Ана жүрегі перзентін өзгеге қимай қиналады екен

21.05.2018
Қаралды: 204

Отбасын құрған алғашқы кездері енемнің өз ұлын менен қызғанатынын сезетінмін. Өйткені әр сөзінде баласын мақтап: «Үйленгенше жанымда жатушы еді», – деп қайталай беретін. Тіпті кей күндері оның жұмыстан кеш қайтатынын сылтауратып: «Түн ішінде мазаңды алмасын, менің қасыма-ақ жата салсын», – деп қасына оған арнап төсек салып қоятын.

 

Жаспыз ғой, ананың махаббатын түсінбей, енемді жек көруші едім сол кезде. Күйеуім де көңілін аулап анасы салған төсекке жата қоймай, бөлмемізге жетіп келеді. «Туып-өсіріп жеткізгенімді елең қылмай, келіншегін артық көріп кетті менен», – деп ренжитін болуы керек, енем ертеңіне жоқ жерден ұрыс шығарып, бір қуырып алатын.

 

Сөйтсем енемнің бұл ұрысының астарында ұлының көз алдында мүлдем бөтен адам­ға айналып, мейір-махаббатын, уақытының көбін өзіне емес, басқа адамға арнағанына көндіге алмаған көңілі мен қызғанышы жатыр екен-ау. Ол кезде оны ұғатын сана қайда? Енемді жөн-жосықсыз жек көріппін. 

 

...Алғаш рет толғақтың ащы дәмін татып, қиналып бала тапқанда бір кезде өзімнің де анамды қинап жарыққа шыққанымды ойлап жылағанмын. Еркелікпен, есерлікпен сөз қайтарған, тілін алмаған кездерім еске түсіп, іштей анамнан сан мәрте күбірлеп кешірім сұрағаным бар еді сол кезде. Ал енді осыдан екі апта бұрын қызым аяқ астынан тұрмысқа шығып, «шок» болғанда өзімнің де анамның жүрегін осылай ауыртып кеткенімді түсіндім. Байғұс анам: «Сен кетсең мен сағыныштан өліп қаламын-ау», – деп көп айтатын. (Сөйтіп мені алысқа оқуға жібермегенде күйеуге қалай қиды екен?)

 

Анамның өзіме деген махаббатын түсінбестен, мен оны өзім қалаған оқуға жібермеді, Алматыда оқығанымда өмірім керемет болар еді деп бертінге дейін жазғырып жүрдім. 

 

Енді, міне, «Сиырға туған күн бұзауға да туады» демекші, қызым күйеуге шығып, анамның да, енемнің де басындағы жағдайларды жан-жү­регіммен сезініп, түсін­гендеймін. Туған перзентіңнің көз алдыңда өзгеріп, махаббатын басқа жанға арнауына ана жүрегі тез көндігіп кете алмайды екен. Содан жоқ жерден мінезің сан құбылып, ұрыс шығарғың келіп тұрады. Іштей теңін, орнын тапқанына қуанып, бақыт тілеп тұрғаныңмен қалайша тез болып қалды, неге асықты деген көндікпеу мен қарсыласу көңілді нілдей бұзады.

 

Мұндай қимастық барлық анаға тән бе, әлде мен өзім біртүрлі адаммын ба? Әйтеуір ішімді алай-дүлей еткен аласапыран бір сезім басылар емес. 

 

Өзімдегі осы сезімді қайын­ене болуға дайын еместігімнен, қыздарымды әлі жас көріп, алаңсыз жүргеннің әсерінен-ау деген ой түйдім. Таныс өзбек келіншек: «Біз қызға боқша жинауды 7-8 жасынан бастаймыз. Жайлап ыдыс-аяғын, көрпе-көрпешелік маталарын алып қоя береміз», – дегенде, мен: «Қызың күйеуге шығам дегенше ол бұйымдарың сәннен қалып кетпей ма?» – деп күлгенім бар еді. Сөйтсем бұл бір жағынан анасы үшін де, қызы үшін де психологиялық дайындық екен-ау. Әр бұйымды алғанда өзің қызыңды күйеуге беруге дайындаласың, ал қызың бір үйдің келіні болатынын сезінеді. Іштей қызын психологиялық жағынан босатады. Ал біз ешбір дайындықсыз отырамыз да, басымызға тас түскендей есең­гіреп қаламыз. 

 

Ене болу – есті, салиқалы болу деген сөз екен, құрбылар, замандастар! Қит еткен артық сөзің жастардың сезіміне селкеу түсіріп жіберуі бек мүмкін. Сондықтан сағынышың өзегіңді өртеп бара жатса да кеудеңде тұншықтырып, жан-діліңмен балаларыңа бақыт тілеуден өзге амал қалмайды.

 

Қайда жүрсе де аман болсыншы екеуі! Қызымды күйеу­балама сеніп тапсырып, босаттым. Әйтпесе өзімді де, оны да қинап жібердім-ау деймін. «Құп жарасып қосылу Пайғамбар салған жол дейді», – деп Мерей қызым айта беретін «Ау, шадияр» өлеңін­дегідей, үйленіп, үй болу да Пайғамбардың жолы ғой.

 

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ