Кезінде Буденный шомылған «Түркістан» моншасы жермен-жексен болды

30.05.2018
Қаралды: 683

Шымкенттегі талай ұрпақтың көзін көрген әйгілі «Түркістан» моншасы бұзылып жатыр. Енді бірер күнде оның орны ғана қалмақ. Қаланың жаңа жоспары бойынша ол тұрған жердің үстінен Қонаев даңғылы өтетін болады.

 

Кешегі сейсенбіде біз «Түркістан» моншасын барып көрдік. Онда моншаны бұзу жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Арнайы техника қабырғаларды құлатып, бульдозер сүріп, жұмысшылар жарамды құрылыс материалдарын іріктеп, «КамАЗ» көліктері қоқыс пен материалдарды артып әкетуде.

 

«Моншаны бұзуға 23-мамырда кіріскенбіз. Жұмыстарды аяқтау үшін 10 күн уақыт берілген. Үлгеруге тырысып жатырмыз», – деді бізге осындағы жұмыстарды басқарып жүрген Батырхан есімді жігіт.

 

Моншаның шатырын бұрынғы иесі бұзғызып әкетіпті. Ал қабыр­ғаларды арнайы техника қатты күшпен соққылап құлатып жатқанына қарамастан кірпіштердің көбі бүтін күйінде дерлік түсіп жатыр, олардың әлі де құрылысқа жарамдылығы көрініп тұр.

 

«Кеше бізге осы маңда тұратын бір қария келген. Айтуынша, бұл моншаның салынғанына 125 жыл болған көрінеді. Жасы 80-нен ас­қан ақсақал бұл монша менің бала кезімде бар болатын деп айтты», – деді Батырхан біздің қойған сұрағымызға орай.

 

Біз бұдан кейін осы маңдағы үйлердің бірінде тұратын Оксана есімді апамен сөйлестік. Ол кісінің жасы 70-те екен.

 

«Бұл біздің әке-шешелеріміздің де көзін көрген монша, – деді Оксана әжей. – Үлкендер оған Шымкентке келген кезінде маршал Буденныйдың шомылғанын айтып отыратын. Бұл шамамен 1930-жылдар болса керек. Қалай дегенде де «Түркістан» моншасы – қаламыздағы ең алғашқы, ең көне қоғамдық монша. Бұрын жұрт суы таза, шипалы деп оған көп баратын. Өйткені оның жұмысына қажетті судың бәрі Қошқарата бұлақтарынан алынып тұрған. Су тікелей бұлақ көзінен тартылған ағаш құбырлар арқылы жеткізіледі деп ести­тінбіз.

 

Моншаға осы төңіректің бүкіл адамдары баратын. Ол демалыссыз, күнде таңғы сағат 9-дан түнгі 10 – 11-лерге дейін істейтін. Адамдар сағаттап кезек күтетін кездері бол­ған. Кір жуатын бөліміне үйдегі төсек жаймаларын апарып, ақысына жуғызып алатынбыз.

 

Мен жақын маңдағы Тұрысов көшесінде тұрамын. Біздің үйлер де ескі, салынғанына 100 жылдан асқан, ол туралы үлкендерден естігенбіз. «Түркістан» моншасы да кемінде бір ғасыр жасаған болар деп ойлаймын».

 

Оксана әжей осылай дейді. Ал сол маңнан өтіп бара жатқан бір өзбек кісіні сөзге тартқанымызда ол өзінің үлкендерден «Түркістан» моншасының 1928-жылы пайдалануға берілгенін естігенін айтты.

 

Қалай болғанда да «Түркістан» моншасының тарихы тереңде жат­қаны анық. Өйткені ол тұрған «Түркістан» көшесінің өзі сонау 1870-жылдары салына бастаған екен.

 

...Сонымен енді бірер күнде қаламыздағы ең алғашқы салынған қоғамдық моншаның тегістелген орны ғана қалмақ. Одан кейін сол маңдағы тағы да бірнеше ондаған үйлер сүріледі. Барлық ғимарат иелеріне тиесілі компенсациялар төленіп те қойыпты.

 

Енді көп ұзамай осы аумақтан Қонаев даңғылы әрі қарай жалғастырылып, келешекте оның бір шеті «Забадам» аталып жүрген ауылға барып қосылады екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ