта Азиядан алынғандардың бәрін Сталинград маңына апарған екен, қазақтар мен қырғыздарды атты әскер құрамына алыпты. Қ.Сыпатаев атты әскер құрамындағы зең­бірекшілер дивизионында қызмет еткен екен».

 

150 жауынгермен бірге мерт болыпты

 

Қатардағы жауынгер Қарсыбай Сыпатаев «Оңтүстік» майданындағы 4-атты әскер корпусына қарасты 61-атты әскер дивизиясының құрамындағы 13-ші жеке атты артиллериялық дивизионның қатарында шайқасыпты. Ол 1942-жылы 26-қарашада күші басым жаумен болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан.

 

«Бұл жөнінде елге 1943-жылы белгілі болды, – дейді Еркінбек аға. – Облыстық партия комитетінің Қаулысымен сол жылы Көктөбе ауылына Қарсыбай Сыпатаевтың есі­мі берілді. Шымкенттегі №7 мектепке аты берілгені де сол жыл еді.

 

Соғыстан кейінгі жылдары Қарсыбай Сыпатаевтың батырлықпен қаза тапқанынан басқа дерегін ешкім білмеді. Оқиғаның нақты қалай бол­ғаны, оның қайда жерленгені беймәлім еді.

 

Бірде, ол кезде мен «Оң­түстік Қазақстан» газетінде істеймін, ауыл жаққа, аудандық газетке барып тұрамын, жолым түсіп, барсам, редакцияда бір хат жатыр екен, соны оқып көрдім. Сталин­град шайқасына қатысқан бір майдангер Қарсыбай Сыпатаевтың қайда жерленгенін анықтау жөнінде 4 беттік өтініш хат жазыпты. «Мынау бір қызық хат екен», – дегенімде сонда жауапты хатшы болып істейтін түркістандық Мәмедәлі деген кісі: «Осы мәселемен айналысып көрсең қалай болады?» – деді. Содан мен бұл жөнінде Мәскеудегі Бас штабқа, Сталинград облыстық газетінің редакциясына, облыстық әскери комиссариат­қа хат жаздым. Арада көп өтпей ол жақтан жауап келді. Сталинград шайқасы деген қала мен оның төңірегінде ғана болмаған ғой, ол 300 шақырымнан аса аумақты қамтыған. Сондықтан әскери комиссариат бастығы – Артемов деген генерал 61-ші атты әскер дивизиясының азат еткен елді мекендері Қалмақ АКСР жеріне қарайды деп сол жақтан іздестіруге сілтеме жасапты. Содан ол жаққа да хат жазып, жауап алдық. Олар шайқас болған жерден 150 жауынгердің сүйектері жиналып алынғанын, осы уақытқа дейін олардың 36-сының ғана аты-жөндері анықталғанын, ішін­де Сыпатаевтың жоғын жазыпты. Солдаттардың «Бауыр­ластар зиратына» қойылған сүйек­терін 1965-жылы қазып алып, орталық саябаққа жерлеген екен.

 

Арада көп өтпей сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбжапар Жылқы­шиевтің жазып берген қатынас хаты бар, тағы басқа құжаттармен Қарсыбай Сыпатаев ерлік көрсеткен жерді барып көріп қайттым. Көптеген басшылар, жергілікті тұрғындар күтіп алды. Біздің жа­уынгерлер қорғаған шоқыны Бауыш деген жергілікті қалмақ азаматы ертіп барып көрсетті.

 

«Кейін шайқас болған жерден біздің жауынгерлердің бір жерде тұтас дене, бір жерде бөлек-бөлек жатқан аяқ-қол, басқа да дене мүшелерін жинап, бір үлкен шұңқырға көмдік. Көбісі қазақтар екен», – деді ол.

 

Қысқасы, не керек, тиісті жұмыстар атқарып, Қ.Сыпатаевтың сол жауынгерлердің арасында жатқанын дәлелдедік. Бұл 1970-жыл еді. Кейін ол жерге обелиск орнатылды. Он­дағы есімдері белгілі болған жауынгерлердің тізімінің ең үс­тіне «Здесь захоронен Герой Советского Союза, славный сын казахского народа Карсы­бай Сыпатаев» деп жа­зылған».

 

Соңғы минамен танкті ұрып жарған

 

Еркінбек аға кейін сол шайқасқа қатысып, тірі қал­ған Виктор Дашкевич деген генералмен де кездесіпті. Сол шайқас кезінде Дашкевичтің шені лейтенант, ол дивизионның штаб бастығының кө­мекшісі болған екен. Осы азамат «Правда» газетінде «И танк был остановлен» деген көлемді мақала жазыпты, сонда шайқастың қалай өрістегенін, Сыпатаевтың ерлігін егжей-тегжейлі баяндапты. Осыны оқыған Еркінбек Тұрысов кейін хат жазысып, Дашкевичтің өзімен кездескен. Сонда ол кісі төмендегідей жайларды айтыпты.

 

Немістің фельдмаршал Пау­люс бастаған армиясы Сталинград түбінде қоршауда қалған кезде оны құтқару үшін фельдмаршал Манштейннің танк корпусының бөлімдері келген екен. 26-қарашада олар Қызыл армия бекіністеріне 400-ге жуық танкпен лап береді. Алдында қар жауып, еріген, кейін 20 градус аяз қысқандықтан тоң болып қатып қал­ған жерді шала-шарпы қазып бекінген, құрамында Қарсыбай Сыпатаев бар зеңбірек­шілерге де қаптаған танктер шабуыл жасайды. Алапат шайқас барысында бірталай неміс танктері қиратылып, жаяу әскері жойылады, ал біздің жауынгерлер түгелдей опат болыпты. Сонда жалғыз қалған Қарсыбай Сыпатаев зең­бірекке оқ тасушы да, көздеуші де, атушы да өзі болып, жаумен ұзақ арпалысыпты. Соңғы минаны атып үлгере алмайтын бол­ғасын жер ба­уырлап сүйрелей барып, құшақтай көтеріп жау танкінің шынжыр табанына ұрыпты. Оны бергі жақ­тағы қорғаныс шебінен дүрбі­мен көріп тұрған командирлер таныған екен.

 

«Сыпатаев жер бауырлай жылжып бара жатыр, танктің пулеметінен себелеген оқ үсті­нен өтіп, бергі беттің топы­ра­ғын бұрқылдата көтеруде. Нысанаға дәл тигізу үшін танк артқа бере бастады, енді көп ұзамай жауынгерге оқтың тиері анық. Соны білген Сыпатаев шегініп бара жатқан танкке 10 – 15 метрдей қалғанда атып тұрып, жүгіре жеткен бойда минаны оның шынжыр табанына ұрды, жарылыс болып, танк істен шықты. Сыпатаев та қаза тапты», – депті Дашкевич.

 

Олар Қ.Сыпатаевтың ерлігі туралы дивизия басшыларына хабарлайды, одан армия басшылығы құлағдар болады, хабар Мәскеуге жетеді. Содан 1943-жылдың көктемінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қарсыбай Сыпатаевқа Кеңес Ода­ғының Батыры атағы беріліпті.

 

Дашкевичтің айтуынша жоға­рыда аталған шайқас кезінде жау танктері ақырында шепті бұзып өткен екен, біздің әскерлер 10 шақырымға дейін кері шегініп, алдын-ала әзірленіп қойған қорғаныс шебіне бе­кінеді. Арада көп өтпей Қызыл армияның жаппай қарсы шабуылы басталып, немістер шегінеді. Ал шоқы басындағы қорғаныста қаза болған жауын­герлердің сүйектері содан кейін барып жиналып, жер қойнына тапсырылған екен.

 

Кейін, Қалмақ республикасындағы салтанатты кездесу кезінде батырдың зиратынан алынып, шайы шүберекпен оралған хрусталь ыдысқа са­лынған топырақ Еркінбек Тұрысовқа табысталыпты. «Ол кейін Қарсыбайдың анасы қайтыс болғанда оның қабіріне, анасының жастығына қойылды. Батырдың анасының бейіті қазіргі Төрткүл ауылында», – дейді Еркінбек аға.

 

...Міне, бізге жазушы Ер­кінбек Тұрысов осындай әсерлі әңгіме айтып берді. Естіген­дерімізді, аталған адам аттарын, ел, жер атауларын толық қамти алмағанымызға көңілдің қоңылтақсып тұрғаны да рас. Дегенмен Қарсыбай Сыпатаевтай батыр ағамыздың өр тұлғасын, жарқын бейнесін оқырманның көзіне елестете алсақ, мұны біз ел қорғаған батырлардың, өмірі өнегелі алдыңғы толқын өкіл­дерінің алдындағы парызымыз деп ұғамыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Еркінбек Тұрысовтың байланыс телефоны: 8-701-212-42-74.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ