Біз неге асыра сілтеуден алдымызға жан салмаймыз?

16.05.2018
Қаралды: 135

Бұл қазақ өткен ғасырдың 30-шы жылдары да асыра сілтеудің, онда да өзгеден де асып, өз ішінен шыққан өз шолақ белсенділерінің асыра сілтеу әрекеттерінен зобалаңға ұшырап, қынадай қырылғаны да, өз бетке ұстарларын оққа жыққаны да шындық.

 

Ол кейбіреулердің өттері жарылып, қағанақтары тарс айрылып кетсе де  ақиқат, шындық. Енді, міне, сол асыра сілтеу қазаққа тағы да тиіп жатыр.

 

Оның бір айғақ-дәлелі – жаназада ас беру, тіпті жекжаттар­ға да жыртыс жырту секілді жай­лардың тоқтатылуы.

 

«Ортақ пәтуа шығарылды. Үш күн бойы қазан  аспа, тамақ та бе­рілмесін», – деп имамдар  «амбразураға кеудесін тосқан Матросовтың ерлігін» қайталап жатыр.

 

Күні кеше бір бақуат жігіттің бейсенбілігінде: «Өзге көршілер үйінен ас даярлап, өткізбек», – дегенді де естідік. Тіпті: «Біздің аудан бойынша осы жәйтті толық тоқтатуға қол жеткізілді», – деп лепіріп, желпініп, соны мақтаныш көріп отырған ел ағаларын да көрді көзіміз. Бұл шолақ белсенділік, асыра сілтеу болмағанда не?!

 

Енді тіпті: «Бейсенбілік шай бермеңдер, жеті күндігі, қырық күндігі деген де қазақтың өзі жолшыбай ойлап тапқаны, шариғатта жоқ кәделер», – деп жатқандар да шығуда. Әрі ол жай адамдардың аузымен таратылса да түбі сол діни қызмет өкілдері аузынан шығып жатыр. Ертеңгі күні бұларды да сол өз қазағымыз-ақ: «Артық нәрселер, тоқтаталық, мүфтият пәтуа шығарды, жоғары жақ талап етті», – деп жатса, солай тоқтатылып жатса да таңқалмаймын. 

 

Өткенде де жазғанмын, қыс­қасы, енді қазақтың «батаоқыр» кәдесін де тоқтатыңдар. Ол да шариғатта жоқ қой. Құда күту, тойдың да түрлерін, өзге де кәделерін де тоқтатыңдар. Олар да Исламда жоқ қой.

 

Біз білетін қазақта мұның бәрі  қазақтың Исламға шейін де, исламмен бірге де ұстанып келе жатқан өз жолы, өз кәделері-тұғын. Енді неге келіп-келіп ХХІ ғасырда ешкімге бойұсынбаған қазақ әлгі пәтуаға әп-сәтте мөлиіп, құнжыңдап, алдыға түсіп, өз-өзінен өз жолынан оп-оңай, үн-түнсіз, бастысы – қуана-қуана қостай-қостай бас тарта салды? Неге бұл қазақ қашанда өз-өзін жоюға келгенде оңай жолды таңдай салуға бейім, бейіл, құмар? Әруақ сыйлау, жол сыйлау қайда қалғаны?

 

Шариғатта «Азалы үйде үш күн қазан асылмасын» деген бар, жоқ емес. Бірақ ол «тамақ, ас мүлде берілмесін» деген сөз емес қой. Қазақтың жекжаты ат арытып, шалғайдан да келіп жатады. Әрі құр қол да келмейді, осы үйге түскен ауыртпалықтың бір шетін көтерісіп, барын арқаланып келеді, шаршап-шалдығып жетеді.

 

«Аста-төк, ысырапшылық жасамалық», – десе құп еді. Ал енді мүлде қазан көтерілмесін дегені қисынға келмейді. Біз білетін, өзге аймақты қайдам, Оңтүстік жақтағы шариғатты қазақтан әлдеқайда ежелден де, берік те ұстанып келе жатқан өзбектерде мұндайда көңіл айтып келушілер әрқайсысы түрлі тағам жасап, алып келеді, әрі соны дастарханға жайып, тамақ беретін. Әйелдері бастарына дағараларын  көтеріп келіп-кетіп жатады. Әлі де сол.

 

Енді бізде тіпті мәйітті түнетуді тоқтатып жатқандар да шығуда. Оны да имамдардың талабы бойынша жасап жүр. Сонда біз кім болдық? Кімге айналдық? Ертең кім боламыз?

 

Осылай әр заманда да өзіміз асыра сілтеулерге, шолақ белсен­ділікке бейім бола отырып, құлшына кірісіп жүріп, өзгеге қалай кінә артып, айыптамақпыз?

 

Айтпағым, қазақ тағы да таза жеңіліс тауып, омақаса жығылып жатыр, жан-жақты ту-талапайға түсіп жатыр. Енді ертеңгі қазақтың кім болып, кім аталарын бір Құдай білсін!

 

Бұдан гөрі күні кешегі, осы күнгі діндарлар «дінсіздер жайлаған» атап, қарғап-сілеп жүрген Кеңес үкіметі тұсында қазақтың бар жөн-жоралғысына ешкім қарсылық жасамаған, тыйым да салмаған, өз жолымен келіп еді-ау...

 

Марат БОРЫҚБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ