82 қашқын елге 1,1 триллион теңге шығын келтіріпті

23.05.2018
Қаралды: 107

Бүгінде Қазақстан бойынша бұрын қызметте болған 82 адам іздеуде жүр. Түрлі қаржылық қылмыстар жасаған олардың елге келтірген шығыны миллиардтаған теңгені құрайды. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Астанада өткізілген интернет-конференцияда мәлім етті.

 

 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро 82 адамды іздеу үстінде. Кезінде қызметтік өкілет­тілігін асыра пайдаланған, пара алған, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, ақша жымқырған, заңсыз ақшаны айналымға салған олардың үштен екісі бүгінде шетелдерде қашып жүр. Олардың мемлекетке келтірген шығындарының жалпы сомасы 1,1 триллион теңгені құрайды», – деді А.Шпекбаев.

 

Агенттік төрағасының айтуынша, 2017-жылы 38 адам ұстал­ған, олардың 12-сі шетелдерде қолға түсірілген. Дегенмен осы 12 адамның 4-еуі ғана Қазақстан­ға берілген, олар Венгриядан, Түркия­дан және Ресейден экстрадицияланған. Қалғандары да көп ұзамай елге жеткізіледі деген үміт бар.

 

А.Шпекбаев 2015 – 2017-жылдар аралығында мемлекет бюджетіне 35 миллиард теңгеден астам қаржының қайтарылғанын да атап өтті. Агенттік басшысының айтуынша, өткен, 2017-жылы елімізде 2 мың сыбайлас жемқорлық оқиғалары тіркеліпті. Елімізде жүйеге қо­йылған сыбайлас жемқорлықтың 108 фактісі анықталып, жойылған, ұйымдасқан 5 қылмыстық топ ұсталып, жауапқа тартылыпты.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының өз жұмысында да кемшіліктер жоқ емес. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің 2017 – 2018-жылдары сотқа өткізген 7 қылмыстық ісі бойынша айыпталғандар ақталыпты. Сондықтан Ұлт­тық бюродағы өз ісінде қателік жіберген басшылар мен қызметкерлер түрлі тәртіптік жазаларға тартылған екен.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ