Азықты абайламай асай салмаңыз

18.05.2018
Қаралды: 242

Жаз маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Енді көп ұзамай ауа райы ыси бастайды. Мұндайда өзіміз күнделікті қолданып жат­қан тамақ өнімдеріне аса көңіл бөлуіміз керек.  Әсіресе  сүт, қаймақ, жұмыртқа, майонезі бар салат тағамдары тез бұзылып кете­тіндіктен  олардың ағзаға қаупі жоғары еке­нін ұмытпағанымыз абзал.

 

Күн ыстықта микробтарды тасымалдаушы шыбын-шіркей көбейеді, басқа да қаупі бар факторлар жиілейді. Әсіресе жеке бас гигиенасын сақтауымыз керек. Кейде біз тамақ ішер және дайындар алдында қолымызды жууды ұмытып кетеміз. Есік тұтқасын, ақшаны, жалпы, қоғамдық көлік тұтқаларын ұстаған кезде қолымызға қаншама микробтар жұғатынын есте сақтауымыз керек.

 

Тамақтан уланудың тағы бір себебі – оны дұрыс температурада сақтамау, тағам қөршілестігін сақтамау. Мысалы, шикі және дайын өнімдерді қатар қою, тағамдарды дайындау технологиясын дұрыс қолданбау да тамақтың  ластануына соқтырады.

 

Уланып қалмас үшін тамақтың қандай жағдайда да­йындалғанына, сатушының арнайы киімі бар-жоқтығына назар аудару керек. Күн жылына сала жер-жерде самса, бәліш, вафельді тостағандағы сұйық балмұздақ, түрлі сусын сатушылардың қарасы көбейеді. Байқасаңыз, сатушы­лардың дені – жастар, көбінде медициналық-санитария­лық кітапша жоқ. Ал көпшілік сауда орындарында қарапайым қол жуғыш, тоңазытқыш деген болмайды. Сондықтан мұндай жерлерден шама келгенше аулақ жүрген жөн.   

                                                                                   

Тағамдық токсикоинфекция – сақтық шараларын ұмыт­қан ортада жиі кездесетін дерт. Ол зиянды микроағзалар мен токсиндердің уы жайылған тамақ жегеннен болады.

 

Ал тамақтан уланудың негізгі белгілері мынадай:

 

Адам аяқасты әлсіреп, асқазаны мен ішегі бүріп ауырады. Әдетте аурудың топтық сипаты, яғни қатарынан бірнеше адамның улануы жиі кездеседі. Улану кез келген адам ағзасында қалыпты деңгейде болатын протеи, клебсиел, энтеробактерия сияқты шартты-патогенді бактерияларды қоздырып жібереді. Адам әлсірегенде олар керісінше белсеніп, ішек ауруын туғызады.

 

Шартты-патогенді бактериялардан бөлек, көп жағдайда аурудың туындауына стафилококк сияқты патогенді, яғни ауру қоздырушы микроағза себеп болады. Мұндай инфекция азық-түлікте, ашық су көздерінде, ауру адамның немесе бактерия тасымалдаушы жануарлардың нәжісінде, тіпті қоршаған ортадағы кез келген нәрседе кездесуі мүмкін. Қоздырғаштар даярлау, тасымалдау, сақтау кезінде бүлінген тағам арқылы тарауы ықтимал.

 

Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да сатушы оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Сондықтан азық-түлік өнімдерін сатып алған кезде мынадай жағдайларға назар аударыңыздар:

 

- бүлінген қаптамадағы азық-түлік, соғылған көкөніс, жемістер, жарылған жұмыртқа жұқпа көзі бола алады;

 

- азық-түліктің қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзіміне қараңыз;

 

- азық-түліктің сапасына (дәміне, иісіне және сыртқы қалпына) назар аударыңыз.

 

Тамақтан улануды болдырмаудың бірнеше қарапайым ғана жолдары бар. Олар мынадай: тамаққа дейін қолды жақсылап жуу, азық-түліктерді қажетті жағдайда сақтау, көкөністер мен жемістерді қолданар алдында міндетті түрде мұқият жуу.

 

Жалпы, егер азық-түліктің сапасына күмәніңіз болса, оны қолданудан бас тартқаныңыз абзал.

 

Б. ӨТЕМІСОВА,

Шымкент қаласындағы Еңбекші

ауданы қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ