Ақшаны сүюдің де өз жөні бар

30.05.2018
Қаралды: 236

Кімнің де болса тарықпай тұрмыс кешкісі келері анық. Бірақ ол үшін көп еңбектену керек. Көп еңбектену ғана емес, тапқан табысты ұқсатып жаратуға да көп нәрсе байланысты. Өз бейнетіңізбен тапқан ақшаға жаныңыз ашып үйренсін. Табысты орнымен жұмсаңыз. Артылдырып, ақшаны еселеуге тырысыңыз. Міне, осы жайлар сіздің жағдайыңыздың жақсарып, тұрмысыңыздың түзелуіне, тіпті байып кетуіңізге де бастама болуы ғажап емес. Есіңізде болсын:

 

Сіз тапқан табысыңыздың қалай жұмсалып жат­қанын қадағалауды ұмытпауыңыз керек. Отбасы бюджетінің кіріс-шығысын міндетті түрде есептеп отырыңыз. Өз ақшаңызға шын мәнінде қожайын болып үйренуіңіз керек. Үйге қанша қаржы келіп, оның қаншасы қай жаққа кетіп жатыр – осы сіздің үнемі назарыңызда болуы тиіс.

 

Жан жарыңызбен бірге отбасы бюджетін ай сайын жоспарлап отыруды әдетке айналдырыңыз.

 

Ақшаны босқа шығындайтын зиянды әдеттеріңіз жоқ па (темекіге тәуелділік, сыра ішу, тағы басқа), оған да мән беріңіз. Зиянды әдеттеріңіз болса, олардан тезірек құтылуға тырысыңыз.

 

Тым қызыққыш емессіз бе, ақша жарату осыған да байланысты. Біреу бірдеңе алды екен деп, содан қалыспау үшін ғана зат сатып алатын әдетіңіз болса, одан да арылғаныңыз жөн. Отбасына қажетті және ұзағырақ тұтынуға жарамды заттар алуға тырысыңыз. Егер қандай да бір затқа қызығып, оны ешбір ойланбай сатып алсаңыз, арада біраз уақыттан соң соны сатып алу керек пе еді, керек емес пе еді деген сауалға жауап іздеп көріңіз.

 

Кез келген артық табыстан (жалақының көте­рілуі, кіріс, сыйақы немесе бонус) жаратпай, жинал­ған қаржыға қосыңыз. Жалпы, жалақының үштен бірін осы жиналған ақшаға қосып тұруды әдетке айналдырсаңыз да болады.

 

Несие, ипотека деген нәрселерге аса қажет болса ғана кір­геніңіз абзал. Оларды еселеп қайтаратыныңыз есіңізде болсын. Сондықтан осындай жолмен қол жеткізілген ақшаға шығыны көп үй немесе көлік сатып алмағаныңыз дұрыс.

 

Ақшаны сүйген деген осы екен деп оны отбасы мүшелерінің күнделікті қажеттілігінен қызғанбаңыз. Әсіресе балаларыңыздың толыққанды тамақтануынан, ла­йықты киініп, білім алуынан ақшаны тым үнемдеп жұмсамағаныңыз дұрыс.

 

С.ИКРАМҚЫЗЫ

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ