Насыбайдан еш зиян жоқ дегенге сенбеңіз

18.05.2018
Қаралды: 274

Насыбай – темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып жасалатын ащы, күшті иісті зат, құрамына сөндірілген әк, өсімдік майы және басқа ингредиент­тер қосылатын әлсіз есірткінің түрі. «Өндірушілердің» кейбірі оған дәмдеуіштерді, психотроптық заттарды қосады. Оның құрамында никотиннің көп мөлшері бар, сондықтан ол никотинге тәуелділікті туындатады.

 

Насыбайды көбінесе астыңғы ерінге, кейде тілдің астына салады. Астыңғы ерін ішіне тастағанда мол сілекей бөлінеді, ал құрамындағы сілті никотиннің ауыз қуысына сіңуіне жәрдемдеседі. Сондықтан насыбай атқандағы сілекейді жұтпау керек, өйткені ол гастриттің, кейін асқазанның ойық жарасының дамуына жетелейді, жұқпа көзі болуы мүмкін. Құрамындағы сілті никотинге ауыз қуысында өте жақсы сіңуге мүмкіндік береді, ал одан әрі никотин қан арқылы миға жетеді. Насыбайды шамамен 1-2 минут астыңғы ерінге салғаннан кейін никотин миға түседі және ми рецепторларына әсер етеді. Ми біртіндеп никотиннің ынталандыруына үйрене бастайды, кейін  никотинге тәуелділік дамиды. Жүрек айнуы, құсу, іш өтуі – насыбай ататындардың бәрінде жиі кездесетін жайсыздықтар.

 

Соңғы кездері темекі қымбаттап бара жатқандықтан насыбайға әуестенушілер санының күрт өсуі байқалуда. Сондықтан да оның зардапты жақтары жөнінде жұрт біле жүрсе екен дейміз.

 

Насыбай құрамындағы никотин қан тамырларын тарылтады, сосын ми, жүрек және басқа ағзалар оттегіне ашығады, тамыр жақтаулары жұқарып, инсульттің дамуы мүмкін. Насыбай ататындардың жүрегі тарылған қан тамыры арқылы жеткілікті оттегі ала алмайды, ал бұл жүрек бұлшық етінің тозуына және инфаркттің дамуына жетелейді.

 

Насыбай қатерлі ісік шақырады, пародонтоз, кариес, тағы басқа тіс ауруларын туындатады. Ол гастритке және асқазанның ойық жарасына жетелеуі мүмкін. Оны тұтынатын жасөспірімдерде есте сақтауға байланысты елеулі проблема, ұдайы жаңғалақтық болады, олар оқу материалдарын толық игере алмайды. Олардың кейін басқа есірт­кілерге көшуі мүмкін, психикасы бұзылады.     

 

Елімізде өткен жылдан бері қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынса, 2009-жылдан бастап темекі өнім­дерін сатуға және қолдануға қатысты заң жүзінде бірқатар шектеулер күшіне енгені белгілі. Соңғы жылдары арақ-шарап өнімдерінің сатылымына қатыс­ты да шектеулер қойылған. Алайда насыбай қолданушылар қатарының өсуіне, оның түрлі ауруларды тудыру ошағына айналып жатқанына қарамастан оған қатысты ешқандай тыйым жасалмауда.

 

Сондықтан насыбай сатушылар оны темекі тастауға ықпал ететін бұйым ретінде дәріптегенімен, кері­сінше, никотинге тәуелді болуға шақыратынын ұмытпаған жөн. Насыбайдан еш зиян жоқ дегенге сенбеңіз!

 

Б. САЙЛАУОВА,

Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық

денсаулық сақтау департаментінің хатшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ