Жезделермен әзіліміз жарасушы еді

25.05.2018
Қаралды: 127

Жігіттің үш жұрты бар десек, соның бірі – оның қайын жұрты. Қазақ қызын алып, жиен деген ұрпағын таратып отырған күйеу баласын өз баласынан кем көрмеген. Босаға тұсына отырғызғанымен соғымның ең майлы да тәттісі – төсті күйеудің сыбағасы деп атаған.

 

Күйеу қайын жұртының жасы үлкенін сыйлап, құрмет көрсетуге міндетті. Әйелінен кішіні  қайным, балдызым деген. Ал оны әйелінен кішілер жезде дейді. Сонымен  жезде қайын-балдыздарымен тең деңгейде әзілдесіп, қалжыңдасады. Оның қалжыңы мен әзіліне қайын жұрты жағынан ешкім тыйым салмайды.

 

Қазақтың классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов айтқандай, Қаратаудың терістік бетінде үш жүздің барлық өкіл, қожа мен төре, сондай-ақ кейбір өзге ұлт өкілдері ежелден қанаттаса қоныс теуіп, қыз беріп, қыз алысып дегендей құдандалы болып кеткен.

 

Руы Тама Қырғызбай деген жездеміз біздің Қоңыр Жиембет руының қызын алған еді. Ол мектепте мұғалім болып істейтін. Өзі әзілді жақсы көретін, біздің рудың жігіттерін көрсе болды, басы қышып, ерні жыбырлап тұрады.

 

Бірде таңертең мал жайғастырып жүргенімде көзіме Қырғызбай шалынды. Ол маған басын изеп амандасып, жылдам басып өтіп бара жатқан. Жездені көргенде ойыңа бірдеңе сап ете қалады ғой, оны: «Әй!» – деп тоқтатып алдым. Сосын: «Түнде Тастыбай қайтыс болыпты ғой, естідің бе?» дедім. Тастыбай – ол да жездеміз. «Қойшы-ей?!» – деп Қырғызбай ыршып түсті. Сосын Тастыбайдың да бізге жезде болып келетіні есіне түсті-ау: «Әй, қызталақтың баласы, осыны ойнап айтып тұрған жоқсың ба?» – деді. «Жындысың ба, өліммен адам ойнай ма екен?» – дедім өзімді барынша салмақты ұстауға тырысып. «Бейшара арақты көбірек ішетін еді... – деді Қырғызбай басын шайқап. – Онда сабақтары басталғанша мұғалімдерді ұйымдастырып, үйіне кіріп шығайық», – деп асыға ұзай берді.

 

Содан Қырғызбайға не айтқаным есімнен шығып кеткен ғой. Ара­да біраз күн өткенде Тастыбайға кездейсоқ ұшырасып қалдым. Амандасып, жанынан өтіп бара жатқанымда мені тоқтатып: «Әй, қызталақтың баласы, мені неге «өлтіріп» жүрсің? Әпкеңді басқа біреуге қосып, байымақшы ма едің?» – деді қарқылдап күліп. Қырғызбайға не айтқаным сонда барып есіме түсті.

 

Тастыбайдың айтуынша, Қырғызбай сол күні мектепке бара салып: «Тастыбай қайтыс болыпты. Сабақ басталғанша барып, көрініп шығайық», – деп біраз мұғалімдерді бастап, Тастыбайдың үйіне тартыпты. Жақындап барып қараса, оның үй жағы тым-тырыс, кіріп-шығып жатқан адам көрінбейді. Сосын: «Таң жаңа атты, әлі ешкімге хабар тие қоймаған болуы керек. Күте тұрайық», – дейді Қырғызбай.

 

Сөйтіп бір топ мұғалім үйінің маңында ошарылып тұрғанда бір кезде іштен керіліп-созылып Тастыбай шығады. Сонда ғана: «Қап, иттің баласы! Жезде деп ойнап, Тастыбай екеумізді бір оқпен қатыр­ған екен ғой!» – деп санын бір соғыпты.

 

Ал бір топ мұғалімнің азанымен үйінің маңында тұрғанына аң-таң болған Тастыбай: «Ау, жігіттер, азанымен жол болсын?» – деп сұрайды. Сонда Қырғызбай мұның мәнісін күле түсіндіріп: «Сенің өмір жасың ұзақ болады екен», – депті. Сосын жұрт Тастыбайдың арқасынан қағып тарасыпты.

 

«Ал осы кінәңді қалай жуып-шайып кетіресің?» – деді Тастыбай қолымнан жібермей. Ақырында жуық маңдағы бір дүкенге кіріп, Тастыбай екеуміз бір «жартылықты» қақ бөліп, кінәмді жуып тарасқан болатынбыз.

 

Содан арада жыл өтпей Тастыбай шынымен де қайтыс болды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегеннің мәнісін мен сонда түсіндім. Жалпы, әзіл-қалжыңның жөні осы екен ғой деп айта салынған сөз періштенің құлағына тез шалына ма деп қалдым. Яғни ойнасаңыз да ойланып сөйлеңіз демекпін.

 

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ