Жаушықұмда 6 жастағы бала жоғалды

12.07.2016
Қаралды: 1717

Кешегі аптада Шардара ауданынан суыт хабар түсті. Жаушықұмдық Нұрсұлтан Амангелді есімді бүлдіршін 4-шілде күні кешкісін үйінен шығып кетіп, 

қайта оралмапты. Бүгінде 6 жастағы сәбиді бүкіл ауыл болып іздеп жүр екен.

Облыстық ішкі істер департаменті берген мәліметке сүйенсек, аудандық ішкі істер бөліміне Нұрсұлтанның жоғалғандығы туралы хабар түнгі 23.50 шамасында түскен. Алғашында ата-анасы өз күштерімен іздеп, таба алмаған соң полицияға хабарлаған.

Осы тосын оқиғаға орай біз Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Серікбай Маханбетке (суретте) хабарласып, жоғалған Нұрсұлтан туралы соңғы мәліметтермен бөлісуді сұрадық.

«Оқиға дүйсенбі күні кешке болған, – деді ол кісі. – Содан бері іздестіру жұмыстары бір сәтке тоқтаған емес. Бұл жұмысқа аудандық ішкі істер бөлімі, төтенше жағдайлар, суда құтқару, әкімдік қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілер жұмылдырылды. Суда құтқарушылар дария­ның біраз аумағын сүзіп шықты. Бүгін сәрсенбі болды, таңертеңнен бері дарияның жағасында ну тоғайдың әрбір ағашының түбін жеке қарап жүрміз. Әзірге еш белгі жоқ. Аман табылар деген үміттеміз.

Нұрсұлтанның бір ағасы мен әпкесі бар екен. Өздерінің үйі дариядан 200 метрдей ғана жерде. Олардың үйі көршілерінен 400 метрдей қашықтықта орналасқан. Анасы сол күні кешкі сағат жетілер шамасында  Нұрсұлтанды шомылдырғанын айтады. Ұлы сол кезде сыртқа барып келейін деп шыққаннан қайтып оралмапты. Көрген-білген адам жоқ».

Үш күннен бері шардаралықтар Нұрсұлтанды шарқ ұрып іздестіруде. Аман-сау табылса деген үміттері де жоқ емес.

Біз де Нұрсұлтанның аман-есен болуын тілейміз.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ