ҰБТ-да ұту үшін...

30.05.2018
Қаралды: 232

Оқу жылы аяқталып, мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тест сынақтарын тапсыратын күні де таяп келеді. Ол жақындаған сайын мектеп бітіру­ші баланың ұйқысы қашып, мазасызданатыны рас. Осы орайда педагог-психолог Алма ҚҰТТЫБАЕВА мынадай кеңес береді:

 

1. Оқушы, ата-ана, мұғалім ҰБТ-дан күтілетін нәтижеге байланысты өздерінің күмәнді ойларын өзгертіп, қуанышқа бағдарлан­ған ойларға бойларын үйретуі керек. Адам бір нәрсеге теріс баға берсе, соған қатысты оның жан-дү­ниесін жағымсыз эмоция жайлап алады. Жағымсыз эмоция есте сақтау­ға, зейінді шоғырландыруға, тест тапсырмаларының мазмұнын түсінуге үлкен кедергі келтіреді.

 

2. Ата-анадан мейірім, шы­дам­дылық, төзімділік, балаларын кез келген сәтте қолдай алатындай парасат керек. Себебі ҰБТ – өмірдегі бір ғана баспалдақ, ол бала өмірінен, денсаулығынан ар­тық маңызға ие бола алмайды.

 

3. ҰБТ тапсырғалы тұр­ған  баланы «біз неге болса да да­йынбыз», «біз сені әрқашан жақсы көреміз» деген сияқты оптимизм, жақсы көру сезімін танытатын, сабырлылыққа шақыратын сөздермен қоштау керек.

 

4. ҰБТ тапсыруға психологиялық даярлықты оқушылардың өз уақыттарын дұрыс пайдаланулары да анықтайды. Оның өзінде әрбір 30 минуттан кейін үзіліс жасап,­ демалған жөн. Бірақ бұл үзіліс 3 – 5 минут қана болуы керек­. Ал әрбір екі сағаттан соң 20 – 30 минуттық үзіліс жасаған жөн. Жалпы, тестке күніне 6 – 8 сағат да­йындалған дұрыс. Үзіліс кезінде теледидар көру, музыка тыңдау, агентте отыру дұрыс емес. Бұл кезде қозғалыс, қимыл қажет. Сонымен қатар тестке даярлық кезінде бала әдеттегіден бір-екі сағат ұзағырақ ұйықтағаны дұрыс болады. Бала уақытымен тамақтанып, дем алуы керек.

 

5. Балаға «ұйқы ашуға жақсы» деп кофе, шай беруге болмайды. Сынаққа дайындалып жүрген балалардың жүйке жүйесінде қозу процесі өзінен-өзі аса жоғары болады. Оның үстіне ащы немесе көп мөлшердегі кофе, шай бұл процесті одан сайын арттырып жібе­реді. Соның нәтижесінде зейін тұрақсыз, шашыраңқы болып, ба­ла материалға зейін қоя алмай, оның дайындығына зияны тиеді.

 

6. ҰБТ тапсыруға қалай дайын­далу қажет? Ең алдымен бір рет оқып қоя салғаннан материалдың ұмытылып қалатынын білген жөн. Материалды бір рет оқып алған соң 10 – 20 минуттан кейін оны тағы бір рет оқып шыққан дұрыс. Одан кейін, 4 – 5 сағаттан соң есте қалғанды жазып, сызып, бейнелеу керек. Тағы бір рет бір-екі тәуліктен кейін оқып шыққан дұрыс. Сонда әр материалды үш реттен қа­растыру ұзақ мерзімді еске сақтауға мүмкіндік береді.

 

7. ҰБТ кезінде тест тапсыр­мала­рын бір қарап шығып, өте жақсы білетіндерді бірінші орындаған дұрыс. Қиындық туғызған тест тапсырмаларының жауаптарын соңына дейін мұқият оқыған жөн. Бірақ олардың арасынан бірінші кезекте­ дұрыс жауапты іздемеу керек. Алдымен дұрыс емес жауаптарды анықтап алған абзал, соңында дұ­рыс-ау дегені қалады. Сонда дұ­рыс жауап беруге мүмкіндік артады.

 

8. Тест тапсыру кезінде қасыңдағы балалармен ешқандай қа­рым-қатынас болмағаны дұрыс. Ол өзіңе де, оларға да пайдалы бола қоймас. «Ерте бітіп қойдым» деп уақыттан бұрын шығып кеткенше, тест жауаптарын ең соңында тағы бір оқып, қарап шығу керек. Сынаққа дайындалуда, сынақ кезін­де тыныштандыратын немесе бел­сен­ділікті арттыратын дәрі ішу­ге болмайды. Бұл әрекет теріс нәтиже беруі мүмкін.

 

9. Жалпы, сынақтан әр кезде білімділер мен психологиялық даярлығы жоғары оқушылар өтеді. Сондықтан ҰБТ кезінде барынша ерік-жігер жұмсап оқу керек. Бірақ тым жоғары мақсат қойып, өзіңе артық үміт артуға болмайды.

 

С.ИКРАМҚЫЗЫ

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

  •  

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ