Қатонқарағайда қар жауды

21.05.2018
Қаралды: 244

Мамыражай мамыр айының ортасында Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында, Үлкен Нарын, Ұлан, Зырян аудандарында қар жау­ды. Табиғаттың бұл мінезі жұртты біраз әбігерге салғаны анық. Осы орайда біз Үлкен Нарын ауданындағы Қатонқарағай ауылының тұрғыны Мағрипа Кешілбаевамен хабарласып, ол кісіні әңгімеге тарттық.

 

«Қар бізде 14-мамыр күні таңертең, екі-үш сағаттай үздіксіз жауды. Жерді әжептеуір қар басты, дегенмен кейін еріп кетті. Қазір біз жақта қар жоқ. Жағдайымыз жаман емес.

 

Ауа райы енді жылына бастайтын шығар. Әзірге ызғар бар. Үйге от жағып отырмыз. Қазір ғана пешке тағы да бір шелек көмір салдым.

 

Жалпы, біз жақта көктемде қардың жаууы тым тосын құбылыс саналмайды. Сол себепті жұрт оған іштей дайын жүреді. Мұндай жайлар бұрын да талай мәрте болған. Сондықтан көмірді артығымен алып, осы уақыттарға дейін жеткізуге тырысамыз», – дейді М.Кешілбаева.

 

Бізге осы ауылдың тұрғыны Майя Қасымовамен де тілдесудің сәті түсті.

 

«Біздің жақта қыстың жеті-сегіз айға созылуы үйреншікті құбылыс, – дейді ол кісі. – Сондықтан жұрт қыстың қамын жазда жасап қояды. Кешегі қар біраз тоңдырғанымен аса әбіржіте қойған жоқ. Өйткені мұндайға жұрт әу бастан дайын жүреді.

 

Үйді жылыту үшін көмір жағамыз. Өткен қыста оның тоннасы 12 мың – 13 мың 500 теңге аралығында болды. Бізге ол Семейден жет­кізіледі. Тек тамызық мәселесі қиындау. Бұрын орманнан ағашты беймарал кесіп ала беретінбіз. «Қатонқарағай» ұлт­тық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның тізіміне ендірілгелі бері ағаш әр отбасыға өлшеніп берілетін болған, 2 текше метрден беріледі. Үш  қайың ағашын кесіп береді. Оны да таудан ақысын беріп, трактормен тасып аламыз. Тамызыққа соны жеткізуге тырысамыз. Жетпесе, кейін сатып алуға да болады.

 

Жалпы, бізге қыстан шы­ғуға 4-5 тонна көмір жетеді. Себебі бұл жақта үйлер шағын етіп салынған, тез жылиды, жылу сақтауға бейім.

 

Ауылымызда 2 мыңдай адам тұрады. Өйткені өзге ұлт өкілдері көшіп кеткен. Мұнда тек қана қазақтармыз. Тұрғындар мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысады. Жазда демалысқа келетіндерге қызмет көрсетіп табыс табатындар бар. Жеріміздің табиғаты әсем. Тұрмыс-тіршілігіміз қарапайым. Өзіміз шаруадан артылмасақ та балалардың жақсы білім алуына барынша жағдай жасауға тырысамыз.

 

Алда, шамамен 18 –19-мамыр күндері «Құралайдың салқыны» келеді. Сол кезде де қар жауып, күн суытады. Ол жыл сайын дәл осы кезде қайталанады.Сосын ауа райы біртіндеп жылына бастайды».

 

...Қатонқарағайдың тұрғындарынан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Бұл ауыл кезінде Қатонқарағай ауданының орталығы болған екен, сол кезде 4 мыңнан аса адам тұрыпты. Кейін Үлкен Нарын ауданымен қосылып, орталығы Үлкен Нарынға ауысқан.

 

Қатонқарағай – осы аттас ауыл әкімшілігінің орталығы, ол табиғаты тамылжыған, бұғы, маралымен әйгілі «Қатонқарағай» ұлттық табиғи паркінің аумағында, Алтай тау­ларының баурайында орналасқан. Ол өзі құрамына кіретін Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласынан 400 шақырым қашықта жатыр. Қатонқарағайға екі ғана жолмен – Зырян жақтан, асулар арқылы, сосын Ертістегі «Бұқтырма» су қоймасы арқылы пароммен жетуге болады.

 

Таулы жер болғандықтан Қатонқарағайда әсіресе көктемде ауа райы жиі құбылып тұрады екен. Жазда барғандар онда рахаттана демалып, ем алып қайтады. Ал қыркүйектен ауа райы суыта келе қазан айының ішінде қыс түседі.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ