Қатонқарағай ма, Қотанқарағай ма?

22.05.2018
Қаралды: 246

Өмірде кейде таңқалдырып, ойландырып қоятын жағдайлар болады. Соның бірін біз Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай жерінде қар жауғаны туралы мақала жазып болғасын бастан өткердік. Яғни «Замананың» электронды почтасына осы Қатонқарағайдың атауына қатысы бар қызық мәтіндегі бір мақала келіп түсті. Мақала авторы, Шымкент қаласының тұрғыны былай деп жазыпты:

 

 

Мен 64 жасқа келгенше бірде-бір газетке немесе журналға мақала жазбаған едім. Бүгін бір мәселе жайында жазуды шештім. Мұны газеттеріңізде жарияларсыздар деген ойдамын.

 

Осыдан бес-алты жыл бұрын теледидардан Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданының атауы туралы пікірталас болып жатқанын көрген едім. Сонда біреулер бұл жер аты «Қатын қарағай» деген сөзден шыққан болуы керек деді, бірақ оған еш­қандай да дәлел келтіре алмады. Мен сол сөздің төркінін енді тапқандай болып отырмын.

 

Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында өсіп, сол жерде орта мектепті бітірдім. Біздің тұрған жеріміз Қаратаудың солтүстік беткейінде,  Теріскей деп аталады. Қысы суық, кей жылдары ауа температурасы 30 градус аяздан асып  40 градусқа дейін жетеді. 1970-жылдарға дейін біздің ауыл отқа тек сексеуіл жағатын, сол кездегі көп тараған жүк көлігі – «ГАЗ-51»-мен әр үй кем дегенде 3 рейс сексеуіл түсіріп қысқа дайындалатын еді.

 

Сексеуілді ол кезде ауылдан 40 – 50 шақырым жерден сындырып әкеле беретінбіз, ауылдан бастап құмның жиегіне дейін 40 шақырым еді. Содан кейін құм басқан қыраттар басталатын, құмның жиегінде «Қотаншеңгел» деген жер бар еді.

 

Жақын арада мынадай жағдай болды. Ескінің көзі ғой, білетін шығар деп жасы 80-дегі қайынағамнан дастархан үстінде: «Осы «қотан» деген сөз қандай мағына береді?» – деп сұрадым. Сонда ол кісі аузын ашамын дегенше жасы 44-тегі жеңгеміз: «Өзі бір айтылуы ыңғайсыз сөз екен», – деп қалды. «Қотан деген – өрістен келген қойларды түнемеге қамайтын жер, төбесі ашық қой қорасы», – деді қайынағам бізге бұл сөздің мағынасын түсіндіріп.

 

Бұдан кейін мен кітапханаға барып қазақ тілінің түсіндірме сөздігін ақтарып көрдім. Расында да бұл мал баққан қазақтың сөзі, қазір архаизмге айналып бара жатқан жайы бар сияқты.

 

Біз жақтағы қазақтар ертеде мал бағып жүргенде жылы болады деп құмның ішін қыстаған да, көктем шыға тау етегіндегі далаға көшкен. Себебі құмда көктем шыға кене көбейіп кетіп, малдың жағдайы нашарлайтын болған. Құмда да, тау етегіндегі аймақта да қоралар бар. Ал бұрынғы кезде көшпелі қазақтар ұжымдастыруға (1930-жылдарға) дейін көшіп бара жатып, жолай далаға қонғанда, ауылда 10 үй бола ма, 30 үй бола ма (киіз үйлер) – бәрі алқа-қотан қонған екен.

 

Мен лингвист немесе тіл маманы емеспін, дегенмен өз әлімше түсіндіріп көрейін. «Алқа-қотан» сөзінің мәні – үйлер жолда шеңбер сияқты дөңгелене қоныстанады. Алқа – әйелдер мойнына тағатын дөңгеленген әшекей. Яғни қотан – осындай көріністе айнала тігілген үйлердің ортасы. Бұл жерде қойлар түнде жатады, ал айнала қонған үйлер және үй арасындағы  ауыл иттері түз тағыларына қойды алдырмайтын қорған болады.

 

Қысқасы, мен айтып отырған «Қотаншеңгел» сөзінің мәні енді түсінікті сияқты. Шеңгел – тікенегі көп, биіктігі адам бойындай бұта. Ол табиғи түрде дөңгелене біткен жердің ортасы бос. Ит-құстан қорған сияқты. Міне сізге дайын жер аты – Қотаншеңгел.

 

Сол сияқты, менің ойымша,  Қотанқарағай деген же

 

рде қарағайлар да табиғи түрде дөңгелене өскен, орталары алаңқай болуы керек. Оны күнделікті көріп жүрген немесе тікұшақпен үстінен өткен адамдар айта алады. Өз басым Қотанқарағайды көріп тұрғаным жоқ, бірақ елестетуім бо­йынша дөңгелене өскен қарағай ормандарының арасында ашық алаңқайлары болуы мүмкін. Содан жер атауы Қотанқарағай болып, кейін өзгеріп кеткен сияқты.

 

Мен бір мысал келтіре кетейін. Біздің сексеуіл өсетін құмның жиегінен құм төбелердің (жалдардың) ішіне кірген соң «Астау-оба» деген жер бар. Құмдағы машина жүретін жолдың екі жағалауы ұзыннан-ұзақ оба, жобамен 1-2 шақырым және олар өте түзу орналасқан. Міне сізге қазақтың ұшқыр қиялы, әсірелеп айтуы, ұқсастыққа қарап қойған атауы. Әйтпесе мен осы уақытқа дейін сондай ұзын астау кездестірген емеспін. (Астау – малға жем-шөп салатын төрт бұрышты ыдыс, екі қыры енінен ұзын болып келеді. Немесе ол – ұзынша ағаштан жасалған ыдыс, дастарханға ет тартуға арналған).

 

Мен осы мақаланы жазар кезде Бетпақдалада Қотантас деген жер бар деп естідім. Оны көрген емеспін, бірақ оның ортасы алаңқай, ал жағалай дөңгелене орналасқан тастар екенін көз алдыма елестетемін.

 

Жоғарыда аталған Қатонқарағайға байланысты «қатон» (немесе «катон») сөзін интернеттен іздеп көрдім, ондай сөздің орысша не қазақша мағынасын таба алмадым.

 

Орысша кей сөздердің жазылуы мен айтылуында «о» және «а» әріптеріне байланысты біраз өзгерістер болатыны белгілі. Мысалы «корова» – «карова», «огород» – «агарот» деген сияқты Қотанқарағайдың атауы да орыстардың бұзып сөйлеуімен Қатонқарағай болып кеткен сияқты.

 

Кей сөздердің ұмытылуының бір себебі мынада: Кеңес Одағы кезінде бір қора қойды «бір отар қой» деп айттық. Ал қазақта бұрын көп қойы бар адам туралы «қотан-қотан қойы бар», көп түйесі болса «келе-келе түйесі бар», көп жылқысы болса  «үйір-үйір жылқысы бар» деп айтылған.

 

Осы орайда мен ұлттық ономастика комитетінің назарына мынадай ұсыныс айт­қым келеді: Қазақстан Республикасындағы үлкен бір ауданның атын қазақша жазу керек сияқты. Себебі бұл атау бабаларымыздың сөзі. Ал «қатон» сөзінің мағынасы жоқ, Қотанқарағай сөзі мағынаға ие болар еді.

 

Атымтай АЙСЕКЕНОВ, зейнеткер».

Редакциядан: А.Айсекеновтің бұл мақаласына қатысты, жалпы, ел ішіндегі атауы өзгеше жерлер туралы қандай да бір айтары бар жандар болса, біз олардың пікіріне де газет бетінен орын беруге дайынбыз.

 

Атымтай Айсекеновтің байланыс

телефоны: 8-707-731-89-91.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ