Аспанда жойғыш ұшақты жүйткітетін Ардана

15.05.2018
Қаралды: 264

Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованы бүгінде кім білмейді? Ұлы Отан соғысы кезінде аспанға 300-ден астам рет көтеріліп, Кеңес Одағының Батыры атағына лайық ерлік көрсеткен, талай орыс қызынан бір де кем соғыспаған осы батыр қызымызға бұл атақ бұйырмай, Қазақстанның  Халық қаһарманы атағын Мемлекет басшысының қолынан алғанын да жақсы білеміз. Енді осы қаһарман апамыздың орнын басатын қыздың аты белгілі болды. (Құдай Хиуаз апамыз бастан кешкен сұрапыл соғыстан сақтасын!)

 

Біліп жүріңіз, ағайын, бұл қыздың есімі – Ардана Ботай. Бүгінге дейін аспанда 400 мәртеден астам ұшып үлгерген. Жасы бар-жоғы 23-те. Қайнап тұрған шағы. Анау-мынау ер-азаматтың жүрегі дауалай қоймайтын жойғыш ұшақтың рулін ұстап, аспанды айналып шыққан ару қыз осы. Ендігі арманы – ғарышкер болу.

 

«Нағыз ұшқыш болу үшін бұл қыздың бойында барлық қасиет бар. Ең бастысы, мінезді, табанды. Алған бетінен қайтпайтын жүректі қыз. Осы қасиеттерінен айнымаса, космосқа да ұшып барып келетініне сенеміз», – дейді ол қызмет ететін №53898 әскери бөлімшенің командирі Тимур Еспағамбетов.

 

Несі бар, ол күн де туар. Біз алдағы уақытта ғарышты бағындыр­ған Ардана қызды өз туған жерімізде қарсы алып жатсақ, кәнеки!

 

Жолың болсын, ұшқыш қыз!

 

Дәурен ДҮЙСЕБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ