Жақсылыққа ұмтылған әйел

24.05.2018
Қаралды: 367

Редакциямызға ел ішінен хат келді. Авторы өзінің аты-жөнін, нақты қайда тұратынын көрсетпепті. Тек Қазығұрт ауданы жақтан жолданғанын ғана аңғардық.  Ал хатта төмендегідей мәселе жөнінде айтылады.

 

«Менің бұл хатты жолдауыма  «Замананың»  өткен 7-мамырдағы жарық көрген №18 нөміріндегі Г.Әшірбекованың «Жетесіз жеңге мен кекірейген  келін»  атты мақаласы түрткі болды. «Әр  адамның өмірі жаза берсең өзінше  бір кітап» дейді ғой. Сол секілді  мен де өз өмірімнен қысқаша үзінді келтіргім келіп отыр.

 

Иә, адам әр түрлі мінезбен туыл­ғанымен әсіресе қызды бала күнінен  тәрбиелейтін – оның анасы. Менің  де анам барлық уақытта Гүлмира замандасымның анасы секілді: «Шырағым, маған алғыс әперемін десең,  барған жеріңде «Сені өсірген анаңа  рахмет!» – дегізетін дәрежеде бол. «Атаңа нәлет иттің өсіргені!» – деген   сөзден сақта», – деп ақылын айтып  отыратын. Содан болар, мен мектеп  қабырғасында, оқу  орнында  жүргенде де тек жақсы жағымнан танылдым.

 

Уақыт өте келе, 21 жасымда тұрмыс­қа шықтым. Ол кезде Оңтүстіктегі жұрттың әдеті – жаушылар өзің  қала­масаң да сыртыңнан көрсетіп, бір үйдің босағасына апарып, басыңа орамал салып, бір міндетінен құтылғандай кете барады. Міне, мен сондай жаушылардың бірінің құрбаны  болдым. Оның үстіне күйеуім 30 жастағы адам, бұрын үйленіп, екі перзентімен ажырасқан екен. Сол кездегі біздің  ұяң­дығымыздан ғой, ата-анама сөз кел­­месін деп аттаған босағамнан кері  қайтуға намыстанып, сонда қала бердім.               

                   

Мен келін болып түскен үйде  үлкен әж­ем, ата-енем, күйеуімнің ағасы, екі  қайынсіңлім болды. Қайнағам жұмыс  ба­бымен қалада тұрады, өз жанұясы  бар. Үлкен қайынсіңлім тұрмыста, ол ата-енесінен бөлек қалада тұрады. Ал кіші қайынсіңлім менімен қатар бо­латын. Мен қаламай барсам да  сол үйдің отымен кіріп, күлімен  шық­тым.

 

Бірде үлкен қайынсіңлім үйге келіп анасымен сөйлесіп отыр екен. Сонда қайынсіңлімнің анасына: «Күйеу балаңыз ауылға, үйге барып тұрамыз, сен үйде әке-шешеме қарап отырасың, мен вахтовый жұмысқа кетемін деп жатыр», – дегенін естідім. Сондағы  менің енемнің берген жауабы мынандай болды: «Тапқан екен ақымақты! Бармайсың сен ол жаққа! Оның әке-шешесіне қарап отырмақшысың ба? Бармайсың! Менің қызым қара есек емес ешкімге!»

 

Осы сөзді естігенімде қатты таң­қал­дым. Сол кезде қандай күйде бол­­ғанымды білсеңіздер ғой! Мен таң­ның атысы, күннің батысы оларға  ке­­лін­дік қызметімді атқарып жүрмін бе десем, сонда бұлардың ойынша   мен есек болғаным ба деп күйіне ойла­дым.

 

Қысқасы, не керек, енем қызы мен күйеу баласының арасына түсіп, болмаған соң қызын ажыратып алды. Сондағы себеп – жаңағы жоғарыда  айтып өткенімдей. 

 

Енемнің кіші қайынсіңліме де барлық уақытта айтатын ақылы басқаша еді. «Ешкімді төбеңе мінгізбе! Айтқаның – айтқан, дегенің – деген болсын. Жұмыс істесең, айлығыңды  өзің ұста. Сені олар оқытқан жоқ, мен оқыттым», – дегендей  сөздеріне таңқалатынмын.

 

Ал мені сол үйге келген күңнен  бетер кемсітіп, қатты сөздер айтумен  болатын. «Үлкенге қарсы келме» деген анамның сөзі жадымда сақталған  соң тек ешкім жоқ жерге барып, екі көзіме ерік беретін едім.                                        

                                            

Алладан әмір келді ме, енем кейін қатты ауырды, 1 жыл 7 ай төсек  тартып, тұра алмай жатты. Сол кезде өзіме айтқан сөздері жанымды  әбден жараласа да мен оның жағдайына қарадым. Анам келген сайын: «Апаңа қара. Таза ұста, сөзге  қалма», – деп ескерту жасап тұратын. Ал ол ауырып, күні таяп жатқанында екі  қызы келіп анамыз екен деп қарамады да. Аналары өмірден  өткен соң алтындарына өзара таласып жатты.

 

Мен ол екеуі ғана солай екен деп жүргенмін. Сөйтсем, қателесіппін. Оған кейін көзім жетті.

 

Енем қайтыс болғаннан он жыл  өткен соң үлкен әжеміз жасы 90-нан асып, төсек тартып жатып қалды. Ол  кісіге де қарау оңайға соқпады. Жасы келген адам бір сәтте айнып, үстіндегі  киімдерін жыртып, айғайлап, жерге жата аунап әбден әбігерге түсіретін. Ол кісінің атамнан кіші төрт қызы  бар еді, бұрын-соңды сол кісілер жақсы, көпті көрген, салиқалы адамдар ғой деп ойлайтынмын. Жоқ, мүлдем басқаша екен.

 

Не керек, мен енді науқас әжеммен алты ай арпалыстым. Өзім  күндіз жұмыста болсам, кешке үйдемін, үйдің  тірлігінің өз бір басқа. Түнімен әжеме  қарауыл болатынмын. Сол кезде де тағы анам: «Әжеңе қара. Орамалын  кірлетпей ұста. Уақтылы тамғын бер. Ол әдейі істемейді ғой. Алланың ісі...» – деп күнделікті телефон арқылы хабарласып тұратын.  

                                                    

Әжеме қарап жүргенімде мен жақсы адам едім, ол кісі көз жұмып,  жерленгеннен кейінгі күнім құрысын. Аналарын мен өлтіргендей маған  шүйліу басталды. Түсініктері өте төмен адамдармен өмір сүріп жүргенім жаныма қатты батқаны-ай! Осыны айтып жылағанымда анам: «Е, шырағым, олар  пендешілікпен айтып жатыр ғой. Әжең, енең саған ризашылығын  білдірді. Олардың сөзін елеме. Әруақ разы болса болды. Ертең мына өсіріп отырған  перзенттерің сенің жасаған жақсылығыңды қайтарады. Алладан алғанымды адалынан бер деп тіле», – деп жұбату айтты.

 

Мен қазіргі таңда  бір қыз, үш  ұлдың анасымын. Ешқандай сезімсіз, жүрегім қаламаған еркекпен өмір  сүріп келемін. Тағдырдың жазғаны болар бұл. Бірақ мен қызыма анамның маған берген тәрбиесін берсем, келген келіндеріме де оң қабақ танытып, өз дәрежесінде өмір сүрулеріне үлес  қоссам деген үміттемін».    

 

...Міне, редакциямызға хат жолдаған оқырман өзінің жан сырын осылай деп ақтарыпты. Өмірде қандай қиындық, қорлық көрсе де шыдап баққанын айтыпты. Қанша ренжіп-өкпелесе де әу баста келін болып түскен жерінен жеріп кетпей, сол елдің ұрпағын өсіріп отыр екен. «Жұрт­тың  өзіме көрсеткенін мен де өзгелерге көрсетемін»  деп кектенбей, қайта қыздарына жақсы тәрбие беріп, келінінің жайлы тұрмыс кешуіне жағдай жасау жағын ойластырып жүргенін айтады. Бұл жақсы ғой. Мұны тәр­биелілік, көргенділік дейтін шығар. Осы орайда біз хат авторының алдағы өмірінде тек жақсылықтар бола беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

              Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ