Тәрбиесі кем жандар қайдан шығып жатыр?

18.05.2018
Қаралды: 165

Баланың тәрбиесіне қарамақ түгілі, бетін көруге уақыты болмаған бабалардың балалары тексіз болған жоқ. Неге? Себебі анасы ақылды әрі текті болды. Әкесі ұрпағының емес, елінің болашағын ойлап алысты. Ал ана елдің болашағын отаға­сының қолына тапсырып, өзі болашақ ұрпақ тәрбие­сімен айналысты.

 

Қазір біздің мынау шашылып жат­қан, мән-мағынасы қалмаған қоғамда бәрі бар. Соның бірі – «Баланы қалай тәрбиелеу керек?» семинар-тренингі. Сонда ата-ана ақыры  баласын қалай тәрбиелеу керектігін білмей­тіндей күнге жетті ме? Тренинг жүргізіп тұрған көкемнің құлқынын жеген – ақша, басқа ештеңе емес. Сіз келіп оның курсына жазыласыз, содан кейін барып «е, баланы осылай тәрбиелеу керек екен ғой» деп мәз боласыз. Әсіресе кейінгі буын арасында үй болып жатқан, балалы болып жатқан аналар арасында жиі кездеседі. Әкесі – ынжық, анасында ақыл жоқ.

 

«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген қазақ дөп баса салыпты. Семинар-тренинг деген сайын есіргендердің ендігі бір тегін-мастер класын көрдім. Атауы: «Жарды қалай таңдау керек?»

 

О заманда, бұ заман, жарды да біреудің ақыл-кеңесімен таңдап алу керек пе? Сол семинарда ұзаса психологиялық бір дүние айтар. Ал сенің өзің ше? Ішкі ой, ақыл, мінез деген қасиеттерің қайда? «Әйелді анасына қарап ал», «мынасына қарап ал» дейтіндердің әйелі қандай екен өзі? Сүйген екенсің, Құдай қосқан екен, сен оның «ана-мынасына» қарамақ түгілі, ең жаман қылығын да көтеріп кетесің, еркелетіп.

 

Әрине, қыздың тектілігі мен имандылығы маңызды. Бірақ сен мықты болып тұрсаң, ол қыз қайда кетеді?

 

«Идея сатылатын заман» деген – миыңа келген дүниенің бәрін сату деген сөз емес. Осы былықтың бәрі қайдан шықты? Айтайын.

 

- Атасы мен әжесіне немересін бермейтіндерден;

 

- Әйелінің сөзінен аса алмай, әке-шешесіне немересін анда-санда ғана көрсетіп тұратын ез еркектерден;

 

- «Жас күнімде қыдырып алайын» деген жеңіл ойлы анадан;

 

- «Уақыты келгенде үйренемін ғой» деп уақытын өткізіп алған қыздан;

 

- «Қазір әйел болатын қыз жоқ» дейтін жігіттерден;

 

- «Қазір еркектер ез болып кетті» дейтін қыздан;

 

- Қызы мен ұлына тәрбие берудің орнына жақтау мен мақтаудан ғана бас алмайтын ата-анадан шықты!

 

 Марғұлан АҚАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ