Шекара түбіндегі ауылдың адамдары «Заманаға» алғысын жеткізді

11.07.2016
Қаралды: 1720

«Замана» газе­тінің өткен нөмір­лерінің бірінде «Шек­ара түбінде отыр­ғандардың мәселесін кім шешіп береді?»

деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Онда Сарыағаш ауданының Достық елді мекеніндегі осыдан он бір жыл бұрын Өзбекстаннан ата мекенге өткен оннан аса отбасының ауыр жағдайы туралы айтылған еді.

Газетте мақала жарық көрісімен бұл мәселе қызу талқыға түсіпті. Тіпті аудан басшысы Б.Парманов ауыл әкімін шақырып алып: «Осы мәселенің осыншалық деңгейге көтерілуі қалай, неге уақтылы шешілмейді? Енді тез арада шешіңдер!» – деп тапсырма беріпті дегенді айтып жүргендер бар. Қалай болғанда да сең қозғалған секілді. Бұл жөнінде кешегі аптада редакцияға хабарласқан Жанар Әліқұлова (суретте) былай деді:

«Сіздердің газеттеріңізге рахмет! Бұрын газет көтерген мәселе шешімін бұлай тез табады дегенге сенбеуші едік. «Замана» газетінде мақала жаряланысымен демалыста жүрген ауылымыздың әкімі Тасбау Полатов жетіп келді. Бір емес, бірнеше рет келіп, бәрімізге тегін жер беруге уәде етті. Ол жерге жарық, су мен газды тартып беруді де мойнына алды. Қазіргі отырған жерімізге уақытша болса да құдық қазғызбақшы. Ащы су шықса да, тұщы су шықса да қазып береміз дегенде қуанып қалдық.

Одан кейін ауылымызға «КТК» телеарнасынан журналистер келіп, газетте көтерген мәселе туралы сұрап, тұрғындармен сұхбаттасты. Осылайша сіздердің газеттеріңіз арқылы ауылымыздың мәселесі шешімін табатын болды. Тұрғындардың газетке айтар алғысы шексіз.

Көтерген мәселе аяқсыз қалып, әкімдер берген уәдесін бұрынғыдай ұмытып кетпес үшін біздің ауылдан жиі хабар алып тұрсаңыздар дұрыс болар еді».

...Газет көтерген мәселе шешімін тауып жатса біз де оған қуанамыз. Ең бастысы, берілген уәде сөз жүзінде қалып қоймай, ауыл адамдарының жағдайы жасалса болғаны да. 

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ