«Заманада» 20 жылда 100 мыңға жуық ақпарат жарияланды

23.05.2018
Қаралды: 215

Құрметті оқырман! Міне, Сіз қолыңызға «Замананың» биылғы жылғы 20-нөмірін алып отырсыз. Газетіміздің 1998-жылғы 28-мамырдан шыға бастағанын білесіздер. Яғни енді бір аптадан соң «Замана» 20 жасқа толады. Бұл – газетіміздің осы 20 жылда шығып отырған 977-нөмірі.

 

 

Қарапайым арифметикаға са­лып есептесек, «Замана» осы жылдар ішінде оқырманды шамамен  100 мыңға жуық оқиғадан құлағдар етіпті. Яғни жұртшылық «Заманадан» осынша ақпарат алды, өмірдің түрлі салаларын қамтитын мақалаларды оқыды. Газетіміз аптап ыстық, қақаған аяз демей, жылдың төрт мезгілінде оқырманды еліміз бен шет мемлекеттерде болып жат­қан мыңдаған айрықша ақпараттар мен тың жаңалықтардан құлағдар етті. Адамға ой салатын, көңіл көкжиегін кеңей­тетін танымдық-тағылымдық мақалалар да «Заманада» мыңдап жарияланды. «Замана» әрқашан оқырман мүддесін бәрінен де биік қойды.

 

«Заманада» өткен 20 жылда жарияланған мыңдаған ақпарат, мақалалар – бұл өшпестей болып тасқа басылған тарих бет­тері. Онда біздің де, Сіздің де іздеріміз, қолтаңбамыз, тілек-ниет, ықылас-пейіл, үміт-сенім­деріміз, еткен еңбек, төккен теріміз жатыр. Бұл жылдарда Сіз әрдайым біз­бен бірге болдыңыз, қолдап-қуаттадыңыз, бірге қуандыңыз. Сол үшін Сізге мың алғыс, Сіз­ге Алланың нұры жаусын! Өздеріңізбен әрдайым бірге болып, әрқашан да көңілде­ріңізден шығып тұру – біз үшін үлкен мәртебе.

 

...Сөз соңында мына жай туралы да айта кетсек дейміз. Бү­гінде 2018-жылдың екінші жарты­жылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны жүріп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Заманаға» алдын-ала жазылып қойыңыздар. Қандай да бір  теріс пиғылды тараптың немесе өз ісіне немқұрайды қарайтын жандардың «Замана» шықпай қалған», «Үйіңізге жеткізіп беретін почташы жоқ» деген сияқты сылтауларына сен­бе­ңіздер!

 

Бұлай деуімізге себеп бар. Бізге ел ішіндегі бірқатар оқырмандарымыз «Заманаға» жазыла алмай отырғанын, газетіміздің кей әкімдердің жазылуға міндет­тейтін «разнарядкасында» атымен жоқ екенін хабарлауда. Негізі бұл біз үшін жаңалық емес, ондай бұрын да болған. Сондықтан ондай  басшы азаматтарға өзінің ұяты білсін деуден басқа айтарымыз болмай тұр. Жа­ғым­пазданып-мақтау, жамандап-даттау немесе қорқытып-үркіту де ойымызда жоқ. Біз тек өз қалауына адал, құқын қорғай білетін, талғамы жоғары оқырмандарымыз­ға ғана сенеміз, соларға үміт артамыз.

 

Жалпы, әлгіндей тізімдерде ресми болсын, тәуелсіз болсын бас­қа газеттердің жүретіні белгілі. Біз жұртшылық оларға жазылмасын демейміз, алалау болмасын, барлық газеттерге тең құқық беріл­сін дейміз. Бірақ, өкінішке орай, бұл саладағы кейбір құйтырқы іс-әрекеттерге әлі де тосқауыл қо­йылмай келеді.

 

Бізге «Заманаға» жазылса, тиісті газетінің тым кешіктіріліп апарылатынын, тіпті мүлде жеткі­зілмей қалатынын, сондықтан оны ауыл, аудан орталықтарынан іздеп жүріп сатып алып оқитынын айтып хабарласатын оқырмандарымыз да бар. Ол туралы біз бұрын-соңды талай мәрте жазғанбыз. Біз осындай қиындықтарға қарамастан «Замананы» қалайда тауып алып оқи­тын жанкүйер­ле­рімізге өз алғысымызды біл­діреміз.

 

«Заманаға» жазылыңыздар, оның уақтылы жеткізілуін таратушы мекемелерден талап етіңіздер. «Замана» осы жиырма жыл ішінде бірде-бір рет шықпай қалған емес, апта сайын уақтылы жарық көріп, тиісті жерлерге жөнелтіліп жатады.

 

Ендеше, алдағы уақыттарда да бірге болайық, қадірлі оқырман!

 

Біз Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Жасаған ізгі амалдарыңызды Алла қабыл етсін, мұрат-мақсаттарыңыз орындала берсін!

 

Ізгі ниетпен: «Замана» газеті

редакциясының ұжымы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ