«70-тегі отағасының тағы да әйел алуына қарсы емеспін», – дейді Жеңісгүл Ермұқамет

30.05.2018
Қаралды: 518

Тоқал. Бұл сөз қазіргі қоғамда әйелдердің құлағына түрпідей тиетіні рас. Әрине, кім өзінің сүйіп қосылған жарын өзгемен бөліскісі келер дейсіз?! Әйтсе де арамызда тоқал болуды қолдайтын, тіпті өзі тоқал бола тұра күйеуіне үшінші әйел алып бергісі келетін бір әйел бар. Ол – Жеңісгүл Ермұқамет. Қытайдың Алтай өңірінде туып-өсіп, өзінен 25 жас үлкен кісіге тоқал болған Жеңісгүл ханым «Замананың» тілшісіне арнайы сұхбат берді.

 

– Жеңісгүл, жолдасыңыз Мұхамеди мырзамен қалай танысып едіңіз? Әңгімемізді осыдан баста­йықшы.

 

–  Ол кісімен 1995 – 1996-жылдары танысқанбыз. Мен ол кезде Алтай қаласындағы зергерлік бұйымдар шығаратын үлкен фирмада бас техник болып жұмыс істейтінмін. Фирма жұмысшылары кілең қытайлар, арасында екі-ақ қазақ едік. Қазақтан мұндай өнерді меңгергендер ол кезде некен-саяқ болатын.

 

Ал Мұхамеди мырза Көктоғай деген жердікі. Бастапқыда мұғалім болып істеген, кейін жеке кәсіпке бет бұрып, содан өсіп-өркендеген екен. Кәсібі өрге жүріп тұрған тұста кен қазу, асыл бұйымдарды өңдеу цехын ашпақ болады да, өзіне жұмыс істейтін қазақ іздестіреді ғой. Содан не керек, ол кісі мені өзінің мекемесіне жұмыс істеуге шақырды. «Қытайдың бизнесін өркендеткенше, өз қазағымның кәсібін көтермеймін бе?» деген оймен ұсынысын қабыл алып, бірге жұмыс істей бастадық. Арада бірнеше ай өткенде ол кісінің менде көңілі барын білдім. Екінші әйел алсам деген арманы бар екен, оны ашып айтты. «Бәйбіше төрт баладан кейін құрсақ көтермей қалды. Ал менің қазақтың санын көбейтсем деген арманым бар. Елге көшсем деген жоспарым бар. Менің жарым болуға қалай қарайсың?» – деп ұсыныс білдірді.

 

– Қандай сезімде болдыңыз? Ол кезде жасыңыз нешеде еді?

 

– 24-те едім. Естіген кезде құлағыма түрпідей тигені рас. «Әйелінен обал емес пе?» деген ойдан арыла алмадым. «Бұл мүмкін емес нәрсе. Мені дұрыс түсініңіз, ұсынысыңызды қабылдай алмаймын. Бірақ уәде бергесін кәсібіңіз бір жолға түскенше жұмыс істейін, өзімнен кейін қалатын бір адамды үйретейін», – дедім.

 

Содан не керек, «кетем-кетеммен» жүргенде өзім де ол кісіге бауыр басып қалдым. Шынайы сезімі барына көзім жетті. «Кеткенде қайда барамын? Осындай жақсы адам кездесе ме, жоқ па?» деп ақырында ұсынысын қабыл алдым. Сөйтсем бәйбішесі де бұл жағдайдан хабардар болып, рұқсатын беріп те қойған екен ғой. Тек бір шарты болыпты, яғни Мұхаң өз кәсібін бәйбішеге, балаларына өткізуі тиіс. Ол кісі де, мен де бұған аса уайымдаған жоқпыз, шартын орындадық.

 

– Әйтсе де әке-шешеңізге шешіміңізді жеткізу қиын болған шығар? Өзіңіздің 25 жас үлкен, балалы-шағалы азаматпен бас қосатыныңызды олар қалай қабылдады?

 

– Анам қарсы болды. Ақылын айтты, қой деді. Ал әкем қарсы сөз айтпады. «Балам, сенің талғамыңа сенемін. Пешенеңе жазылған тағдырың осы шығар. Кейін өзіңнің өкінбейтініңе көзің жетсе, осы кісімен сыйласып тұра аламын десең, онда ақ батамды берейін», – деді. Мұхаң ол кезде біздің өңірге танымал азамат болатын. Шамасы, сол да ықпал еткен болса керек.

 

Қысқасы, біз осылай шаңырақ көтердік. Біраз уақыт құжаттарды туралай алмай жүрдік. Себебі ол өңірде тоқал алу, екінші мәрте үйлену деген нәрсе жоқ. Бұл Қытайдың заңына да қайшы негізі. Үйленген жағдайда да балалы болуға тыйым салынған. Себебі ол еркектің бірінші әйелінен балалары бар. Екіншісінен балалы болуға рұқсат жоқ.

 

– Содан ол мәселенің шешімін қалай таптыңыздар?

 

– Үйлене сала елге кетеміз деп ойлағанбыз ғой. Бірақ құжат туралау­дың, сол жақтағы кәсіптің мәселесімен ойлағанымыз іске аспады. Сөйтіп жүргенде жүкті болдым. Бірақ алғаш­қы екі балам шетінеп кетті. Одан кейінгі бойыма біткен баланы Қытай заңы бойынша алдыртуыма тура келді.

 

– Ана үшін баладан айырылу оңай емес...

 

– «Құдайым-ай, мен қандай елде, қандай қоғамда өмір сүріп жүрмін?!» деп күні-түні жылаған кездерім көп болды. «Алла берген баланы өлтіріп күнәға батып жүрмін» деп өзімді әбден жазғырушы едім. Бірақ енді амал жоқ қой, бойыңа бала біткеннен дәрігерге баруға міндеттісің. Олар арнайы дәрі ішкізіп, түсік жасайды. Қайғырамын, күндер өте ұмытылады. Кейін тағы осы жағдай қайталанады. Қысқасы, осылай күн кештік. Ақырында баламды жасырын түрде туамын деп шешім қабылдадым.

 

– Қалай болды сонда?

 

– Басқа, бізді ешкім танымайтын бір ауылға бардық. Ол кезде қазіргідей интернет те дамымаған, қалай босану керегін де білмеймін. Әйтеуір тә­уекел еттім. Жолдасым «Аллаға аманатсың. Бірге жүрсек көптің көзіне түсіп қаламыз», – деп тастап кетті. Баланың кіндігін кесетін пышақ, бас­қа да қажетті заттарды салып алғанбыз. Солармен әупірімдеп жүріп өзім босандым. Қазір ойласам, сол кездегі әрекетім ерлікпен тең екен ғой. Есіме алсам, қорқып кетемін.

 

– Елге қай жылы келдіңіздер?

 

– 2004-жылы Шығыс Қазақстан облы­сының Күршім ауданына, Мар­қакөл ауылына көшіп келдік. Келгесін баяғы кен іздеу, асыл тастарды өңдеу саласы бойынша еңбек етсек деп ойлағанбыз. Сол мақсатпен кейін Ұлан ауданындағы Асубұлақ кентіне қоныс аудардық. Бірақ бізге билік тарапынан рұқсат берілмеді. Елбасына дейін хат жаздық, еш қайран болмады. Соңынан олай болса бізге жер бері­ңіздер, мал бағып күнелтейік деп өтініш білдірдік. Асубұлақ кенті өндірістік саламен айналысатын өңір болғасын жайылымдық, шабындық жерлер жоқ деген жауап алдық. Ондай жағдайда Асубұлақта тұрудың не қажеті бар? Балалар білім алатын жерге кетейік деп Астанаға көштік.

 

Ауылдағы үйімізді сатып, Астананың шет жағынан шағын баспана сатып алып едік, атымызға аударып үлгермей жатып-ақ «сносқа» кетті. Сонымен үй де, ақша да жоқ, далада қалдық. Үйдің кезегіне тұрайық десек, Асубұлақта атымызда үй болғаны кедергі келтірді. Бес жыл өтпей кезекке тұра алмайды екенбіз. Сондықтан қазір бір жатақхананың бөлмесінде тұрып жатырмыз. Әкімшіліктікі екен, көпбалалы ана болғасын уақытша паналауға рұқсат берді.

 

– Қытайда жағдайларыңыз жақсы болған екен, қазір осылай үйсіз-күйсіз жүргендеріңізге өкінбейсіздер ме?

 

– Алдымен Алла, сосын қазағым деген жандармыз. Біз үшін қазақтың топырағына аунап жатқанымыздың өзі бір бақыт. Елге аман-есен келіп алғанымызға шүкір деп отырмыз. Жұмыс­тың да реті болмай тұр. Қытайда жүріп тапқан екі бала мен елге келгесін көрген алты баланың барына шүкір, қара су мен қара нан жесек те разымыз. Перзенттеріміз оқып, қызметке тұрса, бұл күн де ұмытылар деген үміттеміз.

 

– Ниеттеріңізге жетіңіздер! Енді Мұхамеди мырза жөнінде айтып беріңізші. Естуімізше, ол кісі үшінші әйел алуға ниетті екен.

 

– Жолдасым биыл 70-ке келді, денсаулығы, күш-қуаты жақсы. Үйленсем қайтеді деп жүр. Оған мен де қарсы емеспін. Әлдеқашан рұқсатымды беріп қойғанмын. Тек қазір тұрмыс жағдайын түзеп алсам деп күтіп жүр. Бұйыртса, кім біледі, үшінші мәрте үйленетін шығар. Ол енді алдағының еншісіндегі дүние.

 

– Ал бәйбішемен қарым-қатынасыңыз қандай?

 

– Жақсы. Ол кісіні мен «Бәйбіше» деймін. Ол менің атымды атайды. Ал балалары, келіндер мені «Жас апа» дейді. Қазір олар Қытайда тұрып жатыр. Жолдасым жылына бір-екі мәрте арнайы барып, жағдайларын біліп қайтады. Татумыз, шүкір.

 

Мен елге келгенде ең бірінші не ойладым, білесіз бе? «Мына қазақтың кең даласында адам неге аз? Қытайдағыдай құжынаған халық жоқ қой. Мына жерге ие болатын қазақ баласы керек екен ғой», – деп ойладым. Жалпы, қазақтың көбейгені қазақтың саясаты, болашағы үшін өте маңызды. Ал қазақтың саны бір әйелден көбеймейді. Сондықтан ер-азаматтар оң босағада отырып қалған қыздарды әйелдікке алсын, ұрпақ өрбітсін, қазақтың санын арттырсын деп ті­леймін. Мұны тіпті мемлекеттік дең­гейдегі мәселе ретінде қарастырып, қолға алу керек.

 

– Әңгімеңізге рахмет, аман болыңыздар!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ