Астанадағы дауыл ұшақты да ұшырып кете жаздады

25.05.2018
Қаралды: 263

Астанада жылдамдығы секундына 21 метрден асатын қатты жел тұрды, нөсер жаңбыр, бұршақ жауды. Ауа температурасы 25 градустан бірден 16 градусқа дейін төмендеп кетті. Соның салдарынан бірқатар зақымданып-бүлінген ғимараттар, жарақат алған адамдар бар. Бас-аяғы 1 сағатқа жетер-жетпес уақытта осындай тосын құбылыс орын алды.

 

22-мамыр күні түс кезінде кенеттен көтерілген желдің қуатты бол­ғаны сонша, ол қаланың «Түркістан» көшесіндегі бір ғимарат тұсында тұрған мұнаралы кранды омақастыра құлатты, «Бейбітшілік және келісім» сарайының әйнектерін, қаптамаларын зақымдады. Арада көп өтпей ол тағы да бір кранды құлатып тастады.

 

Осы күні жел бірнеше балабақша мен мектептердің, медицина мекемелерінің шатырын, ғимараттардың сыртындағы қаптамаларын, көліктерді бүлдірді. Бірер сағаттың ішінде ғана ауруханаларға барып жәрдем сұраған адамдардың саны 10-нан асты. Абырой болғанда, олар жеңіл жарақат алған.

 

Бұл күні Елордаға Шымкенттен ұшып барған жолаушылар ұшағы да бір қатерден аман қалды. Қатты жел оны ұшып-қону жолағынан ысырып шығарып жіберді. Ұшақтың қозғалтқышы зақымданды. Аса қауіп төн­дірмегенімен де бұл жай ондағы 88 жолаушы мен 9 экипаж мүшесін қатты үрейлендірді.

 

 

Иә, Астананың ауа райы талайларды ойландырып қойды. Метеорологтар мұның сырын Арктика аумағынан келген суық ауа мен жылы ауаның түйісуінен болды деп отыр. Алдын-ала есептеулер бойынша осы күнгі жел Астананы 235 миллион теңгеге шығындатқан.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ