Ар-намысты алтыннан биік қойған Анайя

30.05.2018
Қаралды: 158

2012-жылы Испанияда ұйымдастырылған халықаралық жеңіл атлетика жарысында алыс қашықтыққа жүгіруден Лондон Олимпиадасының күміс медаль иегері Абель Мұтай бәсекелестерінен ат шаптырым озып алда келе жатты, мәреге бар-жоғы оншақты метр ғана қалған болатын...

 

Ол соңында журналистерге берген сұхбатында: «Мен өзімді мәреге жетіп қойдым деп ойладым. Қуанғаным соншалық, басымды еңкейтіп, қолымды жоғары көтеріп, бір орында секіре бердім. Ал басымды көтерген кезде жанкүйерлер маған бір нәрсе деп айқайлап, қолдарын ербеңдетіп жатты. Мен испанша білмейтіндіктен олардың не айтып жатқанын тү­сінбедім. Артымдағы бәсеке­лестердің әлдебіреуі мені қуып жетіп, алға қарай итеріп қалып мәре сызығынан өткізіп жіберген кезде ғана бұл жарыстан енді ғана озғанымды түсіндім», – деп болған оқиғаны айтыпты.

 

Оны итеріп мәре сызығынан өткізіп жіберген желаяқ – Испания спортшысы Иван Фернандес Анайя болатын. Оның Мұтай осылай не болғанын түсінбей жатқан кезде мәре сызығынан бірінші болып өте шығып, аса мол ақшалай сыйлықпен қатар Әлем чемпионы атағын алатын мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол оны пайдаланбады.

 

Өзінен: «Сіз бұл бәйгеде озып келуді армандаған жоқ па едіңіз?» – деп сұрағанда, ол ешбір ойланбастан: «Армандап едім», – деп жауап берген болатын. Және ол өзінің осы жолғы әрекеті туралы: «Бүгінде адамдар өтірікші, алдамшы, дүниеқоңыз, өз басының қамын ғана ойлайтындарға куә болуда. Бұндай жамандықтар тек саясатта ғана емес, спорт әлемінде де болып жатқанын мен білемін. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланып, озып кетер болсам, мен өзімді кешірмес едім. Ар-намысым маған қандай болмасын жоғары сый-сияпаттан, алтын медальдан да жоғары болмақ», – деп түсіндіріпті.

 

Бұл әрекетімен адал испан азаматы чемпиондықтан да артық абыройға ие болған еді.

 

А. ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ