Қоғамдық көлікте қашан тәртіп орнайды?

25.05.2018
Қаралды: 200

Қазығұрт ауданындағы Үшбұлақ ауылының тұрғыны Иса Дадабаевтың есімі көпшілікке таныс. Ол кісінің өз жеке шаруа қожалығын құрғаны, Ленгір қаласындағы «Фудмастер» компаниясымен серіктес болып жұмыс істейтіні белгілі. Біз ол туралы газетімізде кезінде бірнеше мақалалар жазғанбыз. Кейінгі кездері шаруаны балаларына тапсырып, өзі басқа жұмыс­тармен айналысып жүрген Исекең кешегі сейсенбіде редакциямызға келді.

 

«Кейінгі бірер жылда Алматыдағы баланың үйінде тұрып жатырмыз, – дейді ол кісі. – Ұлымыз бен келін жұмыс істейді, сондықтан балаларына, үйіне қарап отырмыз.

 

Қазір Алматыдан келе жатқан бетім. Өздеріңмен амандасып, бір жағы өзімді толғандырып жүрген жайлар жөнінде айта кетейін деп едім. Соның бірі Шымкенттегі қоғамдық көліктер жайлы.

 

Қала ішінде жүргендерге білінбейтін шығар, ал сырт­тан келген жанға, әсіресе Алматы сияқты жерден келгендерге мұндағы қоғамдық көліктерде тәртіп жоғы анық көрініп тұрады екен. Қара түтінін будақтатып бара жатқан автобустар, есіктен басын шығарып алып: «Аймауытова», «Пивзавод», «Озеро» деп аялдама аттарын шатып-бұтып тұрған «контролерлер». Солар автобус ішінде: «За проезд», – деп жолкіре сұрайды. Ал автобустар жарысып жүретінін әлі де қоймапты. Аялдамаларда екі-үшеуі, тіпті бес-алтауы қатарласып тұратынын көресің. Бір кездері тәртіп орнатамыз деп жатқандарды естіп едік, мұнда әзірге ештеңе де өзгермепті.

 

Ал Алматыда қазір мұндайды көрмейсіз. Көшелерде қоғамдық көлікке тиесілі жолақты белгілеп қойған, автобустар тек сонымен жүреді, оған басқа көліктер түссе, айыппұл салады. Қара түтінін будақтатып бара жатқан автобус атымен жоқ. Жолда басқа көліктер кептеліске түсіп жатса, автобустарда ондай болмайды. Себебі барлығы тәртіпке келтірілген. Олар бір-біріне кедергі келтірмейді. Аялдамада екі автобустың қатар келіп қалғанын көрмейсің. Олар ұзақ тұрмайды, тәртіппен жүреді, екіншісі жетіп қалса, дереу орнынан қозғалады. Осыны көріп, сүйсініп жүр едім, Шымкентте әлі де ештеңе өзгермегенін көріп, көңілім түсіп қалды. 2 миллионнан аса халқы бар Алматыда болған тәртіп халқы 1 миллионға енді жеткен Шымкентте неге жоқ?»

 

...Исекең осылай дейді. Оңтүстіктің бір патриоты, біздегі түрлі кәсіптердің адал жолмен дамып, өркендеуін армандайтын ол кісінің бұл сөздерін де жанашырлық деп қабылдаған жөн. Осы мәселені тиісті басшылар назарға алып, оңды нәтиже шығарып жатса, кәнеки!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ