177 мың доллар жұмсап, 560 адамды түрмеден босатты

30.05.2018
Қаралды: 214

Біріккен Араб Әмір­лік­терінде тұратын үндістан­дық миллиардер Фироз Мерчант қасиетті Рамазан айының құрметіне үлкен бір са­уапты іс жасады. Ол осы ел түрмелерінен босатылғанымен тұрғылықты жеріне жете алмай жүрген 500-ден аса адамға көмек көрсетті.

 

Зергерлік компанияның иесі Ф.Мерчант бұл адамдардың қажеттілігіне 177 мың доллар қаржы жұмсады. Ақша қарызын өтей алмағандықтан түрмеде ұсталып, үйіне, еліне жете алмай жүргендерге  жұмсалмақ. Ол Аджман әмірлігінің түрмелерінен шыққан 300 адамға, елдің басқа аумақтарындағы қамақтардан босаған тағы да 260 адамға осындай жәрдем көрсетіп отыр.

 

Негізінен бұл адамдардың бәрі қылмыскерлер емес, олар – жұмысынан айырылып қалғандықтан, бизнесі бан­к­ротқа ұшырағандықтан, тағы басқа осыған ұқсас жайлардан соң қарызға батып, ақырында қамауға алынған жандар.

 

Ал Ф.Мерчант мұндай қайырымдылық іспен кейінгі бірер жылдардан бері айналысып келеді екен. Ол осы уақытқа дейін қарызын қайтара алмауы себепті абақтыға қамалып, туған жеріне, еліне жете алмай отырған 1000-нан аса адамға қаржылай көмек көрсеткен. Ол алдымен түрмеге барып, онда отырған жандардың жағдайымен, түрмеге түсу себептерімен танысады да, сосын өзі көмек көрсетуді шешкен адамдардың тізімін жасатады. Кейін олардың бүкіл қарызын «сатып» алады, оған қоса еркіндікке шыққан адамның үйіне дейін жетуіне қажетті шығынды өтейді.

 

Бұл мейірбан азаматтың шапағатын Бангладеш, Шри-Ланка, Үндістан, Пәкстан, Малайзия, Филиппин, Индонезия, Эфиопия, Марокко, Непал, Сирия, Йемен, Оман, Гана елдерінің, тіпті іргеміздегі Өзбекстанның бірнеше азаматтары да көріпті. Осындай мақсатқа ол өткен 2017-жылы ғана 1 миллион доллар қаржысын жұмсаған екен.

 

 

Т.ТҰРАН

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ