«Заманаға» арнайы келіп, алғысын білдірді

25.05.2018
Қаралды: 262

Кешегі дүйсенбіде редакциямыз­ға Сарыағаш  қаласынан Әнуар Жансүгіров есімді қария (суретте) келді.  Жасы 74-тегі бұл кісі ораза тұтып жүргеніне қарамастан өзіне шарапаты тиген бір азамат­қа, сондай-ақ «Замана» газетінің ұжымына алғысын білдіру үшін арнайы жолға шығыпты. Әнуар ақсақалмен бірер минут тіл­дескеннен-ақ жанымыз жадырап қалды десек болады.

 

Дәрігерге дән риза

 

Қария осыдан біраз уақыт бұрын Қабыланбек ауылындағы ауруханада ем алған екен. Сонда емдеу орнының басшысы Жазира Сәрсеноваға (суретте) қатты риза болғанын айтады.

 

«Таяуда бір газеттен дәрігер­лерді жамандаған мақала оқыған едім, – дейді қария. – Мен өзім көп ауырған адаммын. Әйелімнің де кейінгі кездері денсаулығы сыр беріп жүр. Рас қой, медицина саласының кейбір қызмет­керлері өз ісін дұрыс білмейді, сауаты төмен, онымен қоса адамға жанашырлығы жоқ. Ондайларды да көргенбіз. Мысалы, менің бір көзім көрмейді. Оған облыстық көз аурулары орталығында істейтін бір қыз себепкер болған, дәріні қате қолданыпты. Есесіне басқа бір дәрігер екінші көзімді дерттен айықтырды. Әйелім жақында қатты ауырғанда оған көп дәрігер дұрыс диагноз қоя алмады, ал облыстық клиникадағы Тимур деген жас жігіт ауруын анық та­уып, дұрыс емдегелі бері жағдайы жақсарып қалды. Осы жайларды саралай отырып, неге дәрігерлердің жаманын айта береміз, жақсыларын да айтайық та деген ойға келген едім. Сосын Жазира есіме түсті. Жақсының жақсылығын айтайын деп жолға шықтым. Газеттерің көпшілік арасына таралады ғой, жұрт Жазира жөнінде де біле жүрсе екен деймін.

 

Жазираны ол басшылық ететін мекемедегілердің барлығы мақтайды, оған сенеді. Тәртіпке өте қатал болғанымен де қарамағындағылар оны жақсы көреді. «Барлық дәрігерлер осындай болса ғой!» – деп сүйсініп жүргендерді талай мәрте көрдім. Бірде оның медбикеге: «Ана палатадағы әженің көрпе-төсегіне қараңдаршы, кірлеп кеткен жоқ па екен?» – деп жатқанын естіп, тіпті де риза болдым. Ол дәрігерлер тексеріп кеткесін әрбір емделушіге барып, хал-жағдайын сұрап тұрады. Тіпті кейбір науқастарға арнайы консультант шақыртатынына да куә болдым.

 

Ол жерге басқа жақтан да барып емделіп жүргендерді көрдім. «Өз ауылдарыңда емхана жоқ па, неге бұл жаққа келіп жүрсіңдер?» – десем: «Осында жақсы қарайды. Басшысы жақсы адам», – дейді.

 

Мен дәрігерлердің бәрі осы Жазира секілді жақсы атқа ие болып жүрсе екен деймін. Оған көп-көп жақсылықтар тілеймін».

 

«Замананы» 20 жылдан бері оқиды екен

 

Қысқасы, Әнуар қария Ж.Сәрсеноваға деген ізгі тілегін «Замана» газеті арқылы жеткізгісі келіпті. Оның себебін өзі былай деп түсіндірді:

 

«Газеттеріңді жұрт сүйіп оқиды. Біз негізі бұрын Өзбекстанда тұрған едік, 1979-жылы Қазақстанға қоныс аударғанбыз. Шардарада біраз тұрғасын Сарыағаш жаққа көшіп келдік, 1997-жылы қазіргі тұрған жерімізге орнықтық. Кейін бірде газет тарататын Абдулла деген жігіттен «Замана» деген газет шыққанын естігенбіз. Алғашында «Заманаға» әйелім жазылды, содан бері газеттеріңді тұрақты түрде оқып тұрамыз. Бір уақыттарда алдымен аудандық газетке жазыл деп, «Заманаға» жаздыртпай қойған кездері де болған. Сонда «Замана» болмаса, басқаның керегі жоқ деп тұрып алғанбыз. Біз жақта «Замананың» беделі жоғары. Оны сүйіп оқитындарды ешкім де зорлап басқа газетке жаздыра алмайды. Бұл туралы почташылардан талай мәрте естігенмін.

 

Біз біраз қариялар бас қосып, қымыз ішіп тұрамыз. Сонда «Заманада» жарияланған мақалаларды жиі талқылаймыз.

 

Мінеки, газеттеріңнің шыға бастағанына 20 жыл толып отыр екен. Бұл деген үлкен мәртебе ғой! Бір жағы осыған қатысты да лебізімді білдіргім келді. Еңбектеріңнің жемісін көріңдер, «Замананың» ғұмыры ұзақ болсын!»

 

Газетімізді Өзбекстанға әкететіндер бар

 

Қариядан біз «Замананы» Өзбекстанға әкететіндердің де бар екенін естідік. Яғни ол жақта тұратын қайнылары Қазақстанға келген кезінде ол кісілердің үйіне соқса, міндетті түрде газет-журналдарды сұрайды екен.

 

«Хал-жай сұрасып болғасын: «Газеттер бар ма? Алдымен «Замананы» әкеліңізші, оқиық не жазылғанын?» – деп бірден «Заманаға» жабысады. «Жан-жақты, қызықтырып жазады. Тілі жеңіл, жақсы газет», – деп үнемі мақтап жүреді.

 

Жалпы, біз «Замананы» ол ал­ғаш жарық көрген кездерден бері жаздырып алып тұрамыз. Әйелім оның тігіндісін жасап қойған», – дейді Әнуар қария.

 

Бұл кісі кезінде институт бітірген, шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарыпты. Зайыбы Мархабат апа екеуі 3 ұл, 2 қызды өмірге әкеліпті, олардан ерген 22 немере, 2 шөбереге ата-әже болып отырған жайлары бар екен.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ