«Заманаға» – 20 жыл!

25.05.2018
Қаралды: 623

Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1998-жылғы 28-мамыр күні «Замананың» алғашқы нөмірі оқырман ортасына жол тартқан еді. Содан бері газетіміз әр апта сайын үзіліссіз шығып келеді.

 

Бүгінгі «Замана» газеті өзінің негізгі бастауын 1990-жылы жарық көрген «Жас дәурен» (кейін «Замана» болып аталды) басылымынан алады. Бейресми түрде айтар болсақ, біздің газетіміздің өмір сүріп келе жатқанына 30 жылға жуық уақыт болды.

 

Жалпы, «Замана» газетін демократияның, жаңару дәуірінің алғашқы қарлығашы деуге болады. «Замана» – елімізде дүниеге келген ең тұңғыш тәуелсіз әрі еркін басылым. Ол уақытта біздің газетіміз 50 мың дана таралыммен тарағанын да көзіқарақты оқырман жақсы біледі.

 

Ал қазіргі «Замана» газеті араға біраз үзіліс салып, осыдан 20 жыл бұрын қайтадан жарық көрген кезде 5 мың дана тиражбен басталып, оның таралымы кезінде 30 мың данадан асты. Республика аумағына таралатын «Замананы» мыңдаған адамдар жазылып және бөлшек саудадан алып оқып тұрды. Осы уақыт аралығында «Замананың» жанынан 10-нан аса қосымша газеттер шықты, олардың да әрқайсысының мыңдаған оқырмандары болды.

 

«Замана» еліміздің экономикасында орын алған қиыншылық, дағдарыс кездерін, газет-журналдарға жаздырту науқандарындағы түрлі қиямпұрыс жайларды, аяқтан шалуларды да бастан өткерді. Бірақ қай кезде болмасын ол өзінің басты мақсаты – оқырманға адал қызмет көрсету жолынан айныған жоқ. Сондықтан да «Замананы» оқырман әрқашан жылы қабылдады.

 

«Заманада» заман талабына сай өзгерістер де болып жатыр. Соның бірі – бүгінде  оқырманға газетіміздің электронды нұсқасын оқып тұруға да мүмкіндік жасалған. «Замананың» өз сайты жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде «Замананың» өз парақшалары бар. «Замананы» іздеп, сұраушылар, газет редакциясына түрлі мәселелермен хабарласатындар әлі де аз емес.

 

«Замана» өзінің 20 жылдық белесіне осындай жетістіктермен келіп отыр. Ендеше, байланысымыз үзілмесін, ол жаңаша бағытпен өзінің лайықты жалғасын таба берсін дейміз, ардақты оқырман!


«Замана» газеті редакциясының ұжымы.

 

 

Алланың нұры жаусын бәріңізге!

 

«Тұратын қызықтарға толып іші,

«Замана» – өмірдің өз көрінісі.

Ұнайды маған онда жазылатын

Хабардың қысқа – нұсқа өрілісі.

 

Жиырмаға толды, міне – бұла шағы,

«Замана» әлі талай қыр асады.

Құдайым «Заманаға» қуат берсін,

Жарқын болсын алдағы болашағы!» –

 

Деді аға жеткен бізге ел ішінен,

Жып-жылы шуақ есті келісінен.

Төңірек жарқырап бір сала берді,

Өлең туды оқиға желісімен.

 

Ағамыз шаттандырды келе мақтай,

Көңіл шіркін – көк дөнен, желеді аттай.

Көрдік оны мыңдаған ел ішінен

Оқырмандар жіберген делегаттай.

 

Адал екен таңдауы, талғамына,

Газеттердің қарамай қалғанына,

«Замананы» бірінші оқиды екен,

Оқытады содан соң жан-жағына.

 

Оқырман, осындайсыз бәріңіз де,

Жылы сөз сіздер айтқан дәрі бізге.

Жүрейік әрқашанда бір қуанып,

Алланың нұры жаусын бәріңізге!

 

Көңілден сіз-біз деген сырға лайық,

Туылды, міне, осындай жыр, халайық.

Газетке жазылуды ұмытпаңыз,

Алдағы күндерде де бір болайық!

 

Дүйсен ОРАЗ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ