Қасірет қайталанбаса екен

30.05.2018
Қаралды: 528

31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысында да көптеген іс-шаралар болып өтті. Орталық мешітте, қала, аудан, ауыл мешіттерінде кезінде елімізде болған алапат ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына бағышталып хатым-құран түсірілді.

 

Осы күндері Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогика институтының және Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұйымдастыруымен «Тарихи тағылым – өткенге тағзым» атты семинар ұйымдастырылды. Оған көптеген тарихшылар, саяси қуғынға ұшырап, атылған, сотталған азаматтардың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты. Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында мыңдаған адам қатысқан қаралы жиын болып өтті.

 

...Жалпы, Қазақстандағы ашаршылықтардың 1921 – 1922,   1930 – 1933-жылдары болғаны, ал саяси қуғындаудың 1920-жылдардағы байларды тәркілеу, коллективтендіру кезінде, 1937 – 1938-жылдары және 1950-жылдары да орын алғаны белгілі. Осы нәубеттер кезінде қазақ халқы миллиондаған адамынан айырылды.

 

Тарихшылардың есебінше тек 1930-жылдары болған ашаршылық кезінде ғана еліміздегі тұрғын халықтың 2 миллионнан астамы қырылған, 1 миллионнан аса адам көрші елдерге босып кеткен. Бұл шамамен алынған дерек қана, шындығында адам шығыны одан да көп болуы мүмкін.

 

Ал тарих институты мамандарының есебінше, 1921 – 1954-жылдары Кеңес Одағында орын алған саяси қудалау науқандары кезінде Қазақстаннан 100 мыңнан аса адам зардап шеккен екен. Олардың көбі жазықсыз сотталған, 25 мыңы ату жазасына кесілген.

 

Сол жылдардың сұмдық оқиғаларын дене түршікпей тыңдау мүмкін емес. Зұлматты оқиғалардың нәтижесінде қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, жойылып кете жаздағанын біз ешқашанда ұмытпауымыз керек. Ондай қасірет қазақ жерінде енді ешқашан қайталанбасын!

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ