Үкімет басшысының үйінен 284 жәшік қымбат бұйымдар тәркіленді

30.05.2018
Қаралды: 283

Малайзияның 2009-жылдан бергі Премьер-министрі Наджив Разак орнынан босады. Премьер-министр лауазымына 1981 – 2003-жылдар аралығында Малайзияны басқарып, оның экономикасының гүлденуіне зор үлес қосқан, бүгінде 92 жастағы саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері  Мохаммед Махатхир сайланды. (Бүгінде ол Малайзияның тарихындағы ғана емес, бүкіл әлем тарихындағы ең қарт Үкімет басшысы саналады).

 

 

Махатхир Малайзияда әділетсіздік пен жемқорлыққа қарсы күрес өрістейтінін мәлім етті. Ол өзінің Премьер-министр лауазымын екі жылдан соң өз еркімен өзгеге табыстайтынын да жариялады. Әзірге Үкімет басшысы ретінде белсенді әрекеттерін жүргізіп жатыр.

 

Ол бірінші кезекте қызметінен босағасын шетелге демалуға кетпек болған бұрынғы Премьер-министр мен оның әйеліне ел аумағынан шығуға тыйым салды. Арада көп өтпей полиция бұрынғы Үкімет басшысының ісімен айналыса бастады. Кешегі аптада Үкімет үйіндегі 6 ғимарат және Наджив Разактың резиденциясындағы кабинеті мен оған тиесілі 4 үй тінтілді. Полиция осы тінтулер кезінде 284 жәшік бағалы бұйымдар, қымбат сағаттар мен ақшалар табылып, тәркіленгенін мәлімдеді. Бұрынғы Премьер-минис­трге жемқорлыққа қатысты күдік келтіріліп отыр. Оның өзі құрған қор миллиондаған қаржыны заңсыз иемденіп, талан-таражға салғаны туралы айтылуда.

 

...Малайзия – федеративтік конституциялық монархия. Ел басшысы король болып табылады, оны монархтар әулетінің адамдары әр 5 жыл сайын өзара дауыс беру арқылы сайлайды. Атқарушы билік Премьер-министр басқаратын Минис­трлер Кеңесінің қолында.

 

Малайзия – Оңтүстік-шығыс Азия­дағы дамыған мемлекет. Халқы 30 миллион адамнан асады. Оның 62 пайыздан астамы – жергілікті ұлт өкілдері, 22 пайызы – қытайлар, 9 пайыздан астамы – үнділер, одан басқа ұлт пен ұлыс өкілдері де бар. Мемлекеттік діні – Ислам, оны тұрғындардың 60 пайыздан астамы ұстанады.

 

Бұл елде жергілікті ұлт өкілдеріне білім алуда, бизнес жүргізуде, мемлекеттік қызметте Конституциямен бекітілген артықшылықтар бе­рілген. Сондықтан кей кездері әсіресе қытай және үнді ұлты өкілдерінің тарапынан бұған наразылық танытуы жиі бой көрсетіп тұрады.

 

Т.ТҰРАН

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ