Пайда көріп отырып, парыз жайын ұмытпайық

25.05.2018
Қаралды: 230

Бір бай кісі жол жүріп келе жатса, қайыр сұрап отырған  мүсәпірге көзі түседі. Қасына келіп: «Не себепті қайыр сұрап отырсың?» – деп сұрайды. Әлгі бейшара: «Бір жыл болды, жұмыссыз жүрмін, мырза», – деп жауап береді. «Сіз бай адам көрінесіз, маған жұмыс берсеңіз, қайыр сұ­рауымды доғарар едім», – деп қосып қояды.

 

Сонда бай оған күлімдеп қарап: «Мен саған көмек берейін. Алайда ұсынарым жұмыс емес, одан да артық дүние. Сен менің кәсібіме серіктес бол. Бірігіп бизнес ашайық», – депті. Қайыршы өз құлағына өзі сенбей: «Мырза, сіз не деп тұрсыз?» – дейді.  Бай: «Менің күріш алқабым бар. Содан түскен өнімді дүкендерге сатсаң болады. Дүкенді жалдап беремін, бар болғаны күрішті сатып берсең болды. Айдың соңында бизнес серіктестер болып пайданы екіге бөлеміз», – дегенде, кедейдің көзінен қуаныштан жас тамады.

 

«Мен 5 пайызын, ал сіз 95 пайыз пайданы аласыз ба? Мен кез-келген келісімге отыруға дайынмын», – дейді қайыршы. Бай басын шайқап: «Жоқ, сен маған пайданың тек  2,5 пайызын бер, ал 97,5 пайызы сенде қалсын», – дегенде қайыршы қатты таңқалып, айтарға сөз таппай қалады. Мұндай келісім шындыққа жанаспайтындай көрінеді. «Сен маған пайдадан 2,5 пайызын берсең, әрі қарай дамып, өсуіңе болады», – деп бай тіпті таңқалдырады.

 

Содан қайыршы жақсырақ киім киіп, дүкенде күріш сатумен айналысыпты. Жұмысқа бар күшін салады. Таңымен ерте тұрып, түнде кеш жатып жүреді. Күріштің сапасы жақсы бол­ғандықтан саудасы да өрлейді.

 

Бір айдан соң ол пайдасын есептей бастайды. Сосын өзіне-өзі: «Серіктесіме 2,5 пайызды не үшін беремін? Бір ай бойы оның жүзін де көрмедім. Күнімен, түнімен қара тер болып жұмысты жалғыз өзім атқардым. Істің бәрі менің мойнымда болды. Пайданың 100 пайызын да өзіме қалдыруға әбден құқылымын ғой», – дейді.

 

Бай айдың соңында өзінің 2,5 пайыз үлесін алуға келгенде бұрын қайыршы болған жігіт: «2,5 пайыз пайданы алуға құқылы емессің. Мен бұл үшін тер төктім, демек, ақшаның бәрі менікі», – деп жауап беріпті.

 

...Байдың орнында бизнес серіктес сіз болсаңыз, қандай күйге түсер едіңіз?

 

Бірақ біз осындай әрекетке барып жүрміз ғой.

 

Алла-тағала – біздің бизнес серіктесіміз. Жаратқан бізге өмір берді, әрбір тынысымыз – Алланың сыйы. Бойымызға дарын беріп, сөйлеуге, ойлауға, әрекет етуге, ақша табуға мүмкіндік берген де – Құдай.

 

Алла-тағала мына тәнімізді, көздерімізді, құлақтарымызды, қос қолымыз бен жалғыз жүрегімізді сыйлады.

 

Алла-тағала ойлау, қиялдау, сезіну, сөйлеу қабілетін дарытты.

 

2,5 пайыз (сенің зекетің) бере отырып, алғысың мен махаббатыңды көрсетесің.

 

Пайда көріп отырып, парызың жайлы ұмытпа!

 

Зәуре ДӘУЛЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ