Барды бағаласаңыз, бақыт дәл жаныңыздан табылады

17.05.2018
Қаралды: 289

Бақытты болғысы келмейтін жан жоқ. Бәріміз де төрт құбыламыздың түгел болғанын, балқып-шалқып өмір сүргенді қалайтынымыз анық. Ендеше, осылай күн кешуге не кедергі? Психологтар бұған байланысты былай дейді:

 

1. Біз көбіне жақын адамдар, көрші-қолаң, достар, әріптестер менің іс-әрекетіме қалай қарайды деп уайымдаймыз, олардың тарапынан сынға ұшырасақ, көңіл-күйіміз бұзылады. Ал негізінен адамдар қанша болса, сонша пікір бар. Көрші әйелдің сіздің шаш қою үлгіңізге қалай қарайтынына бас ауыртпаңыз, ең бастысы, ол сіздің өзіңізге ұнаса болды емес пе? Өзгелердің пікірін тыңдауға да болады, бірақ түбінде өзіңіз нені дұрыс көресіз, соны жасағаныңыз жөн.

 

2. Қалыптасқан жағдайға сырттай қарап үйреніңіз. Мысалы, біреумен арада түсініспеушілік болса, оған үшінші адамның көзімен қарап көріңіз. Бұл сіздің ол адаммен қатынасты түбегейлі доғаруыңызға немесе онымен татуласуыңызға жол ашады. Яғни сырттан қарау арқылы сіз мәселеге толық көз жеткізе аласыз.

 

3. Өткен іске өкіне бермеңіз. Бір нәрседен опық жесеңіз, оның себебін ғана анықтаңыз, бұл сізді алдағы адасулардан сақтайды. Өткенге өкінумен босқа өмір өткізбеңіз, дәл қазіргі, нақты іспен айналысыңыз.

 

4. Тек жақсы нәрселерді ойлаңыз, әрбір ізгі іс үшін әрбір күніңізге риза болыңыз. Сонда өміріңізге тек жақсы нәрселер ғана үйірсектейді.

 

5. Өз өміріңіздегі бақытты сәттерді көбірек еске түсіріп отырыңыз. Әсіресе тың іске кірісерде өміріңізде бол­ған қуаныштарды еске түсіріңіз, бұл сізге қуат қосып, алға ұмтылдырады.

 

6. Бүгінгі күнмен өмір сүріңіз. Өткенге, әсіресе өкінішті сәттерге орала бермеңіз. Мысалы, ұнатқан жаныңыз тастап кеткен болса, оны ойлап өкіне бермеу керек. Мүмкін сізге жақсы адам кезігетін шығар, осыған сеніп, үміт артқан жақсы.

 

7. Жасым ұлғайды деп өзіңізді ерте қартайтпаңыз, өзіңізге, жақындарыңызға қажетті іспен айналысыңыз, жаңалықтар туындатыңыз. Кітап оқыңыз, тіл үйреніңіз, сапарға шығыңыз, қысқасы, 50 жаста да өзіңіз үшін қандай да бір жаңалық ашуға болады.

 

8. Өзіңізді өзгемен салыстырып, одан кем, бақытсыз, жолы болмайтын адам секілді көруден сақтаңыз. Мүмкін ол сіздің өміріңізге қызығатын шығар? Төрт құбыласы түгел сияқты көрінгенімен оның басқа проблемасы бар шығар? Дұрысы, өзіңізде бар нәрсені бағалай біліңіз, соған қуанып үйреніңіз.

 

9. Бақытты жандармен жиі араласыңыз. Өйткені көңіл-күй де «жұқпалы», сондықтан өмірде өкініші көп, үнемі «жыланып» жүретін адамдардан мейлінше аулақ жүрген жақсы. Өмірде жолы болғыш, көңіл-күйі орнындағы адамдармен араласу арқылы сіз өз өміріңізді де осындай ете аласыз.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ