Бұл кеңесіміз жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға қатысты. Өйткені үйлену тойы өткен соң олардың басым бөлігінде кейбір мәселелерге байланысты түсініспеушіліктер туындайды. Ал бұдан ұрыспай-таласпай өтетіндер сирек. Себебі мынадай:
Кейбір мәселелерге байланысты көзқарас өзгеше, пікір алшақ, бұрынғы ортада көрген тәрбие, ондағы тәртіп бөлек, жаңа орта, жаңа өмір өз талаптарын алға тосады. Осыдан көңіл-күй түсуі, көңіл толмаушылық, кінәласу, ренжісу, өкпелеу, ызалану, қапа, нала болу, намысқа тию сияқты жайлар орын алуы мүмкін. Ушыға келе олар «мәңгілік бірге болуға» берген сертті ұмыттыруы әбден мүкін. Бүгінде тіпті осындай себеппен бірер айдан кейін-ақ ажырасып кетіп жатқандар бар.
Бұрын өз ерік-қалауымен атқарып келген адамға енді кей мәселелерде өзгемен санасу қажет болады. Бұған көз жұма қарау да жақсылыққа апармайды, арада түсініспеу, бірте-бірте ашық жауығу туындауы ғажап емес. Өйткені жұбайының қалауы біреулер үшін өзімен санаспау, өзін кемсіту, менсінбеу болып сезілуі де мүмкін.
Еркін шектеуден негізінен көбіне жас күйеу зардап шегеді. Өйткені ол бұрын жұмыстан кешігіп оралса, ол үшін ешкімнен кінәлау күтпейтін, енді оған әйеліне «отчет» беру керек болады. Жиі қайталана берген мұндай жағдайға біреулер түсіністікпен, енді біреулер амалсыз көндігеді, ал енді біреулерді бұл қатты ашындырары анық. Неге бұлай болуы тиіс деп ол әйеліне ренжиді. Ал әйелі болса, күйеуінің өзімен «белгілі бір мәселеден» басқа кезде ісі жоқтай сезініп, ренжиді, жанымда болса, кей шаруаларда қол ұшын берсе дейді. Міне, осындай, тағы да басқа түсініспеушіліктер туындай бастайды.
Мұндай жайларға ұрынбас үшін жас жұбайларға отбасы туралы әңгімелесіп тұру, шаңырақтағы міндеттерді нақтылап бөлісіп алу пайдалы. Егер еркек жұмыстан соң серуендегісі келсе, әйелімен бірге серуендесін. (Негізі мұны жақсы әдетіне айналдыруға болады. Олар әрдайым бірге жүріп үйренеді).
Жалпы, алғашқы түсініспеушілік кезеңінен жас жұбайлар қол ұстаса, бір-бірін қолдай отырып бірге өтуі керек. Бұл – болашақ берік отбасының мықты іргетасын қалаудың негізгі кепілі. Бұл оларды шаңырақ шайқалуынан қорғайды, өзара сенім, сыйластық, түсіністік пен сүйіспеншілік салтанат құрған өнегелі отбасы болуларына жол ашады. Бір-біріне мұқият болу арқылы олар отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінде кездесетін қиындықтардан абыроймен өтеді.
С. ИКРАМҚЫЗЫ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!