Ізет апаның ізі өшпейді

21.05.2018
Қаралды: 299

Ақиық ақын Мұхтар Шахановпен біз түйдей құрдаспыз. Сондықтан ол кісінің қуанышына да, қайғысына да ортақтасып жүремін.

 

Мұхаңның аяулы әпкесі – Ізет апаның таяуда дүние салғаны белгілі. Ол кісі бір ғасыр ғұмыр кешкен жан еді. Апа өмірден өткенде Шым­кенттегі сыйлас жандар бірге барып, Мұхаңа, Ізет апаның балаларына көңіл айтып қайт­қанбыз.

 

Таяуда Ізет апаның 40 күндік асы берілді. Мен оған Шымкенттен бір жолдасыммен бірге барып қатыстым. Мұхаң Сарыағашта демалып жатқан жерінен келіпті.

 

Апамыздың Қасқасудағы үйінде аулаға үлкен шатыр тігіліп, ас сонда өткізілді. Біз Қасқасуға жете бергенде жа­уын басталған еді, ол біз   қайт­қанша жауып тұрды. Жұртшылық соған қарамастан Ізет апаның үйіне алыс-жақыннан ағылып келіп жатты. Мұны біз үлкен-кішіге, ауыл-аймаққа сыйлы болған, өмірде ғибратты ізі қалған ардақты жанның рухына  көр­сетілген құрмет деп ұқтық. Жерді көгертетін жаңбырдың өзін де жұрт нұрға теңеп жа­тады ғой, аспаннан нұр жауып тұрды сол күні. Аға­йын-туыс, құда-жекжат, замандас, сыйлас адамдар асқа түгел қатысып, Ізет апаның рухына дұға ба­ғыштадық.

 

Жиында біраз адамнан ол кісінің өнегелі өмірі жайлы естідім. Бұрын да Ізет апаның ғибратты сөздері жөнінде естіп, газеттен оқығандарым бар еді. Негізі, апа мінезі өзгеше жан болған ғой. Артында өнегелі істері мен жақсы сөздері, ұрпағы қалды.

 

«Жақсының аты өлмейді» деген бар. Сол сияқты ардақты Ізет апаның есімі ұрпақтарының және оны білген, сыйлап-құрметтеген жандардың жадында әрқашанда сақталары сөзсіз.

 

Мұхаң да сол күні Сарыағашқа қайтты, біз Шымкент­ке оралдық. «Достан – дұға» деген осы да.

 

Апамыздың жатқан жері жайлы, топырағы тор­қа болсын деймін.

 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Айдарбек Қыдырбекұлының байланыс

телефоны: 8-702-485-01-83.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ