Қытайдан келіп оқып жатқан студенттерге көмек ұйымдастыруда

25.05.2018
Қаралды: 18754

«Атажұрт ерікті жастары» деп аталатын ұйымның Қытайдан қоныс аударып келген қандастарымызға түрлі мәселелер бойынша жәрдемдесіп жүргенін бүгінде көзі қарақты жұрт біледі. Газетіміздің өткен нөмірінде осы ұйым мүшесі Қыдырәлі Оразұлымен болған сұхбатты жариялағанбыз. Ол кісі қазіргі күндері қытайлық қазақтардың басынан өтіп жатқан қиын жағдай туралы айтып берген еді. Ал кешегі аптада әлеуметтік желіде аталған ұйымның мынадай мәтіндегі хабарламасы жарияланды:

 

«Ерекше хабарландыру!

«Атажұрт ерікті жастары» Қытайдан келіп оқып жатқан студенттерге мынаны ескертеді және оларға көмек көрсетеді:

 

1. Жазғы каникул кезінде қандай жағдайда болса да Қытайға қайтпаңдар! Себебі осыған дейін қысқы каникулға барғандардан 97 студент ұсталып, алды саяси үйренуге қамалды.

2. Жазғы каникул кезінде барлық студенттер тегін жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етіледі.

3. Осы студенттердің үйге тегін тіркелуіне, ықтиярхат, азаматтық алуына тегін көмек көрсетіледі.

4. Дайындық курсындағы жастарға болашақ мамандық таңдауына тегін кеңес беріледі.

5. Студенттерге тегін ағылшын және орыс тілі курстары ұйымдастырылады».

 

Бұл хабарландыру соңында ұйымдастырушылар (Қы­дырәлі Оразұлы – 8-707-266-88-99, Серікжан Біләш – 8-777-827-56-27) мен студенттер үшін жауапты адамдардың (Ерболған – 8-747-594-30-54, Гүлнұр – 8-747619-89-17, Тоғжан – 8-707-899-54-74) телефон нөмірлері көрсетілген.

 

Бізге осы аталған азаматтардың ішінен Ерболғанмен байланысудың сәті түсті. Оған бірқатар сұрақтар қойдық.

 

– Ерболған, мұндай хабарлама берулеріңізге басты себеп болып отырған жайды таратыңқырап айтып беріңізші.

 

– Бұған себеп болып отырған мәселелер аз емес. Ең бастысы, Қытайдан келіп, елімізде оқып жатқан студент­тердің алдағы каникулдағы жағдайы оңай болмайын деп тұр. 25-мамырдан кейін олар өздері тұрып жатқан жатақханалардан шығарылады. Басым көп­шілігінің бұл жақта туған-туыс, таныстары жоқ, сондықтан олар Қытайдағы туып-өскен ауылдарына қайтуға мәжбүр болады. Ол жақта оларды қауіп тосып тұруы әбден мүмкін.

 

Студенттерді Қытай жағы шақырып жатыр. Ал олардың көбі әлі Қазақстан азаматтығын алмаған, ықтиярхатының мерзімі өтіп кеткендер бар. Құжаты дұрыс болмаса, басы сарсаңға түседі.

 

– Бұлай дабыл көтеру­леріңізге не себеп болып отыр?

 

– Хабарландыруда айтылғандай, осының алдында, қысқы каникулға барған біраз студенттер Қазақстанға қайтпай қалды. Олардың ұсталып, бір­қатары саяси үйрену орталығы деген жерге қамалғаны белгілі болып отыр. Солардың көбі 2-ші, 3-ші курс студенттері еді.

 

– Олардың кінәсі не?

 

– Мәселенің бәрі құжатқа келіп тіреледі. Бұл жақта ықтияр­хат, азаматтық алу қи­ын. Кейде ықтиярхат, виза, азаматтық аламын деп жүрген адам оған үлгермейді. Құжатының жарамдылық мерзімін өткізіп алады. Сондайлар шека­радан өтерде ұсталса, Қытай сақшылары оларды заң бұзған адам ретінде тиісті орындар­ға тапсырады.

 

– Ал ұсталған адам әлгі «Саяси үйрену орталығында» қанша уақыт болады?

 

– Оны Қытай жағы өз қалауынша соза береді. Ал­ғашында бір-екі аптаға қамаса, кейін екі-үш айға, жарты жылға, тіпті 1 жылдан да асырып қамай беретін бол­ған.

 

– Осы орайда елге қоныс аударып, оқуға келіп жат­қан қандастарымыздың тиісті құжаттарға қол жеткізе алмауына қатысты қандай келеңсіздіктерді атап айтар едіңіз?

 

– Жаңа айттым ғой, құжат рәсімдету қиын. Жұрт екі ортада делдалдарға алданып қалып жүр. Жастарды көбіне құжат жасатып беремін деген осындай делдалдар сазға отырғызып кетеді. Олар ақысын алдын-ала иеленіп, «әне әпере­мін», «міне әперемін» деп жүргенде уақыт қарап тұрмайды, зулап өте шығады. Осылайша алданған талай балаларды білеміз.

 

Делдал 60 – 70 мың теңгесін алады да, құжатты уақтылы жасатып бермейді. Мысалы, ықтиярхат алудың өзі бірер аптада біте қоятын жұмыс болмай тұр, аяғын 6 – 7 айға дейін созып жібереді. Одан бөлек, оралман куәлігін алу, азаматтық алу бар – осының бәрі Қытайдан келген қазақтар үшін оңай шаруа емес. Мысалы, ықтиярхат екі жақтан да 6 айға беріледі, оны аламын деп жүргенде осы 6 айдың да зулап өте шығатыны бар. Ал ол екі арада студенттің Қы­тайға қайтуы керек болып қалады, Үлгермесе, заң бұзушы болып шыға келеді.

 

Мен сізге бір ғана мысал айтайын, содан-ақ біле беріңіз. Таяуда Қазақ Ұлттық уни­верситетінде 3 жыл оқыған бір азамат елден шығарылды. Себеп сол – азаматтық ала алмай кетті, виза уақыты біткесін Қытайға қайтарылды. «Бауырыма кел дегенде келіп едім, Алматы, бауырымнан теуіп келген жағыма қайтардың», – деп жылап кетті ол. Бізде әкімшілік жаза «Көші-қон» заңы бойынша емес, Ата заң бойынша қолданылады екен. Яғни Ата заңда өзге ел азаматы бір мәрте тәртіп бұзса (бұл жерде құжат мерзімі өтіп кеткен) болды, елден шығарады екен.

 

– Қазақстанда оқып жүр­ген қытайлық қазақ студент­терінің жалпы саны қанша? Сіздерде бұған қатысты қан­дай да бір мәлі­меттер бар ма?

 

– Қытайлық қазақ жастары Қазақстанның Орал, Ақтау, Ақтөбеден басқа аумақтарының бәріндегі жоғары оқу орындарында оқып жүр. Жалпы, 2013-жылдан бері 5 мыңнан астам жастар келіп, оқуға түскен екен. Азаматтық ала алмағандықтан, сол сияқты бас­қа да түрлі себептермен оқуын бітіре алмай кеткендері де бар.

 

Тіпті бұл жақта оқу бітір­генімен әлгіндей себептермен тұрақтап қала алмай, Қытайға қайтқандар ол жақта мамандығымен жұмыс істеп жүрген де жоқ. Ол жақта мал шаруа­шылығымен, егін шаруашылығымен айналысады.

 

Біз әзірге Қазақстанда оқып жүргендердің нақты санын білмейміз, алдағы уақыттарда біліп қалармыз. Одан бөлек, оқуға түсу үшін дайындық курсынан өтіп жүргендер, Қазақстанға үйреніп, бейімделуі үшін ата-анасы мектепке жіберген 10 – 11-сынып оқушылары да бар. Орыстанып кеткен жерлерде орыс тілін үйренуі керек болады. Солардың біз шамамен 60 пайыздайымен байланысып, ескерттік, қал­ғандарымен әзірге байланысымыз жоқ. Хабарландыруды да сол үшін беріп отырмыз. Балалар білсе, босқа ұрынып қалмаса екен дейміз.

 

– Хабарласып жатқандар бар ма?

 

– Бар. Менің өзіме қазірге дейін 15 студент хабарласты.

 

– Олардың барлық жағдайын жасауға уәде беріп отырсыздар. Бұл өзі мүмкін бе? Қажетті қаржыны қайдан аласыздар?

 

– Біз ұлтжанды азаматтардың жәрдемінен үміт күтеміз. Ілгеріректе Қытайдан келіп, орнығып қалған, кәсіппен айналысатын бауырларымыз бар, ұлтын сүйетін, Қазақстанды Отаным деп жүрген азаматтар бар, алды көмек қолын ұсынып жатыр. Бірақ әзірге ондайлардың қатары аз.

 

Әрине, студенттерге жатын жер, ішіп-жем тауып беру, тағы басқа да жағдайларын жасау қыруар шығынды талап етеді. Дегенмен біз тәуекел етіп отырмыз. Қиын жағдайдағы бауырларына көмек­те­семін деп ниеттенуші азаматтар бізбен хабарласса бо­лады.

 

Біз студенттерге жаз кезінде істейтін жұмыс та тауып берсек дейміз. Өйткені олардың көбінің ата-анасымен байланысы жоқ, әкелген қаржылары таусылған, ақылы бөлімде оқитындықтан оқудан шығып қалудың алдында тұрғандары да бар. Біз оларды барынша үгіттеп, Қытайға қайтпай-ақ қой деп жатырмыз. Соған қарамастан тәуекел деп ол жаққа баруды шешіп отыр­ғандар да бар. Аз емес.

 

– Олар неліктен көнбей отыр?

 

– Қытайда бала туу шек­тел­генін білесіздер ғой. Қытайдан келіп, Қазақстанда оқып жатқан студенттердің көбі бір-екі балалы үйдің перзенттері. Олар ата-анасының амандығын біліп, аунап-қунап қайт­қысы келеді.

 

– Жалпы, Қытайдан келген қандастарымызға көмек ұйымдастырушы, олардың жағдайын жақсы білетін адам ретінде жұртшылыққа не айтар едіңіз?

 

– Оралмандарға, әсіресе Қытайдан келген қандастарға жанашырлықпен қарап, қолдан келген көмегін көрсетсе екен деймін. Оларға қазір қиын. Білесіздер, біз түрлі себептермен арғы бетте туыстары қалып, қиналған отбасыларға жәрдем ұйымдастырып та жүр­міз. Осы уақытқа дейін 40-тан астам отбасыға қолдан келген жәрдемді жасадық.

 

Тиісті құжат ала алмай жүргендерге көмек берілсе олар осынша қиналмас еді, алаяқ делдалдарға алданбас еді.

 

Менің өзім Қазақ Ұлттық университетінің физика-астрономия факультетін бітіргенмін, бірақ мамандығым бойынша жұмыс болмағандықтан құрылыста істеп жүрмін. Қытайдан келгендерге шамам жетке­нінше көмектесудемін. Мұндай көмекті еліміздің кез келген азаматы жасай алар еді. Біз осыдан үміттенеміз.

 

– Әңгімеңізге рахмет, істеріңізге сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – Т. ТҰРАН.

Ерболғанның байланыс телефоны: 8-747-594-30-54.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ