«Көкектерге» қор болма, ойлан, қазақ! (ВИДЕО)

30.05.2018
Қаралды: 399

Армысың, қазақ! Мына жарқырап тұрған дүниеде шымшық деген құс бар. Өте толерантты, өте мейірбан. Мына жарқыраған әлемде көкек деген құс бар. Өте айлакер, қара басының қамын ойлаған жалқау.

 

Мына жарқыраған дүниеде қазақ деген ұлт бар. Өте толерантты, мейірбан, қонақжай, ақкөңіл, пейілі кең ұлт.

 

Мына жарық дүниеде сол қазақтың мемлекеттік әлемін қоршап тұрған басқа ұлттар бар. Өз ұрпағын асырағысы келмейтін, ұрпағын өзге ұлттарға асыратып қоятын ғажайып ұлттар бар.

 

Қазіргі әңгіме осы жайында болмақ.

 

...Байғұс шымшық бар күшімен ұя салып, еңбек етеді, ұяға  4 жұмыртқа салады. Анадайда, бұтақ басында оған көз тігіп, аңдып, өз ұрпағын асырағысы келмейтін көкек деген құс отыр. Ақымақ шымшық жұмысын бітіріп, жұмыртқаларын бірер шайқап, ұшып кеткен соң оны аңдып отырған көкек зу етіп ұшып келеді. Ол жұмыртқалардың бірінің дәмін татып көреді, сөйтіп оның болмысын өзінің жұмыртқасына сіңіріп, оны шымшықтың ұясына салып кетеді. Ал ұясына қайтып келген шымшық ештеңені аңғармайды, төрт жұмыртқаны басуға кіріседі.

 

Белгілі бір күнде алғашқы жұмыртқа ішінен балапан жарып шығады. Шошып қалған шымшық аң-таң болады. Үш жұмыртқа ашпаған, біреуінен жарып шығып, балапан тамақ сұрап тұр.

 

Қазақ, өзің қара. Ойланатын сұрақ. Көрдіңіздер. Сабақ.

 

Сұмдық енді басталады. Көзін әлі ашпаған, жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан көкектің балапаны шымшықтың жұмыртқаларын бар күшімен, арқасымен итермелеп ұядан лақтыра бастайды. Тырбаң-тырбаң... Бүкшең-бүкшең. Көзі ашылмаған, қызылшақа балапан өзінің шаршағанына қарамай жұмыртқаларды бірінен соң бірін сыртқа лақтыруда. Олар бірінен соң бірі суға шолп-шолп етіп түсіп жатыр.

 

Ұяда болашақта шымшық болатын бірде-бір  жұмыртқа қалған жоқ. Көкектің балапаны ғана бар. Шымшық оған бар жігерін жұмсап, жем тасиды. Қазақ, сенен айнымайды мына шымшық! Жүрегі толған махаббат, өз ұрпағының мәңгілікке жоқ болғанын білмей, өзгенің балапанын асырауға тырысады. Қарашы, не деген сұмдық мынау?! Шымшықтан он есе үлкен, өзінің жем тауып жеуге мүмкіндігі бар көкектің балапаны шымшыққа жем тасытып қойған.

 

Біз, қазақ, мейірбан халықпыз, Құдай сол мейірімнен, кең пейілден ешқашан ажыратпасын. Өзгенің баласын асырағанша өз балаңды асырап өсіргенге не жетсін!

 

Ойлан!»

 

...Осылай деген бір азамат әлеуметтік желіде шымшық пен көкектің бұл әрекеттері түсірілген бейнежазба жариялады. Расында да, көкектің ісіне қарап отырып денең түршігеді. Бұл азамат осы мысал арқылы жұртты адамына, еліне, жеріне ие болуға үндеп отыр. Бұл бейнебаянның көрген адамды бей-жай қалдырмасы анық.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ