Мухибулла имамның бесінші мәрте үйленгені рас па? (ВИДЕО)

27.08.2018
Қаралды: 848

Ғаламтор мен әлеуметтік желі қолданушыларының саны артқан сайын жұрттың кейбір әрекетін жасырын түрде телефонға түсіріп алып, оны таратып жіберу жағдайлары жиі орын алатын болды. Мәселен, таяуда «Шымкент қаласының іргесінде орналасқан «Ворошиловка» ауылындағы «Амали Салих» мешітінің имамы Мухибулла қажы Хаджаев 5-ші рет үйленді» деген тақырыппен бір бейнежазба таратылды. Одан мешіт имамының жас шамасы 20 – 25-тердегі ұзатылып жатқан қыздың қолынан ұстап тойханадан шығып бара жатқанын анық көруге болады. Ал бұл жазбадағы көрініс қаншалықты шындыққа жанасады? Имамның бесінші мәрте үйленгені рас па? Осы сұрақтарды білмек болып Мухибулла Хабибуллаұлына хабарластық.

 

– Мухибулла мырза, әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоға байланысты не айтасыз? Үйленгеніңіз рас па?

 

– Ол видеодағы көріністер жұрт ойлағандай емес. Түсінікті болуы үшін бәрін айтып берейін. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Ташкентте тұратын туған әпкем қызын ұзатты. Отбасыммен, бала-шағаммен бірге соған бардық. Өкінішке қарай, жездем инсульт алып, жүріп-тұрудан қалған. Ұзатар сәтте әкесі ретінде қызды тойханадан алып шыға алмағасын бұл міндет маған жүктелді. Яғни әлгі видеодағы қыз – менің жиенім. Нағашысы ретінде оны ұзатып салып тұрмын. Ал айналасында тұрған әйелдер – менің әпкелерім, туыстарым.

 

 

– Сол жазбаны өзіңіз көргенде қандай сезімде болдыңыз? Балаларыңыз, туған-туыстарыңыз не деді?

 

– Жалпы, бұл видеоны түсірген адам оны қандай оймен таратты, не мақсаты болды, мен оны білмеймін. Әлдекімдер әкеп көрсетті. Түк те ренжіген жоқпын. Себебі үйленбегенім рас, видеодағы жағдайды жан-жағымдағы адамдар түгел біледі. Кімнен қысыламын? Кімге не түсіндіремін? Айтқан адам айта берсін, дегендер дей берсін. Қайтем енді?

 

Негізі бар ғой, соңғы кездері көп адам тойларда жұрттың билегенін, басқа да іс-әрекеттерін видеоға түсіріп, оны келеке-мазақ ету үшін жұртқа тарататын болды. Мен мұны дұрыс емес, тіпті күнә тірлік дер едім. Мәселен, мені 5-ші мәрте үйленді деп қауесет таратқан адам менің бүкіл күнәларымды өзіне арқалап алғанын білмесе керек. Пайғамбарымыздың: «Кімде-кім, мұсылманның қиыншылықтарының бірін кетірсе, Алла-тағала да оны қиямет күніндегі қиыншылықтардан қорғайды. Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла-тағала да оның дүние мен ахиретте айыбын жасырады. Адам досына жәрдемші болған мерзімде Алла-тағала да оның жәрдемшісі болады», – деген хадисі бар. Яғни біреудің кемшілігін жұртқа жайғаннан керегең кеңіп, бүйірің томпаймайды. Керісінше, күнәға батасың. Осыны ойланайық дегім келеді.

 

– Ал енді өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып беріңізші. Әлгі видеода 5-ші мәрте үйленді дегеніне қарағанда, сіздің төрт әйеліңіз бар болды ғой?

 

– Жоқ. Төрт емес, үш рет үйленгенмін. Үшеуінен 9 перзентім бар. Бәрі өсіп, үйленіп-жайланып кетті. Алла берген немерелерім бар, шүкір.

 

– Бәріңіз бір үйде тұрасыздар ма? Жалпы, жұбайларыңыздың бір-бірімен қарым-қатынасы қандай?

 

– Бізде қалыптасқан жүйе, тәртіп бар. Соған бәрі үйренген, бойұсынады. Жұбайларымды тең көремін, бөліп-жарған емеспін. Олай етсем діннің шартына қарсы келгенім болар еді. Әйелдерім де, балаларым да солай, шешелеріміз бөлек деп бірін-бірі жатсын­ған емес. Тату-тәтті тұрады. Той-жиын, өлім-жітімде бәрі жұмылған жұдырықтай кірісіп кетеді. Тәуба.

 

– Бір кездері кәсіп­керлікпен айналысуда деп естіп едік. Бизнесте жолыңыз болды ма? Меншігіңізде не бар?

 

– Мен Қожадан тарағанмын, яғни біз Пайғамдардың тікелей ұрпақтарымыз. Сондықтан дінге бет бұрып, Исламды ел ішінде насихаттау, оны тарату атадан балаға мирас болып келе жатқан тірлік. Имамдық – ата-бабамның алдындағы пер­зенттік парызым. Сондықтан оны кәсіп деп санамаймын. Және одан пайда тауып бала-шағамды асырау ойыма келген емес.

 

Ал енді бизнеске келер болсақ, Аллаға шүкір, біреуге алақан жаяр жағдайда емеспіз. Жекеменшік балабақшамыз бар, «Рахима Бегім» деп аталады. Балаларым мал өсірумен айналысады, шаруа қожалықтары бар. Кәсібімізден түскен несібеден таяуда «Ворошиловкадан» Хабибулла қажы атындағы үлкен спорт кешенін салып бердік. Биіктігі 20 метр, ұзындығы – 50, ені 28 метрді құрайтын шағын футбол алаңы бар екі қабатты үлкен спорт мектебін тұрғыздық. 700 балаға арналған. Спорттың кез-келген түрінен жаттығуға жағдай жасалған, қазіргі таңда жұмыс істеп тұр.

 

Одан бөлек, мешіт жанынан 200 орындық медресе салып жатырмын. Екінші қабаты бітуге таяу. Бұйыртса, жыл соңына дейін бітіріп, пайдалануға берсек деп отырмыз.

 

– Қателеспесек, осыдан оншақты жыл бұрын Алматыда өткен бір тойда жеті биге қатысып, бас жүлдені жеңіп алып едіңіз. Кезінде бұл туралы да жазғанбыз, есіңізде болар. Сұрайын дегенім, қазір де той-томалақта билейсіз бе? Өнерге қалай қарайсыз?

 

– Ол жағдай менің есімде, әрине. Қазір билемеймін. Дегенмен, жалпы, асыл дініміз өнерге қарсы емес. Бірақ өнер екен деп мәні, мағынасы жоқ әндерді айтқанды, харам сусындарды ішіп алып ортада ерсі қимылға салып билегенді жөн көрмейді. Ал енді Майлықожаның термесі, Абайдың сөзіне жазылған әндер секілді дүниелерді тыңдаса құба-құп. Дінімізде жұртты имандылыққа, ата-ананы құрметтеуге, туыс-туғанға мейірбанды болуға үндейтін әндерді тыңдауға рұқсат етілген.

 

– Әңгімеңізге рахмет, аға, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ