Мәйіт шыққан үйде тамақ берілмесін дегенге қосылмаймын

30.05.2018
Қаралды: 572

«Замананың» өткен аптада жарық көрген нөміріндегі «Біз неге асыра сілтеуден алдымыз­ға жан салмаймыз?» деген мақала маған терең ой салды. Авторы Марат Борықбай дұрыс айтып отыр. Азалы үйде тамақ берілмесін  деген дұрыс емес. Осы орайда бала кезімізде орын алған мына бір оқиғаны айтайын сіздерге.

 

Бірде мал сойып, үйге қарияларды шақырғанбыз. «Шырақтарым, естеріңде болсын, – деген еді сонда ауыл молдасы бізге. – Күнәсіз адам болмайды. Адамдар мәйітті жерлеп, зираттан қырық қадам ұзаған соң марқұмнан Мүңкір-Нәңкір сұрақ-жауап алады екен. Жақыны қайтыс болғандардың жерлеуден кейін ас беретіні марқұмның сұрақ-жауабы жеңіл болсын деген ырымнан туған. Марқұмның жетісін, қырқын, жылын беретін себебі – бір аптада мәйіттің іші жарылады, қырық күнде еті сүйектен ажырайды, ал 1 жылда буын-буындағы сіңірлер іріп түседі. Сол кезде шыбын жаны қиналмасын деп көпшілікті жиып ас беретіні содан. Осыны естен шығармаңдар.

 

Құдайды бір деп, Пайғамбарды хақ деп, Құранды ақиқат  деп білген бабаларымыз ақымақ емес. Қазіргі молдалар арабшаны жақсы білетін шығар, бірақ көбі Құранды терең түсінбейді».

 

...Қысқасы, біреу айтты деп ғасырлар бойы қалыптас­қан дәстүрімізден неге бас тартуымыз керек? Солар Пайғамбарымыздың марқұмның үйінде тамақ берілмесін деген хадисі бар болса, көрсетсінші.

 

Мұсылман баласын сауаппен теңгеремін деп уәде берген Алла-тағала Пайғамбарымызға. Адамдар мал сойып жегенде, жаңалық ретінде алғашқы көкөністі, жеміс-жидекті жегенде міндетті түрде құран оқитыны – әруаққа сауабы тие берсін дейді. Әр мал сойылғанда құран міндетті түрде оқылады.

 

Сол үшін марқұмның үйінен тамақ берілмеуі керек дегенді доғарған жөн, ағайын! Аста-төк ысырап етпе десе, онда жөн. Бұл – менің өз пікірім. Жалпы жұртты ойландырып жүрген жай болған соң өзімнің көзқарасымды білдіруді ұйғардым.

 

Мұрат КӘУКЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ