Арменияда не болып жатыр?

23.05.2018
Қаралды: 187

Армения Республикасының биылдан  бас­тап Парламенттік басқару жүйесіне көшкені туралы біз  газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Яғни бұл елде енді атқарушы биліктің басым бөлігінің тізгіні Премьер-министрдің қолында болады.

 

Билік басына журналист келді

 

Өткен сәуір айында Арменияда 2008 – 2018-жылдар аралығында Президент болған Серж Саргсян Премьер-министр қызметіне сайланған, ал халық оған үзілді-кесілді қарсылық білдірген болатын. Ел астанасы Ереван мен бірқатар үлкен қалаларда мыңдаған адам қатыс­қан бейбіт шерулер ұйымдастырылған, кей жерлерде күш құрылымдарымен қақтығыстар орын алған еді. Бүгінде жұрт «Барқыт төңкерісі» деп атап жүрген осы оқиғалардың соңы билікте төрт-ақ күн отырған Саргсянның қызметтен өз еркімен кетуіне апарып соққаны мәлім. Арада көп өтпей Парламент депутаттары Премьер-министр лауазымына осы халық толқуларын басқарған адамды – Парламенттегі оппозициялық «Елк» («Ұмтылыс») партиясы фракциясының басшысы Никол Пашинянды сайлады.

 

Никол Пашинянның жасы қазір 42-де. Ол Ереван Мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімінде оқи жүріп бірқатар оппозиция­лық ақпарат құралдарында еңбек еткен. Саяси көзқарасы үшін оқудан шығарылған. Кейін тәуелсіз газет ашқан.  Саяси қуған көрген, газеті билік тарапынан жабылып, өзі сотты болған. Арменияда 2008-жылғы болған халық толқуларына белсене қатысқан, сол кездегі жаппай тәртіпсіздіктерді  ұйымдастырушы ретінде айыпталып,  2010-жылы 7 жылға сотталған, 2011-жылы рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққан.

 

Пашинян 2012-жылы Армения Пар­ламенті – Ұлттық жиынға депутат болып сайланған. 2017-жылы ел астанасы – Ереван қаласының мэрі сайлауына үміткер болып қатысқан.

 

Ол – үш қыз, бір ұлдың әкесі, әйелі Анна Акопян бүгінде бір кездері күйеуі ашқан «Армения уақыты» деп аталатын газеттің бас редакторы болып істейді.

 

Елде тәртіп орната бастады

 

Кешегі аптада ел Прези­денті Армен Саркисян Армения Үкіметінің жаңа құрамын бекітті. Министрлер құрамы біршама жаңарды. Енді бірер күнде Қорғаныс министрі де ауысатыны туралы айтылуда.

 

Пашинян өз қызметіне білек сыбана кірісті, алғашқы 3 күнде-ақ бірталай тірлікті жайғап тастады. Ол туралы бүгінде жұрт жарыса жазып жатыр.

 

Мысалы, Пашинян елдің кеден қызметіне біршама жаңа ережелер енгізген. Енді  Арменияға заңды жолмен баратын тауарлар бекетте ұзақ тұрмайды, құжаттары 1 сағатта рәсімделіп бітуі тиіс. Сондай-ақ олигархтардың өз дегенін емін-еркін іске асыруына тыйым салынған. Бұрын Арменияға дизель отынын бір ғана кәсіпкер жеткізетін болса, оның бұл саладағы монополиясы жойылған, енді мүмкіндігі бар кез келген кәсіпкер дизель отынын Грузиядан әкеле алады.

 

Пашинян әскердегі тәртіпті де мықтап қолға алған. Бұрын бұл елде солдаттарды тамақтандыруға бюджеттен бө­лінген қаржы ұстағанның қолында кетіп жатқан болса, енді оған біржола нүкте қойылыпты. Жұрт бүгінде әскерилердің ішіп-жемі жақсарып, то­йына бастағанына қуанып, Пашинянға алғысты жаудырып жатқан көрінеді.

 

Қалай болғанда да Пашинян елдегі ахуалды өте жақсы білетін адамға ұқсайды. Ол таяуда Парламентте сөйлеген сөзінде ел ішінде белең алып отырған келең­сіздіктерді тізіп тұрып көрсетті, енді оларға нүкте қойылатынын қадап тұрып айтты.

 

«Бізде енді сайлаулар әділ өтетін, дауыстар сатылмайтын болады. Ел азаматтарының бәрі заң алдында тең құқылы. Экономикалық және саяси қудалау тоқтатылады. Саяси тұтқындар болмайды. Жасанды монополистерге орын жоқ. Адал кәсіппен айналысатындардың жолы ашық.

 

Енді билік басындағы қызмет орны ақша табудың тәсілі болудан қалады, коррупцияны түп-тамырымен қопарып, елден шығарып тастаймыз. Біз шеттегі армян диаспорасымен бірге жаңа Арменияның, Арцахтың құрылысын жүргіземіз», – деді ол.

 

(Армения – бір ұлтты мемлекет. Онда өзге ұлт өкілдері КСРО кезінде де аз болатын. Бүгінгі күндері Армения­да 3 миллиондай адам тұрады. Ал, жалпы, әлемде армяндар 10 – 12 миллиондай адам, олардың көбі бүгінде Еуразия мен Американың ондаған елдерінде тұрып жатыр).

 

Арменияның жаңа басшысы Таулы Қарабақ мәселесі бойынша Әзірбайжанмен келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді. Яғни ол өзін «Арцах республикасы» деп атайтын, тәуелсіздігін ешкім мойындамай отырған, тұрғындарының (151 мыңдай адам) басым бөлігі армяндар болып табылатын Таулы Қарабақты әлемнің тәуелсіз ел деп тануын қалайтынын жасырып отырған жоқ.

 

Пашинян сондай-ақ Арменияның ТМД елдерінің экономикалық-саяси-әскери одақтары – Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымынан шықпайтынын, Ресеймен, Еуроодақпен, АҚШ-пен және басқа да елдермен ынтымақтастық қатынасты тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді.

 

Қысқасы, жаңаруға бет бұрған Армения мен оның жаңа басшысы бүгінде әлемді осылайша елеңдетіп тұр.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ