Халыққа қарсы қару қолданған полицейлер жауапқа тартылады

25.05.2018
Қаралды: 220

Арменияда сәуір айында орын алған «Барқыт төңкерісінің» қызуы әлі де басылмай тұр. Кешегі аптада болған Үкімет жиынында Армения полициясының бастығы халықтың өткен шерулер кезінде өздеріне күш қолданған полицейлерді жауапқа тартуды талап етіп жат­қанын жеткізді.

 

«Азаматтар ондай по­ли­цейлердің анықталып, жауапқа тартылғанын қа­лайды. Осыған қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Таяу арада олардың тізімін жариялаймыз», – деді ол.

 

Қысқасы, Армения по­лициясы Ереванда және елдің басқа да қалаларында болған наразылық шерулері кезінде қызметтік өкі­леттілігін асыра пайдаланып, халыққа жұдырық жұмсаған, арнайы құралдар мен қару қолданған құқық қорғау органы қызметкерлерінің аты-жөндерін жариялағалы отыр. Олар жауапқа тартылатын болады. Арменияның арнайы тергеу қызметі бүгінге дейін осындай 50-ге тарта адамның үстінен қозғалған қылмыс­ты істі қарауға кірісті.

 

Премьер-министр Никола Пашинянның өзі де: «Азаматтарға шабуыл жасалған, көлігін зақымдаған оқиғалар болды. Оларға келтірілген шығынды кім және қалай өтейтінін ескеруіміз керек», – деп мәлімдеді. Сөйтіп полиция қызметкерлерінің өкілеттілігін асыра пайдалануы кезінде келтірілген зиянның бәрін анықтауға шақырды. Жоғары лауазымды шенеуніктер шеруге қатысушыларды ұрып-соғу оқиғаларын «жабулы қазан» күінде қалдыруға болмайтынын, оның мұқият тексерілуі керегін ескертті.

 

Қысқасы, Арменияда болған халықтың бейбіт шеруін күшпен баспақ болып, асыра сілтеп жі­бергендер енді ертеңгі күнін ойлап, уайымға бата бастады.

 

Т.ТҰРАН

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ