Жақсылық айында жақсы амалдар жасайық

25.05.2018
Қаралды: 253

Қадірлі бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла-тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!  Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп, он екі айдың сұлтаны деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауыз­ашар дастарханы рухани сұх­баттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

 

Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен бас қосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

 

Рамазан – рақым айының құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла-тағала Өз мейіріміне бөлейді. Кешіргенге кешірім жасалады.

 

Рамазан – жақсылық айында жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте ай­тылғандай, «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа 10 еседен 700 есеге дейін сауап жазылады».

 

Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқ­таж жандарға көңіл бөліп, қа­йырымдылық іс-шараларға бел­сенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді Рама­занның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз.

 

Құрметті жамағат! Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы 2018-жылды «Ислам және отбасы жылы» деп атады. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, нау­қас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуа­ныш­қа бөлеу – садақа.

 

Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішім­діксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді біл­діремін.

 

Құрметті қауым! Рамазан құтты, берекелі болсын, қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

 

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасыныңтөрағасы, Бас мүфти.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ