70 жастағы қария 7 жылдан бері өз үйіне жолай алмай жүр

24.05.2018
Қаралды: 313

Кешегі аптада редакциямызға жүдеу өңді бір қария келді. Айтуынша, оны өзінің әйелі мен балалары үйінен қуып шығыпты. «Әңгімемді тыңдап, бұл жайында мақала жазсаңдар екен. Жұрт біліп жүрсін, осындайдан сақтансын деген ниетпен келіп отырмын», – деді ол кісі. Уақыт бөліп, қария­ның әңгімесіне құлақ қойдық.

 

Әйелі несие алыпты

 

«Мені әйелім мен балаларым үйден шығарып жіберген. Одан бері бірер жыл өтті, әркімнің үйінде тұрып күнелтудемін. Соңғы кездері туыс інімнің үйінде жүрмін», – деді қария. Кінә өзінен емес пе екен деп ойлағанымызша: «Балам, менің бұл жерде жазығым жоқ. Қатты реніштен сөйлеген де шығармын, бірақ бұл адамды қаңғыртып жіберуге сылтау болатын жай емес қой. Арақ ішпеймін, бұрын бір имамнан діни дәріс алғанмын, сондықтан таза жүріп-тұрамын. Қатты күйзеліп, қиналамын, бірақ өзіме қол салу сияқты жаман ойға ешқашан барған емеспін», – деп бұл сұрақтың жауабын өзі-ақ беріп тастады.

 

«Сонда әйеліңіздің сізге тағатын кінәсі не?» – дегенімізде қария ауыр күрсінді. Толқып, біраз отырып қалды. «Кезінде асырап-баққанымда керек едім, қазір мүгедекпін, соны көтере алмады-ау. Әйтеуір соңғы кездері қатты өзгерді. «Тапқаның менің бір салонға кіріп-шыққаныма жетпейді», – дейтін болды. Заңды түрде ажырасып кеткенбіз», – деді сосын.

 

Бұл кісі осыдан бірер жыл бұрын әйелі мен балаларының ақылдасып, өзінің атындағы үйді кепілге қойып, банктен бірнеше мың доллар несие алғанын біліпті. Содан арада дау туындайды. Оның соңы бір-бірін сотқа сүйрелеуге ұласыпты. Ақырында әйелі мен балалары үйді иемденіп, мұның үлесіне тиетін бөлігі орнына бір бөлмелі пәтер әперетін болыпты.

 

Соттың осындай шешім шығарғанына қария наразы. «Бұл заңсыз шешімді бұзғызуға әрекеттеніп жүрмін, бірақ одан нәтиже шығар емес. Әйелім: «Енді қайда барсаң онда бар, сот біздің жақта», – деп жүр. Негізі үй менің атымда ғой, оны сатып жіберуге құқым бар. Енді оны сатып, әйел мен балалардың үлесін беріп тыныш тапсам деп те ойланып жүрмін», – дейді ол кісі.

 

Екеуі мектепте бірге оқыған екен

 

Сұрастырып білгеніміз, бұл қария­ның екінші әйелі екен.

 

«Мектепте, есейіп қалған шағымызда өзімнен бір жас кіші қызбен бір-бірімізді ұнатып, арамызда сезім болған еді, – дейді қария. – Бірақ мен әскерде жүргенде ол күйеуге тиіп кетті. Маған бұл ауыр әсер етті. Сосын жастықпен ерегісіп, мек­тепті жаңа бітірген қызға үйлендім. Бірақ онымен дәм-тұзымыз жараспады. Тұрмысы бақуат жердің қызы еді, өзі де, туыстары да үнемі менсінбейтінін білдіріп тұратын. Арада екі ұл, бір қызымыз болды, бірақ кейін ажырасып кеттік. Мен анамды, үш баламды алып, басқа жаққа қоныс аудардым».

 

Бұл кісінің бірінші әйелі де, одан туған екі ұлы да бүгінде өмірде жоқ екен. Ал қызымен араласып тұратынын айтады.

 

«Кейінгі әйелім менің ажырасып кеткенімді естігесін өзі іздеп тапты. Ол да бір баламен ажырасып кеткен екен, келіп, «Екі жарты – бір бүтін болайық» дегендей ойын білдірді. Бірақ мен оған қарсы болдым. Дегенмен ол әрекетін жал­ғастыра берді. Ақырында екеуміз қосылып тындық.

 

Жылдар жылжып өтіп жатты. Арамызда екі ұл бала өмірге келді. Оларды тәрбиелеп өсірдік, үйлендірдік. Әйелім де менің арқамда не ішемін, не жеймін демей жақсы өмір сүрді, қалаған жұмысына тұрды. Жап-жақсы отбасы болған сияқты едік. Ойламаған жерден тағдырымда осындай бұрылыс орын алды. Қартай­ған шағымда жалғыз қалдым», – дейді қария.

 

Үміт күтпейтінін айтады

 

Ол кісі бізге сот құжаттарын да көрсетті. Әйелі мен ұлдарының аты-жөндерін де айтты. Сөздерінің ойдан шығарылмаған, шындық екенін аңғардық.

 

«Балаларыңыз артыңыздан ізде­меді ме? Кешірім сұраған жоқ па? Әйеліңіз татуласайық десе не істер едіңіз?» – деген сияқты сұрақтарымызға қария былай деді:

 

«Мәселенің бәрі әйелімде болып тұр ғой. Бәрін істеп жүрген сол. Балаларды маған қарсы қойған. Олар не істей алады? Соттасып, біраз тартыстық, осыдан кейін қайтіп бір-бірімізге іш жылиды?

 

Үлкенім пәтер жалдап бірге тұрайық деген, оған келісер-келіс­песімді де білмеймін. Олардың үйді сатып, маған тиесілі бөлігіне бір бөлмелі пәтер әпереміз дегеніне де біраз болған. Оның уақыты да өтіп кетті. Әйтеуір ит-ырғылжың тірлік.

 

Әйеліммен татуласа аламыз деп ойламаймын. Оның істегенінен шошып қалдым, оған мүлде сенбеймін. Арамыз онсыз да қатты суып кетті. Заңды түрде ажырасқанымыздың өзіне бірнеше жыл болды ғой. Енді өткен қайтып келмейді».

 

...Редакциямызға арнайы келген қария бізге осындай әңгіме айтты. Газетте жазылуын қалайтын себебі кім де болса осындай жайға ұрынып қалудан сақтанса деген ниет екен. Сондықтан ол кісінің айтқандарын қағаз бетіне түсірдік.

 

Жалпы, соңғы кездері осыған ұқсас оқиғалар туралы жиі еститін болдық. Өмірлікке бірге боламыз деп серттесіп, шаңырақ құрған жандардың қартайған шақта осындай өкінішті жайларға ұрынуы жаныңды ауыртады. Бүгінде жастардың да, жасамыстардың да ажырасуы жиілеп барады. Әкесіз, анасыз отбасылар, тірі жетім, жесірлер... Осылардың қай-қайсысына да бір кездері жақыны болған адамнан тірідей айырылыса салу оп-оңай болмаған шығар.

 

Сондықтан адамдар  ажырасуға апаратын себептерді болдырмаса, оған жол бермеуге барынша тырысып бақса екен дейсің. Түптеп келгенде ақша да, дүние-мүлік те жақын адамыңның орнын толтыра алмайды ғой. Адам наласы деген де бар емес пе? Өмірден жалғызсырап, жылап өткен жанның наласын кім көтереді?

 

Осындай өкінішті жайларға ешкім де жол бермесе екен дейміз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ