Айнұр ақынға құлақ түрсек

24.05.2018
Қаралды: 364

Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өзінің әлеу­меттік желідегі парақшасында көпші­лікке пайдасы тие­тін ақпараттармен жиі бөлісіп отырады. Солардың бір-екеуін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ақын айт­қан ақыл-ке­ңес­ті тыңдаған адамның өмірі түбегейлі өзгеретін сияқты.

 

Жақынға жамандығымыз тимесін, тілімізді тыяйық

 

Өз басым өсек айтпайтын адамды көрмеген сияқтымын. Үндемейтін адамның өзі кейде біреулер өсек айтып жатса қосылып отырады. Тек біреулер көп, біреулер аз айтады. «Ғайбаттағаным емес», – деп бастаймыз да, тоқтай алмай қалып жатамыз. Өзіміз жайлы әңгімені естісек ішіміз өртене жаздап, сол адамды жек көріп, дұшпан санап тұрамыз да, өзіміз өсек қылған адамның да бәрібір еститінін және оған да ауыр тиетінін мүлде ескермейміз. Әңгіменің анық-қанығына жетпей жатып тағы біреуге жай ғана әңгіме айтқандай жеткізе саламыз. Таудай үлкен күнәлар түймедей өсектерден құралатынын ұқпайтынымыз қандай қасірет еді!

 

Өсек қаншама отбасының шырқын бұзды, қаншама достың арасына от салды. Құрбылардың татулығына балта шапты. Мұсылмандарды күнаhар етті. Қаншама әйелді тозаққа отын қылды. Менің мың пайыз көзім жеткен нәрсе – әр адам біреуге тіпті тырнақтың ұшындай-ақ зияндық жасаса да міндетті түрде оның зардабын тартады.

 

Ал ғайбат айту – үлкен күнә. Бес күндік жалған дүние зу ете қалып, ертең-ақ Раббымыздың алдында тұрамыз. Сол кезде біз жамандаған адамдар көз алдымызда тұрып сауабымызды арқалап, күнәларын бізге «сыйға тартып» кете береді екен. Бірге туған бауырыңыздың етін жеп жатқаныңызды елестетіп көріңізші. Ғайбаттың жазасы тура осындай екен. Сұмдық емес пе? «Пәленің бәрі – тілден», «Жамандықтың «анасы» – өсек» деген сөздер текке айтылмаған.

 

Көп жағдайда қиындыққа тап болсақ, ауырып қалсақ: «Құдай-ай, не үшін қинап жатырсың?» – деп зар жылаймыз. Өсекті жай ғана әңгіме деп қабылдап, алданып жатамыз. «Пәленше арақ ішіп жүр, Түгенше алаяқтық жасап жүр. Ал менің жүрегім таза» деп ақталатынымыз тағы бар. Бұл дұрыс емес.

 

Ісіміз алға бассын десек, жұмысымыз жүрсін десек, ұл-қызымыз біздің жамандығымыз үшін зардап тартпасын десек, ешкімге зиянымыз тимесін десек, онда тілімізге ие болайық. Айтқыңыз келіп, тіліңіз қышып тұрса да «дәл осы әңгімені Алла разылығы үшін айтпай-ақ қояйыншы» деп аузыңызды тыя қойыңыз. Әлбетте сол үшін Сізді үлкен бір жақсылық күтеді. Алланың «Біреудің күнәсін жасырған адамның күнәларын жасырып қоямын» деген уәдесі бар. Ендеше, өсек айтудан сақтанайық, абыройдан айырылмайық, ағайын!

 

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ