Сіз «Құралайдың салқыны» не екенін білесіз бе?

25.05.2018
Қаралды: 559

«Бес қонақ» өткен соң,  шамамен 14 – 28-мамыр аралығында екі-үш күнге ғана созылатын қатты жел тұрады. Оны халық «Құралайдың салқыны» дейді.  Бұлай айтылу себебі, осы уақытта киік (ақ­бөкен) лақтайды, құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртеді.

 

Киік желге қарсы жүгірген жағдайда ғана  төлдеуге қабілетті болады екен. Төлі аптап ыстыққа шыдамайды, сондықтан жылда көктемнің үшінші айы – мамырдың аяғына қарай табиғаттың тылсым күшімен қатты суық жел тұрады. Киіктің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Бір ғажабы, олар қанша көп болса да «Құралайдың салқыны» кезеңінде төлдеп үлгіреді. Ал  жаз маусымы толықтай өз күшіне содан кейін енеді екен.

 

Тағы бір қызығы, қасқыр дәл осы уақытта тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Оның етке тәбеті ақбөкендер жаппай төлдеп, құралайлары аяғынан тұрып кеткен соң ғана қайта оралады дейді.

 

...Әлқисса. Адам ата Жерге түскен соң барлық жан-жануар Ұлық Алланың орынбасарын көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатыр екен.

 

Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де, оған інжірдің жапырағын беріп асырапты. Адам ата мейірленіп, оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардікінен ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда дене­сінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет бітіпті. Қуғанды жеткізбейтін жүйрік жануар­ға айналыпты. Тұяғы мың бір ауруға ем болыпты. Көзінен өпкенде жа­нарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда оған да шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде буаз кезінде іштегі төлінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.

 

Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата: «Жануарым, мен саған ризамын. Бұйымтайың болса, айт. Мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтаждығыңды өтейін», – дейді. Сонда ақбөкен: «Төлдеген кезімде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төлге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң», – депті. Адам ата Аллаға ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты. Содан бастап киіктер төлдейтін кезде Алланың әмірімен Бетпақдалада шыбын-шіркейді шығармайтын суық болады екен. Мұны қазақта «Құралайдың салқыны» деп атайды. Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарады. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады екен.

 

Ақбөкен Ұлық Алланың халифасын көріп, қолынан жем жеп, мақсаты орындалған соң Бетпақдалаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:

 

«Сахараға сән болып,

Құт пен кие, мән қонып,

Өсіп-өнсін нәсілің.

Бір Құдайым жар болып,

Аллам өзі қолдасын,

Бар бәледен қорғасын.

Саған зауал келтірген

Ешқашан да оңбасын.

Сайын түзден тап мекен,

Басқа орнасын бақ бекем.

Қу медиен түздерге

Ырыс дарыт, ақбөкен!» – деп батасын береді. Содан бастап киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген адам Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар.

 

Діни қиссаларда Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскені айтылады. Сол жапырақтың біреуін бал арасы, біреуін жібек құрты, біреуін киік жеген делінеді. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Киік пейіштің жемісін жегендіктен киелі аңға айналыпты.

 

Ел аузында өте көп айтылатын аңыздардың бірінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар киікті құтқарамын деп жанын құрбан еткені туралы да сөз бар.

 

Бірде киік аңшының құрған торына түсіп қалыпты. Киіктің мүшкіл жайын пайғамбар намаз оқып отырып көреді. Дереу атына мініп, аңшының тұзағына барыпты. Қараса, аңшы олжасын бауыздайын деп жатыр екен. Пайғамбар аңшыға: «Киікті босатып, менің жанымды ал. Құрбаның болайын, тек өлтіре көрме!» – деп алдына бас ұрады. Аңшы пайғамбардың мейірім-шапағатына риза болып, киікті босатып жібереді.

 

Ел арасында «Киікті нақақ өлтірме», «Киікке Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар араша болған», «Киік үшін пайғамбар жан берген» деген насихат кең тараған. Киікті өлтірсе Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың наласы ұрады деген де наным бар.

 

(Әлеуметтік желідегі әңгіме).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ