Оразам қабыл болсын десеңіз...

24.05.2018
Қаралды: 306

Қасиетті Рамазан айы да басталып кетті. Алла-тағала бізге оразаны ол ар­қылы Өзіне құлшылық жасауымыз үшін парыз еткен. Оразамыз қабыл болып, пайдасы тиюі үшін мына нәрселерді орындауымыз керек:

 

Намазға ұқыпты болу. Намаз – дініміздің тіректерінің бірі, оны тәрк ету күпірлік саналады. Кейбір ораза тұтушылар болса, намазға нем­құрайды қарайды.

 

Көркем мінез-құлықты ұстану. Күпірліктен, дінге тіл тигізуден және ораза екенімізді міндет қылып адамдармен жаман қарым-қатынас жасаудан сақтануымыз керек. Ораза мінез-құлықты бұзбай, кері­сінше, оны түзейді, ал күпірлік адамды діннен шығарады. Алла елшісі: «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Аллаға оның жеп-ішуден тыйылуының қажеті жоқ», – деп айтқан.

 

Қалжыңдап болса да жаман сөздер айтпау. Әйтпесе тұтқан оразамыз зая кетеді. Алла елшісінің: «Қайсыбіріңнің ораза тұтатын күні болса, онда бұзықтық істемесін, айғай-шу шығармасын, ал егер біреу оны балағаттаса немесе оған соқ­тықса: «Мен ораза тұтқан адаммын десін», – деп айтқанын әрдайым есте ұстау қажет.

 

Қылтамақ, асқазан жарасы сияқты көптеген кеселдерге себепші болатын темекіні тастауға ораза кезін пайдаланып қалу керек. Ерік-жігерді жинақтай, ұстамдылық жасап, темекіні күндіз шекпегендей, түнде де шекпеу қажет. Сонда денсаулығымызды сақтаймыз және ақшамызды да ысырап қылмаймыз.

 

Ауыз ашарда тамақты шектен асыра қарпымау. Бұл оразаның пайдасын кемітеді әрі денсаулыққа зиян тигізеді.

 

Адамның мінез-құлқын бұзып, оразаға кереғар келетін телебағдарламалар мен фильм­дерді қарамау.

 

Ұйықтап қалып, сәресі мен таң намазын жіберіп алмас үшін түнде ұзақ отырмаған жөн. Іс-амалдарды ерте таңда орындаған жақсы.

 

Пайғамбарымыз құптан намазынан кейін әңгіме-дүкен құрып отыруды ұнатпайтын. Ол кісі ерте жатып, ерте тұратын.

 

Туған-туыстар мен мұқ­таж­дарға садақа беруді көбейту, ағайындардан хабар алу және араздасқандармен татуласу.

 

Пайғамбарымыздың сүн­нетіне сай ауыз ашу. Алла елшісі былай деген екен: «Қайсыбірің ауыз ашатын болса, кепкен құрмамен ауыз ашсын, өйткені онда береке бар. Егер кепкен құрма таппаса, сумен ашсын, өйткені ол таза».

 

Рамазандағы оразаға ұқыпты қарау және балаларға шамалары жеткенше ораза тұтуды үйрету. Рамазан айы күндерінде себепсіз ауыз ашып, оразаны бұзудан сақтану. Өйт­кені әдейі бір күн ауыз ашқан кісі және Рамазан айында күндізгі уақытта әйелімен жақындасқан адам шариғат белгі­леген тәртіп бойынша кәффарат амалдарын өтейді.

 

Рамазан айында оразаны тұтпай жүруден сақтану лазым. Тұтпаған күннің өзінде оны адамдарға жарияламау қажет. Өйткені ораза ұстамау – Аллаға қарсы келу, Исламға атүсті қарау және адамдар арасында ұятсыз қылық болып табылады. Ораза тұтпаған адамға айт мерекесі де жоқ. Өйткені айт оразаның аяқталуы мен құлшылықтардың қабыл болуына байланыс­ты ұлы қуанышты білдіреді. Ал ораза тұтпаған адам бұл  қуа­ныштан мақұрым қалады.

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ