Шымкентте Арбат ашылды

22.05.2018
Қаралды: 297

Кешегі аптада Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенов және Бекет батыр  көшелерінің қиылысынан жаяу жүргіншілер көшесі – Арбат ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі, бұл мәдени орынның мән-маңызы жөнінде айтып өтті.

 

Шымкент Арбатының ұзындығы Мәскеудің әйгілі Арбатының ұзындығымен (1200 метр) шамалас, 1 шақырымды қамтиды. Ол енді қала тұрғындарының отбасымен бірге серуен құрып, демалатын бірегей орындарының біріне айналмақ. Алдағы уақытта онда арка, Суретшілер үйі салынады. Яғни Шымкент Арбаты шығармашылық адамдары үшін де сүйікті орта болады. Жобада алдағы уақытта шешімін табатын тағы да басқа нәрселер бар.

 

Арбаттың құрылысы өткен жылдан бері жүргізілгені белгілі. Қазір ол – бірнеше жүздеген метр жаңа аяқжолдар төселген, тіпті велосипедшілер үшін де арнайы жол салынған, абаттандырылып-көгалдандырылған, тап-тұйнақтай әдемі көше. Бұрыннан жайқалып тұрған ағаштарға қоса жаңадан тағы да жүздеген ақ қайың, жөке, талшын көшеттері, раушан гүлдері отырғызылған. Түнде жарық беретін 80-ге тарта көше шамдары, торшерлер орнатылған.

 

Қысқасы, Шымкенттің өз Арбаты пайда болды. Осындай көшенің тағы бірі алдағы уақытта қаланың Асқаров және «Бейбітшілік» көшелерінің қиылысқан тұсынан бастау алмақ. Бұйыртса, ол да биылғы жылы пайдалануға берілетіні туралы айтылуда.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ